Basty bet
Ұстаз абыройы – ел абыройы
«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп Алаштың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев жазып қалдырғандай, адамзат баласына білім мен тәрбиенің нәрін сіңіріп, жас ұрпақтың лайықты азамат, білгір маман болып қалыптасуында маңызды рөл атқаратын ұстаздардың еңбегіне қандай жоғары дәрежеде сый-құрмет көрсетсек те жарасады. Осыған дейін ел ішінде ұстаздардың мәртебесі, олардың қоғамдағы орны туралы көптеген жағымды да жағымсыз әңгімелер айтылып келгені белгілі. Қалай десек те, «өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын» мұғалімнің қоғамдағы қадір-қасиетіне қол сұғылмауы керек. Осы орайда мұғалімдердің мемлекет тарапынан ұстаздардың мәртебесін көтеру туралы арнайы Заңның қабылдануын біршама уақыт күтуіне тура келді. Қоғамда қызу талқыға түскен осы мәселеге өткен жылдың соңында біржолата нүкте қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Жаңа заңда педагогтің жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделген. Онда мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге заң жүзінде тыйым салынатыны айтылған. Бұл Заңның қабылдануын ұстаздар көп күтті. Оны қабылдаудың маңыздылығы сол, аталған құжат педагогтердің мәртебесін көтеріп қана қоймай, жалпы мемлекет пен қоғам тарапынан ұстаздар қауымына деген зор құрметті арттыра түседі. Осы ретте мұндай құжаттың қабылдануына қуанбаған мұғалім жоқ шығар. Бұл жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне атсалысып келе жатқан күллі ұстаздар қауымының, қала берді қоғамның қуанышы.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңда: «Осы Заң педагог мәртебесін айқындайды, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейді» делінген. Онда педагог мәртебесінен бастап, педагогтік әдеп, педагогтік кәсіптік қызметін қамтамасыз ету, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, материалдық қамтамасыз ету құқығы, көтермеленуге құқығы, қайта даярлау, т.б. құқықтары мен міндеттері, сонымен қатар, ұстаздардың әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуі кеңінен көрініс тауып отыр.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң 21 баптан тұрады және ұстаздың жұмысына қатысты маңызды құжат екені белгілі. Бұл құжат білім саласында еңбек етіп жатқан мамандарды көптеген жақсылықтан үміттендіріп отыр. Өйткені, заңның аты – заң. Бұл ұстаздар қауымына әрі қорған, әрі ынталандыру. Жалпы заң төрт бағытты қамтиды. Біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне қатысты емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері, сондай-ақ төртіншіден, материалдық ынталандыру болып табылады. Кейінгі кезде білім саласына, мұғалімдерге қоғамның көзқарасы өзгере бастады. Әрине, жақсы жағынан. Былайғы өмірде де ұстаздар қауымына көрсетіліп жатқан құрметті ескермеу мүмкін емес. Бұл – жақсылықтың нышаны, қалыптасқан дәстүрді сыйлау мен қастерлеудің жолы. Бедел – адамшылықтың өлшемі. Ол – мәні терең, тұғыры биік құндылық. Сондықтан адам да, қоғам да тірнектеп бедел жинайды. Беделсіз адамды да, маманды да ешкім сыйламайды. Оның қоғамда, жұмыс орнында, қала берді өз отбасында да қадірі болмайды.
Рас, ел Президенті қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заң қоғамның барлық санатын бей-жай қалдырмағаны сөзсіз. Аталған құжат өз кезегінде ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан үнемі ізденісте жүрген, шеберлігін шыңдап отыратын, мәдениеті, адамгершілігі, бітім-болмысы жоғары азамат – шәкірттің ғана емес, қоғамның ұстазы. Отанымызда ұстаз абыройы артқан сайын білім мен ғылымның, тәрбие мен мәдениеттің абыройы артатыны сөзсіз.
Ұстаздар қауымының оқушылардың тәлім-тәрбиесіне, білім сапасына аса мән беруіне жағдай жасалуда деп толық сеніммен айта аламыз. Сонымен қатар заң жобасы ұстаздың лайықты бағасын беруді көздеп отыр. Мұғалімнің құзыреттілігін, мәртебесін арттыру – бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Сондықтан да ұстаздың мәртебесі қашанда жоғары болу керек.
Роза МҰРАТАЕВА,
№2 Мыңбұлақ орта мектебі директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары.
Педагог-зерттеуші, мектеп тренері