Basty bet
Қоғамдық қабылдауда әлеуметтік мәселелер қаралды
Жуалы ауданының әкімі, «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының төрағасы Нарбай Ергебеков партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Қоғамдық қабылдауға алдымен Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Нұржамал Пошанова кірді. Ол 2007 жылы жер кезегіне тұрған екен. Ал өзімен бірге тұратын қызы Сәуле Тоқсейітова қазақ тілі және әдебиеті мамандығын бітірген, жұмыссыз жалғызбасты ана. Аудан әкімі Н.Ергебеков Нұржамал Пошанованың өтінішін тыңдай келе, оның жер кезегіне №205-ші болып тіркелгенін айтып, жер телімі белгіленген тәртіппен кезек арқылы берілетінін жеткізді.
Ал қабылдауға екінші кезекте Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Динара Егізекова кіріп, жұмыс сұрады. Оның сұрағына аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов жауап берді. Ол жұмыс сұраушы азаматшаның 2020 жылға атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірмегенін, «Е-халық» ақпараттық базалар жүйесі бойынша аталған азаматшаға бүгінгі күнге үш жасқа дейінгі баласының болуына байланысты «бала күтімі» мәртебесі берілгенін атап өтті. Сонымен қатар, белгілі бір мамандығы болса, аталған азаматшаны жұмыс іздеуші ретінде тіркеп, орталыққа ұсынылған бос жұмыс орындарына жолдауға мүмкіндік бар екені туралы хабарлады.
Абдул Қалдарұлы аудан әкімінің қабылдауына қатысып, өзінің жұмыссыз, тұрмыс жағдайы төмен, қазіргі тұрып жатқан үйінің қауіпті жағдайда екенін айтып қаражат сұрады. Оның сұрағына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов жауап беріп, аталған азаматқа қоғамдық жұмысқа кіру туралы ұсыныс жасалғанын, бірақ оның жұмыстан бас тартқанын, қолданыстағы заңнамаға сәйкес үй соғуға қаражат көзделмегенін мәлімдеді. Айта кету керек, 2019 жылы мамыр айында А.Қалдарұлының тұрмыс жағдайының төмендігі ескеріліп, 50 мың теңге көлемінде біржолғы көмек төленген екен.
Одан соң аудан әкімінің қабылдауына Б.Момышұлы, Қарасаз, Ертай ауылдарының тұрғындары Альмира Қалдарбекова, Сандуғаш Қайнарова, Виктор Врублевский, Нұрсәуле Дүйсекеева кіріп, әртүрлі мәселелер бойынша көмек сұрады. Бірі үйінің алдында кәріздің лас суы ағып тұрғатындықтан көшеде қазылған арықты жабуды сұраса, келесісі отбасылық жағдайларына байланысты жұмыс сұрай келіпті. Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген барлық сұрақтарға аталған ауылдық округтердің әкімдері зерделей отырып жауап берді. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков округ әкімдеріне тұрғындардың сұрақтары мен өтініштеріне уақтысында сергек қарап, тиісті заң аясында шешуге күш салу жөнінде тапсырма жүктеді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»