Basty bet
Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ұтымды жоба
Қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға бағытталған «Елтану» ағартушылық жобасы аясында ауданда бірқатар мазмұнды кездесулер ұйымдастырылды. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіруді, этносаралық татулықты сақтауды, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді және қоғамда «Адал азамат» қағидатын орнықтыруды мақсат еткен шаралар аудан тұрғындарының кең қолдауына ие болды.
Бүгінгі таңда ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Елтану» жобасы халықтың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға, ел дамуының негізгі бағыттарын түсіндіруге және түрлі әлеуметтік топтар арасында өзара түсіністік қалыптастыруға бағытталған.
Жоба шеңберіндегі алғашқы кездесу «Жуалы су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өтті. Басқосуда мекеме қызметкерлерімен қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, еңбек ұжымындағы бірлік пен жауапкершілік, сондай-ақ заң талаптарын сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Қатысушылар мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан реформалардың мәні мен маңызына тоқталып, ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықтың әрбір азаматтың ортақ міндеті екені жөнінде пікір алмасты.
«Елтану» жобасы аясындағы келесі маңызды кездесу аудандық «Достық» мәдениет үйінің кіші залында ұйымдастырылды. Жиынға облыстық және аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, ақсақалдар мен билер кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жастар және аудан тұрғындары қатысты. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова төрағалық етті.
Жиын барысында облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева және облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханұлы сөз сөйлеп, ел бірлігін сақтау, этносаралық татулықты нығайту және қоғамдық келісімді дамыту бағытындағы жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Спикерлер елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын түсіндіріп, бейбітшілік пен тұрақтылық – ел дамуының басты тірегі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, кездесуде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтының рөлі, жастардың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушыларға «Адал азамат» тұжырымдамасының мазмұны түсіндіріліп, оның қоғамда әділдік, еңбекқорлық, тәртіп пен заңға құрмет секілді құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі ерекше екені айтылды.
Жиын барысында аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің өкілдері құқықтық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, интернет алаяқтықтың алдын алу, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және заң талаптарын түсіндіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Маңызды басқосуда ауданда «Елтану» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Аудан бойынша төрт негізгі бағытты қамтитын арнайы жоспар бекітіліп, жалпы 29 іс-шараны қамтитын кешенді жұмыс қолға алынған. Білім беру ұйымдарында, мәдениет және спорт мекемелерінде, жастар орталықтарында, сондай-ақ, дін саласында түрлі форматтағы кездесулер, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер мен тағылымды іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді.
***
Жоба аясындағы келесі кездесу Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылдық мәдениет үйінде өтті. Мұнда ауыл тұрғындары, жастар, зиялы қауым өкілдері және түрлі сала мамандары бас қосып, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, этносаралық достықты нығайту, ауыл жастарының тәрбиесі және азаматтық жауапкершілік мәселелерін кеңінен талқылады. Кездесу барысында қатысушылар ел ішіндегі татулық пен бірліктің маңыздылығына тоқталып, қоғамдағы өзара сыйластықтың орны ерекше екенін атап өтті.
Ал, Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебінде өткен кезекті жиында ұлттық тәрбие, рухани даму, жастардың қоғамдағы рөлі және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды. Тұрғындар өз ойларын ортаға салып, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын білдірді. Мамандар тарапынан барлық сауалға жан-жақты жауап беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде ауданда 52 мыңнан астам халық тұрады. Оның ішінде 4 600-ден астамы түрлі этностың өкілдері. Бірлігі жарасқан өңірде қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл – ауданның әлеуметтік тұрақтылығы мен дамуындағы маңызды факторлардың бірі.
Осындай мазмұнды кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты берік нығайтып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен татулықты одан әрі бекемдеуге, азаматтардың белсенділігін арттыруға оң ықпал етері сөзсіз.
Елдік мұрат пен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған «Елтану» жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, аудан тұрғындарын ортақ мақсат пен ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға және жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қызмет ете бермек…