Basty bet

Аудан тұрғындарына пайдалы құқықтық кеңестер берілді

Заң мен тәртіпті қатаң сақтау, сол арқылы қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қауіпсіз мемлекет құру мәселесі алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі екені анық. Әділетті әрі құқықтық мемлекет құру үшін мұның барлығын сақтау негізгі міндеттердің бірі екені белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз.
Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өткенін жақсы білеміз.
Ал «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деген Президенттің парасатты пайымы мемлекет пен халық қауіпсіздігінің және қоғамда заң үстемдігін орнатудың негізгі өлшемі десек те болады.
Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында Жамбыл облыстық прокуратурасымен бекітілген «Қоғаммен байланыс» жобасының аясында өткен аптада азаматтарды қоғамдық қабылдауға арналған құқықтық жиын өтті. Аталған жиынның негізгі ұйымдастырушылары – аудандық прокуратура және аудан әкімдігі.
Заң мен тәртіпті сақтау, сол арқылы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, өңір тұрғындарына құқықтық және заңгерлік кеңес беруге бағытталған «Қоғаммен байланыс» жобасының аясындағы жиын ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында өтті. Онда аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков сөз алып, жиналған азаматтарды Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында Жамбыл облысының прокурорымен бекітілген «Қоғаммен байланыс» жобасының аясында ұйымдастырылған жиынның негізгі мақсат-міндеттерімен таныстырды.
Қоғамдық қабылдау жиынының барысында аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков, аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринатхан Заппаров азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініш-тілектерге заңдылық аясында жауап берумен бірге, оларға құқықтық кеңестер ұсынды. Айта кету керек, жиын барысында аудандық прокуратураның өкілдері, аудандық әкімдік бөлімдерінің басшылары, басқа да мекеменің басшылары, мемлекеттік сот орындаушы, адвокат, мемлекеттік кірістер басқармасы, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ-ның аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі, «Еңбек мобильдігі орталығы» КММ-ның аудандық Мансаптық орталық филиалы, сонымен қатар, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдері, т.б. мекеменің басшылары мен жауапты мамандарына түрлі сұрақ-өтінішпен қайырылған аудан азаматтары сұрағына жауап және құқықтық тұрғыдан пайдалы кеңестер алды.
«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету және Жамбыл облыстық прокуратурасымен бекітілген «Қоғаммен байланыс» жобасының аясында ұйымдастырылған жиын екі тарап үшін де пайдалы әрі мағыналы болғанын атап өткен жөн.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close