Basty bet
Батыр Бауыржанның өшпес ерлігі
1941 жылдың 22 маусымы еліміздің тарихындағы ең қайғылы күн. Дәл осы күні Ұлы Отан соғысы басталды. Бұл шайқас екінші дүниежүзілік соғыстың ең маңызды әрі шешуші кезеңі болды. 1941 жылдың 22 маусымында таңсәріде фашистік Германия соғыс жарияламай, Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. 1941 жылы посткеңестік кеңістік тарихындағы ең үрейлі және қанқұйлы шайқастардың бірі – Ұлы Отан соғысы басталды. Біздің республика фашизммен соғыстағы Жеңіске орасан зор үлесін қосып, әрбір бесінші тұрғын майдан даласына аттанды. Диктор Левитанның сұрапыл дауысы радиодан фашистік Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан жасаған шабуылы туралы хабарлады.
Қазақстанның барлық қалаларында бұл хабарды үреймен қабылдады. Жамбыл облысында жас жігіттерді Отан қорғауға шақыру басталды. Бұл шарадан Жуалы ауданы да шет қалмады. Жуалы ауданы ол кезде Шымкент облысының Сайрам ауданына қарайтын. Әскери комиссариат тұрғындарды Отан қорғау сапына тұруға үндеді. Аудандық шақыру пункті сол тұстағы Шоссейный көшесіндегі темір жолдың бойындағы астық қабылдау мекемесінің жанында орналасқан еді. Шақыру пунктінің жанында жинақ кассасы орналасқан (банк сол тұста солай аталды).
Шілде айында шақыру басталып, негізінен мектепті енді бітірген жуалылық жас жігіттер шақырылды. Шақыру қағазы бойынша 100-ге таяу адам шақырылды. Әскерге шақырылушылар қолында автоматтары бар 4 сарбаздан құралған әскерилердің күзетуімен шақыру пунктінің ауласында болды. Шақырылушылар үшін карантин жарияланды. Аула биік дуалмен қоршалды.
Ауланың сыртында шақырылушылардың ата-аналары көздеріне жас алып, әскери эшелонды күтіп тұрды. Бір тәуліктен кейін әскери эшелонның «Бурный» станциясына екі сағаттан кейін келетіні туралы команда түсті. Эшелон келерден бір сағат бұрын төрт адамнан сапқа тұру туралы команда келді. Шақырылушылардың туыстары әскери комиссиариаттың төңірегінде жиналды. Мекеменің қақпасы ашылып, әскери комиссар ауланың алдына шығып, шығарып салып тұрған ата-аналар мен туыстарға автоматшылардың күшейтілген күзетімен сапқа 10 метр жақындамау керектігін ескертті. Содан кейін шақырылушыларды вокзалға алып кетті.
Эшелонның келуіне қарай Бурный халқының жартысы жиналып, көздеріне ыстық жас үйіріліп, туыстары мен достарын майданға шығарып салып тұрды. Дәл әскери уақыт бойынша эшелон келіп жетті. 40 адамға екі жағынан екі қабатты сөрелермен, барлығы сексен адамға шақтап жабдықталған тауар вагондары. Шақырылушыларға «вагонға мініңдер!» деген команда берілді. Мініп болғаннан кейін эшелонның жөнелтілетіні туралы хабарланды.
Паровоз дабыл қағып, эшелон орнынан ауыр қозғалды. Алдыңғы вагондарға Қазақстанның басқа қалаларынан шақырылушылар мінген, ән айтып келе жатты. Шығарып салып тұрғандар вокзалдан кетпей, көздеріне жас алып ұзақ тұрды. Бірінші эшелон жуалылық шақырылушылармен Мәскеу облысының Волоколамск қаласына аттанды. Эшелон жолшыбай республиканың барлық қалаларынан шақырылушылармен толықты. Жас жігіттер әскери комиссариатқа келіп, Отан қорғауға сұранып, майданға аттанып жатты.
Аты аңызға айналған даңқты 316-шы атқыштар дивизиясы генерал И.В.Панфиловтың қолбасшылығымен 1941 жылғы шілде-тамыз айларында Алматы қаласында шақырылушылар мен Қазақстанның ерікті тұрғындары қатарынан жасақталды. Дивизияның негізгі құрамын Алматы қаласының тұрғындары құрады. 1941 жылғы қазан айының басында дивизия әскери эшелонға отырғызылып, Мәскеуге Мәскеу округі қолбасшысының қарамағына жіберілді.
Генерал И.В. Панфилов Волоколомск әскери учаскесінің бастығы болды. «Волоколамск» операциясы кезінде 316-шы атқыштар дивизиясы батыл да, шебер әрекет етіп, бір айдың ішінде фашистердің үш жаяу әскер дивизиясы мен танк дивизиясының шабуылдарын тойтарып отырды. Дивизияның бүкіл жеке құрамы фашистермен шайқастарда көрсеткен табандылығы, жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін 316 атқыштар дивизиясына «Гвардиялық дивизия» атағын беру және оны «Қызыл Ту» орденімен наградтауға өтініш жолданды.
Аға лейтенант Бауыржан Момышұлының аңызға айналған ерлігі Мәскеу түбіндегі ұрыста шебер және батыл қолбасшылық етуінде болды. Әрбір жуалылық сарбаз жаумен шайқаста батылдық пен қайсарлық көрсете білді. Көптеген майдангер жерлестеріміз 1941-1945 жылдар фашизммен күресте Кеңес Одағының Батырлары, басқа да түрлі мемлекеттік наградалардың иегерлері атанды. Ұлы Отан соғысына шайқасуға шақырылған үш мыңға жуық жуалылықтың тең жартысы майдан даласында ерлікпен қаза тапты.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін жуалылық жерлестеріміз абырой мен даңқтың биігіне көтерілді. 1941 жылғы қараша айында Бауыржан Момышұлы басшылық ететін батальон негізгі күштен жырақта Матренино деревнясының түбінде үш күн жаудың шабуылын тежеп отырды. Содан кейін батальонды сауатты түрде алып шығып, аз шығындармен Крюково деревнясы үшін шайқасқа кірістірді. Бауыржан Момышұлы жеті күн үздіксіз шабуылға көтеріліп, жеті күн майдан қысылса да, бірақ сынбады. Ұрыстардың бірінде 5 желтоқсанда Бауыржан Момышұлы ауыр жарақат алды. Оны майдан шебінен алып шығуға тырысқанымен, ол одан бас тартты – әр шешімнің, әр бұйрықтың жүздеген өмірді құтқарып қалатынын білді. Ол қайта жарақат алғанына қарамастан 7 желтоқсанға дейін қалып, басшылық етуді жалғастыра берді. Бауыржан Момышұлы – аты аңызға айналған қазақ әскери сардары, жазушы және стратег. Ол Ұлы Отан соғысының көрнекті батырларының бірі ретінде даңққа бөленді, тактика шебері және рухани көшбасшы, оның есімі әскери батылдық пен патриоттықтың символына айналғаны даусыз.
Бауыржан Момышұлының жауынгерлік ерліктері көптеген елдерде белгілі. Бауыржан Момышұлы басшылық ететін батальонның батыл жауынгерлік жолы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» көркем-тарихи кітабында сипатталды. Бұл кітап Куба Республикасының ұлы күрескерлері – Фидель Кастро мен Эрнест Че Гевараға үлкен әсер қалдырды. Кейіннен Бауыржан Момышұлы қорғаныс министрі Рауль Кастроның жеке шақыруымен Кубаға барды. Сапар барысында Бауыржан Момышұлына «Куба Революциялық Қарулы Күштерінің 51 полкінің құрметті сардары» атағы берілді. Сапар кезінде ол Кубаның әскери оқу орындарында әскери тактика тақырыбына дәрістер оқыды. ХХ ғасырдың аса көрнекті қазақтарының бірі полковник, ойшыл, Панфилов дивизиясының даңқы өшпес офицері Бауыржан Момышұлын еске түсіргенде, оның аңызға бергісіз ерлікке толы есімін әскери академияларда зерделейді. Оның мінезі – офицерлік шыншылдық пен ар-намыстың эталоны.
2025 жылы Қазақстан посткеңестік кеңістіктің басқа елдерімен бірге Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өткені белгілі. Осы орайда, Жеңісті жақындатқан ерлерімізді еске түсіру өте маңызды. Бейбіт кезеңде, 1981 жылы Бауыржан Момышұлын Жамбыл облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Ғайникен Бибатырова мен обкомның екі қызметкері ертіп жүріп, Бурное ауылына, партияның аудандық комитетіне алып келді.
Ғимараттың алдында бірінші хатшы Д.Н. Жигалкин қарсы алып, аупарткомның ғимаратына кірді. Аупартком нұсқаушылары дереу аупартком хатшылары мен барлық басшыларға хабарласып, сағат күндізгі үште «Достық» мәдениет үйінде Бауыржан Момышұлымен кездесуге шақырды. Залдағы кездесу кезінде алғаш болып облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Ғ.Бибатырова сөз алды.
Одан кейін сөз аупарткомның бірінші хатшысы Д.Н.Жигалкинге берілді. Ол Бауыржан Момышұлының майдан даласындағы жауынгерлік ерліктері туралы айтып берді. Содан кейін сөз Ұлы Отан соғысына қатысушы, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлына берілгенде, бүкіл зал Батырға қол шапалақтады. Кәрілік жеңіп, орнынан әрең көтерілген Бауыржан Момышұлы мінберге баяу басып барып, қысқаша бірнеше сөз сөйледі.
– Қымбатты жерлестерім! Менімен кездесуге келгендерің үшін алғыс айтамын. Баршаңызға денсаулық, шаттық және ауданымыздың өркендеуін тілеймін! – деп қысқаша тіл қатты да, орнына қайта жайғасты. Бұл кезде Батырдың өңі сұр тартып, ауырып жүргені анық байқалды. Бүкіл зал орнынан тұрып, жерлесіміз, Батыр Бауыржан Момышұлына ұзақ қол шапалақтады.
Ұзаққа созылған ауыр науқастан осы кездесуден кейін бір жыл өткенде, 1982 жылдың 10 маусымында аты аңызға айналған қолбасшы, Ұлы Отан соғысының Батыры және Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының жүрегі соғуын мәңгі тоқтатты…
Біз, жуалылықтар, қайсар еріміз, даңқты қолбасшы, қазақ халқының қаһарман перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын әрдайым және мәңгі есте сақтаймыз!
Шәкіржан МАМАДЖАНОВ,
еңбек ардагері.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы және
Құрметті ардагері.
Жамбыл облысының Құрметті ардагері