Basty bet
«Мерген ару – 2026»: ұлттық рух пен ептілік ұштасқан тағылымды сайыс
Көкбастау ауылдық округінің Бақалы ауылындағы спорт алаңшасында қыздар арасында дәстүрлі «Мерген Ару-2026» аудандық сайысы ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды спорттық іс-шараға ауданның әр ауылдық округінен келген 18-35 жас аралығындағы 20-дан астам ару қатысып, өзара бақ сынады.
Аталған сайыстың басты мақсаты – жастар арасында ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, қазақ халқының мергендік өнерін насихаттау, ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттырып, сондай-ақ, қыздардың ептілігі мен дәлдігін шыңдау болып табылады. Сонымен қатар, бүгінгі қазақ қызының тек ибалы әрі инабатты ғана емес, рухы мықты, шымыр, батыл әрі өнерлі екенін көрсету де жарыстың негізгі идеясына айналды.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген аудандық Жастар ресурстық орталығы мекемесі директорының орынбасары Нұртілеу Төрен қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық ойындар мен дәстүрлі спорт түрлерінің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Сонымен бірге, қазақ тарихында қыз баланың да ел қорғауда, садақ атуда ерекше рөл атқарғанын атап өтіп, бүгінгі сайыс сол рухани сабақтастықтың жалғасы екені де айтылды.
Сайыс бір кезеңмен өткізіліп, қатысушылар 15 метр қашықтықтан дәстүрлі садақ атып, нысананы дәл көздеуден сынға түсті. Бұл кезеңде арулардың мергендігімен қатар сабырлылығы, шапшаңдығы мен жинақылығы байқалып, олар өз шеберлігін көрсетті. Жинаған ұпайлар есептеліп, сайыстың нәтижесінде үздіктер анықталды.
Тартысты әрі қызықты өткен жарыстың қорытындысында – І орынды Ақсай ауылдық округінің намысын қорғаған Ұлдана Орақбаева иеленді. Ал, ІІ орынның жүлдесі Ақтөбе ауылдық округінен қатысқан Тұрғынбай Назеркеге, ІІІ орын Қарасаз ауылдық округінен келген Әсем Халмұхамбетоваға бұйырды. Жеңімпаз және жүлдегерлер арнайы Диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдіріліп, белсенділік танытқан аруларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
«Мерген Ару-2026» сайысы аудан жастары арасында ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, қыз балалардың бойындағы батылдық, төзімділік, мергендік секілді қасиеттерді дамытуға үлкен серпін бергені анық. Дәл осындай тағылымды шаралар арқылы жастар ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді тереңірек танып, ұлттық рухты бойына сіңіреді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген бұл игі бастама алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын тауып, жас буынды Отансүйгіштікке, ептілікке және ұлттық өнерді құрметтеуге тәрбиелей беретіні сөзсіз…
Бота БИЖІГІТОВА,
Көкбастау ауылдық округінің
жастармен жұмыс жөніндегі маманы