Basty bet
Түлектердің туған жерге тағылымды тартуы
Адам баласы үшін туған жердің орны қашанда ерекше. Кіндік қаны тамған ауылына жанашырлық танытып, ел игілігі үшін еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Осындай игі дәстүрді жалғаған Шақпақата ауылының азаматтары тағы бір өнегелі ісімен көпшіліктің алғысына бөленді.
Ауылдағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің 2006 жылғы түлектері биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай туған ауылына тағылымды тарту жасап, елге деген құрметі мен жанашырлығын нақты іспен дәлелдеді. Ауылдың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуды мақсат еткен 1988 жылы туған азаматтар ең алдымен ауыл орталық мешітінің кіреберісіне бастырма орнатып берді.
Бұл игі бастама – тек құрылыс жұмысы ғана емес, ауыл тұрғындарына деген қамқорлықтың, халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Әсіресе, мешітке келетін қариялар мен жамағат үшін бұл үлкен жайлылық сыйлады.
Ең бастысы, бұл игі іске 1988 жылы туған азаматтар түгелдей атсалысып, ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсетті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген азаматтардың татулығы көпке өнеге болғаны анық. Осындай сауапты істің жүзеге асуына ұйытқы болып, ұйымдастыру жұмыстарын үйлестірген Данияр Құрмановтың еңбегінің ерекше екенін атап өткен жөн болар. Түлектердің басын қосып, ортақ іске жұмылдыра білген ол сауапты істе үлкен жауапкершілік танытты.
Сонымен қатар, түлектердің алтын ұя мектебіне деген құрметі де ерекше көрініс тапты. Яғни, олар 11 жыл тәлім-тәрбие алып, үлкен өмірге қанат қақтырған мектебіне тарту жасап, мектеп музейіне аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықовтың 115 жыл толуына орай арнайы стенд орнатты.
Бұл – өскелең ұрпаққа тарихи тұлғаның өмір жолы мен еңбегін насихаттауға бағытталған маңызды дүние болып саналады. Өйткені, жас буын музейдегі тың мәліметтер арқылы елге еңбек сіңірген азаматтардың өнегелі өмірінен тағылым алып, туған жерге деген сүйіспеншілікті бойына сіңіреді. Тарихты ұлықтау – ұлтқа қызмет етудің бір көрінісі десек, түлектердің бұл бастамасы рухани құндылықтарды дәріптеуге қосылған сүбелі үлес болды.
Туған ауылына қолдау білдіріп, ел игілігі үшін еңбек ету – нағыз азаматтықтың айқын белгісі екені анық. Азаматтардың осындай игі істері арқылы туған жерге және өскен ортасына деген құрметінің биік екенін аңғаруға болады. Ауылына осындай жанашыр азаматтар барда елдің бірлігі нығайып, берекесі арта түсетіні сөзсіз.
Туған жерге ту тігіп, елдің алғысын алу – әр азаматтың абыройлы міндеті. Сондықтан да ауылда осындай бірлік пен ынтымаққа негізделген игі бастамалар көбейе берсін!
Ақжан Ілиясұлы,
Шақпақата ауылы