Basty bet

Қаһарман рухына тағзым – Қасиетті парыз!

Б.Момышұлына арналған монументтік өнер құрылысының үздік эскиздік жобалары іріктелді

Ел тарихында өшпестей із қалдырған батыр тұлғаларды ұлықтау – ұрпақ алдындағы қасиетті парыз. Халқының қаһарман ұлына айналған Бауыржан Момышұлының ерлігі мен өнегелі өмір жолы – елдік пен рухтың символы.
Батыр есімін дәріптеп, оның тарихи тұлғасын жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында бүгінде бірқатар тағылымды бастамалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – даңқты қолбасшыға арналған монументтік өнер құрылысының үздік жобаларына жарияланған республикалық конкурс.
Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлына арналған монументтік өнер құрылысының үздік жобаларына республикалық конкурс жарияланғаны белгілі.
Конкурстың басты мақсаты – Батыр Бауыржан Момышұлының ерлігі мен елге сіңірген өлшеусіз еңбегін дәріптеу, оның асқақ есімін мәңгі есте сақтау әрі ұлттық құндылықтарды насихаттау. Сонымен қатар, ұлт қаһарманының тұлғасын тарихи және көркемдік тұрғыдан терең ашып көрсететін, Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының сәулеттік келбетімен үйлесім табатын монумент жобасын анықтау көзделген.
Өткен аптада Тараз қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойында бой көтеретін даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлына арналған монументтік өнер құрылысының эскиздік жобаларын саралау мақсатында құрылған халықаралық комиссияның отырысы өтті.
Комиссияның отырысына облыстың зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары, мәдениет және өнер майталмандары, монументтік өнер саласының сарапшылары, елге белгілі әдебиет пен өнер қайраткерлері, бауыржантанушылар, республика аумағына танымал ақын-жазушылар, батыр Б.Момышұлының туыстары, тәуелсіз журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конкурсқа барлығы 37 эскиздік жоба ұсынылды. Комиссия мүшелерінің шешімімен үздік деп танылған үш жоба мемлекеттік комиссияның қарауына жолданды.
Шара барысында Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына арналған монументтік өнер құрылысының барлық эскиздік жобасын аудандағы Батырдың мемориалдық музейіне орналастыру жөнінде ұсыныс білдірді.
Тағылымы терең бұл игі бастама – Батыр рухына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі. Ұлт мақтанышына арналған еңселі ескерткіш келешек ұрпаққа елдік пен ерліктің символына айналатыны сөзсіз!

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close