Basty bet

Жамбыл облысында «өз мәртебеңді біл – жақындарыңды қорға!» акциясы өтті

6 маусым күні Тараз қаласындағы Жеңіс саябағында Жамбыл облыстық ЖИТС-тың алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының ұйымдастыруымен «Өз мәртебеңді біл – жақындарыңды қорға!» тақырыбында кең ауқымды ақпараттық-профилактикалық акциясы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар мен жастар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру, АИТВ-инфекциясының алдын алу, ерте диагностиканың маңыздылығын түсіндіру және әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру.
Акцияға Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері, медицина қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Шараның ашылуында сөз сөйлеген Сержан Назарбек өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталып, АИТВ-инфекциясының алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың, әсіресе, жастардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы – қоғам саулығының басты кепілі.
Акция барысында тұрғындарға АИТВ-инфекциясының берілу жолдары мен оның алдын алу шаралары жөнінде жан-жақты мәлімет берілді. Сонымен қатар, эпидемиолог, инфекционист, дерматовенеролог және психолог мамандар келушілерге кеңес беріп, сауалдарына жауап қайтарды. Нәтижесінде, 100-ден астам тұрғын білікті мамандардың көмегіне жүгінді.
Барлық ниет білдірушілер үшін АИТВ-ға тегін әрі құпия түрде жедел тестілеу ұйымдастырылды. Акция қорытындысында 321 адам тест тапсырып, өз мәртебесін анықтады. Алғашқы 100 қатысушыға ұйымдастырушылар тарапынан балмұздақ таратылды.
Іс-шара аясында жастар арасында ұлттық және спорттық ойындар ұйымдастырылып, танымдық викториналар өткізілді. Қатысушылар АИТВ тақырыбындағы сұрақтарға белсенді жауап беріп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Жамбыл облысы Қазақстан студенттерінің Альянсы төрағасының орынбасары Мұхан Аружан мұндай акциялардың жастар үшін маңызы зор екенін жеткізді.
– Аталған іс-шараның демалыс күні, яғни, кешкі уақытта ұйымдастырылуы өте орынды болды. Бұл уақытта жастардың басым бөлігі саябақтар мен демалыс орындарында серуендейді. Сондықтан олар үшін бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, денсаулығына қатысты маңызды ақпарат алып, АИТВ-ға тест тапсырып, өз мәртебесін білуге мүмкіндік туды. Осындай шаралар жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттырады деп есептеймін, – деді ол.
Акцияның мәдени бағдарламасы да көпшіліктің көңілінен шықты. Жанды дауыста орындалған әндер қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосфера қалыптастырды. Жастар ұйымдастырылған барлық шараларға белсенді қатысып, денсаулығын сақтау жөнінде пайдалы ақпараттарға қанықты.

Ақмарал Омарбекова

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close