Basty bet

«Әділет» партиясы Жамбыл облысында цифрлық инфрақұрылымды дамытуға басымдық береді

«Әділет» партиясының партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттары Тараз қаласында «Қазақтелеком» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуде Жамбыл облысының цифрлық инфрақұрылымын дамыту, ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту және тұрғындардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды,

Кандидаттар ұжымға партияның Жамбыл облысы бойынша 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» өңірлік сайлауалды бағдарламасындағы «Цифрлық мемлекет» бағытын таныстырды. Бағдарламада 2031 жылға дейін ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу, облыстың 164 елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу және аудандық деңгейде 10 жаңа IT-хаб ашу міндеттері белгіленген. Сондай-ақ шалғайдағы 83 ауылды ескірген 2G/3G стандартынан 4G желісіне көшіру көзделген.

Кездесу барысында кандидаттар цифрлық инфрақұрылымның дамуы ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер алшақтығын қысқартуға, тұрғындардың мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді онлайн алуына, ал жастардың заманауи білім мен технологияларға қол жеткізуіне ықпал ететінін атап өтті.

Кандидат Құланбаева Гүлбаршын Қайратқызы интернеттің бүгінгі қоғамдағы маңызына тоқталды:

«Жоғары жылдамдықты интернет – тек байланыс құралы емес. Ол білім алуға, мемлекеттік қызметтерді пайдалануға, кәсіп жүргізуге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан ауыл мен қала тұрғындарының цифрлық қызметтерге қолжетімділігі тең болуы керек. Өңірлік сайлауалды бағдарламамызда осы мақсатқа жетудің нақты міндеттері айқындалған».

Ал кандидат Данияр Асқарұлы цифрлық инфрақұрылымды дамытуда жүйелі жұмыстың маңызын атап өтті:

«Цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Интернет сапасы жақсарған сайын тұрғындардың білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және мемлекеттік қызметтерді уақытылы алуына мүмкіндік кеңейеді. Біздің міндетіміз – бұл мүмкіндіктерді облыстың әрбір ауылына жеткізуге ықпал етеміз».

 

Кездесу соңында партия кандидаттары өңірлік сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттерді іске асыру үшін тұрғындармен және сала мамандарымен тұрақты диалог жүргізудің маңызын жеткізді. Олар цифрлық инфрақұрылымды дамыту Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне серпін беретін бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Таңдаулы материалдар

Close