Basty bet
Көксай: өңір туризмінің жаңа тынысы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өңірлерге инвестиция тарту мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындады. Осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында Жуалы ауданында да бірқатар ірі инвестициялық жобалар қолға алынып, оның ішінде туризм саласына ерекше көңіл бөлінуде.
Жуалы ауданы соңғы жылдары инвестиция тарту бағытында қарқынды даму жолына түсті. Экономиканың негізгі салаларына бағытталған мемлекеттік және жеке инвестициялар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етуде. Әсіресе, табиғаты таңғажайып Көксай шатқалында жүзеге асырылып жатқан туристік жобалар өңірдің болашағына деген сенімді күшейтіп отыр.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Талғат Әміралиевтің айтуынша, 2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша өңірге – 6 млрд 473,3 млн теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 148,4 пайызды құраған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсімді көрсетіп отыр. Яғни, жартыжылдыққа жоспарланған – 6 млрд 842,1 млн теңгенің 94,6 пайызы орындалған.
Жыл қорытындысында аудан экономикасына – 23,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл жоспардың орындалуына «KEGOK» АҚ-ның, «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның, ЖЭС мекемесінің инфрақұрылымдық жобалары мен жеке инвесторлардың бастамалары негіз болмақ.
Жыл соңына дейін «KEGOK» АҚ тарапынан 7,5 млрд теңге, «ҚазАвтоЖол» АҚ арқылы 3 млрд теңге, ауылдық округтердегі электр желілерін жаңартуға 2 млрд теңге, жеке инвестициялық жобаларға 6,2 млрд теңге және бюджет қаражаты есебінен 4,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.
Өңірде инвестиция тек құрылыс немесе инфрақұрылыммен шектелмейді. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Нұрлыкент ауылдық округінде «Гамбург» ЖШС 1 200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын салуды жоспарлап отыр. Құны 1,5 млрд теңге болатын бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, сүт өндірісінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Ал, өнеркәсіп саласында жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын екі жоба қолға алынған. Оның бірі – «Япоша» ЖШС-ның сүт өңдеу цехы болса, екіншісі – «БМК» ЖШС-ның мақсары майын өңдеу зауыты. Бұл кәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға жол ашпақ.
Сонымен қатар, Жуалы ауданының табиғи әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында туризм саласына да ауқымды инвестициялар тартылуда. Яғни, ауданда жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын төрт туристік жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында «Көксай Resort» демалыс аймағының құрылысы, «Hi-Tech Qazaqstan» ЖШС-ның электромобильдерді қуаттау станциясы, жол бойындағы сервистік кешен және «Берікқара» демалыс орталығындағы жаңа нысандар бар.
Осы жобалардың ішіндегі ең ауқымдысы әрі көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырғаны – Көксай туристік демалыс кешені.
Көксайдың бүгінгі дамуын сөз еткенде, бұл өңірдің жуалылықтар үшін бұрыннан ерекше орын алатынын айтпай кету мүмкін емес. Яғни, бала күнімізде ата-анамыз жыл сайын Көксай шатқалына демалуға алып баратын. Бұл біздің отбасының дәстүріне айналған еді. Ол кезде Көксайға Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылынан басталатын тастақты жолмен жеңіл көлікпен асулардан асып жететінбіз. Бүгінгі тегіс жолмен салыстырғанда, сол сапардың өзі үлкен оқиға болатын.
Жол бойындағы Қырғызстанмен шекаралас алып жартастар мен табиғаттың өзі қашап жасағандай пирамида тәрізді тау бедерлері ерекше әсер қалдыратын. Әкем сол маңдағы «Манас шоқысы», “Арабек”, “Көксай” туралы әңгімелерін айтып, туған өлкенің тарихымен таныстыратын.
Ал, шатқалдың ішіне енгенде таза тау ауасы, сылдырап аққан бұлақтар мен самаладай жайқалған жасыл желек ерекше күй сыйлайтын. Міне, біздің бойымызда табиғат-Анаға деген сүйіспеншіліктің бастауы да дәл осы Көксайда қалыптасты десек, артық емес.
Сол кездегі табиғи қалпын сақтаған Көксай бүгінде жаңа даму кезеңіне қадам басты. Жолы жаңарып, инфрақұрылымы жақсарып, келушілер саны жыл сайын еселеп артты. Бүгінде бұл жер жылдың төрт мезгілінде де туристерді қабылдайтын демалыс орнына айналуда.
«Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне» қарасты Көксай айналымының жалпы аумағы – 982 гектарды құрайды. 2019 жылы осы аумақтың 40 гектары «Алатау» шаруа қожалығына туристік-рекреациялық мақсатта 49 жыл мерзімге пайдалануға берілген. Бұл өңір – табиғаттың баға жетпес байлығы сақталған ерекше мекен. Мұнда арша, шырша, туя, қайың секілді бағалы ағаштар өседі. Арқар, үнді жайрасы, сібір елігі, тауешкі, ұлар, кекілік, қырғауыл және басқа да сирек кездесетін жануарлар мен құстар мекендейді.
Осындай табиғи байлық Көксай шатқалын туризмді дамытуға қолайлы өңірге айналдырып қана қоймай, инвесторлардың да қызығушылығын арттырды. Көксайдағы туристік жобаның бастамашысы – кәсіпкер Нұрмаханбет Исақов. Инвестор – «Алатау» шаруа қожалығы.
Бұл жобада қысқы және жазғы туризмді қатар дамыту көзделген. Кешенде әуесқойларға арналған шаңғы трассалары, коньки алаңы, веломаршруттар, атпен серуендеу бағыттары, арқан жолы, қонақүйлер, ағаш коттедждер, этноауыл, бассейндер мен спорт кешендері салынуда. Қазірдің өзінде мұнда киіз үйлер, ағаштан салынған моншалар мен демалыс орындары келушілерге қызмет көрсетуде.
Жобалық қуатына сәйкес кешен жылына 30 мың туристі қабылдауға қауқарлы. Бір мезгілде 500 адамға дейін қызмет көрсете алады. Қысқы маусымда демалыс аймағына бір күнде – 1000–1500 адамға дейін келетін кездер болады. Бұл көрсеткіш Көксайдың өңірдегі ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналып келе жатқанын аңғартады.
Бүгінде инвестиция – тек қаржы көзі ғана емес, жаңа жұмыс орындары, заманауи инфрақұрылым және өңірдің тұрақты дамуының негізі. Жуалы ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар соның айқын дәлелі.
Табиғаты көркем Көксай шатқалы бүгінде төрт мезгілде турист қабылдайтын заманауи демалыс орталығына айналып келеді. Бұл жоба ауданның туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына серпін беруде. Сондықтан Көксайдың жаңа тынысы – Жуалының туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, өңір экономикасының дамуына серпін беретін маңызды бастама.