Basty bet

Тұрғындардың тілегі назарға алынды

Осы аптада ауыл әкімдерінің тұрғындар алдындағы есептік кездесулері жалғасын тауып, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Бауыржан Тойшыбеков округке қарасты Жұрымбай, Көктас, Ақбастау ауылдарының тұрғындары алдында есеп берді. Жиын жұмысына аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы қатысты.

Аптаның басы боранды болып басталғандықтан, дүйсенбідегі бұрқасын сейсенбі күні де толастаған жоқ. Соған қарамастан Жұрымбай ауылына «борандатып» жеттік. Ауылдық медициналық пункттегі жиын барысында ауылдық округ әкімі есептік баяндама жасады.
– Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқан еліміздің «Үдемелі-индустриалды-инновациялық» бағдарламасы аясында еліміз шикізат ресурстарына қарап қалмайтын экономика құруға бейімделуде. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар ауылдық округтің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде. Ұсынылған бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде округ тұрғындарының әл-ауқаты артып, тұрмысы түзеліп келеді,- деді Бауыржан Мырзайымұлы.
Осылай деген ауылдық округ әкімі әрі қарай округтің ауыл шаруашылығы саласының, шаруа қожалықтарының, ауыл шаруашылығы техникаларының жаңарту бағытында оңды істерді атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы «Алинұр», «Құнар», «Ханшайым» шаруа қожалықтары «Беларусь» маркалы тракторларын сатып алған.
Шаруа қожалықтар жұмысы мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында түрлі бағдарламалар аясындағы іс-шаралар ұйымдастыру негізінде ірілендіру, селекция, субсидия алу мәселелері тұрғындар арасында кеңінен насихатталған. Нәтижесінде, округте «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Дидар» шаруа қожалығы сүт бағытында пайыздық мөлшерлемесі субсидияланатын 4 миллион 900 мың теңге несие алды. Сегіз жас азамат 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттарға ие болып, заанен ешкісі, түйетауық, қаз асырауға, мал, құс шаруашылығын дамыту және халыққа қызмет көрсету бағытында кәсіп ашып, жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, округте ет және сүт бағытында екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, өнімді жұмыс жасап жатыр. Округте салық жинау, мәдениет, спорт, жастар саясаты, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, көктемгі және күзгі көріктендіру, әскери есеп салаларында атқарылған жұмыстар бар. Айта кету керек, есептік жиын барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының талаптары кеңінен түсіндірілді.
Одан бөлек, 2020 жылы Қарасаз ауылында Бейбітшілік көшесіне арық жүргізу, ауылдық округ әкімі аппараты орналасқан ғимараттың сыртын ағымды жөндеу, Қарасу ауылындағы Ақжол көшесін жарықтандыру жұмыстары атқарылмақ.
Жұрымбайда өткен жиын барысында тұрғындар көше жарықтандыру, үйлерге қауіп төндіріп тұрған ағаштарды кесу сияқты мәселелерді көтеріп, оған ауылдық округ әкімі Б.Тойшыбеков жауап берді.
Қарасаз ауылдық округінің әкімі Б.Тойшыбековтың тұрғындар алдындағы есептік жиыны келесі кезекте Көктас ауылында жалғасты. Ауылдық медициналық пункттегі жиында округ әкімі есептік баяндама жасап, атқарылған тірліктерді айтып берді. Жиында тұрғындар негізінен, ауылға ағын су жеткізу мәселесін көтеріп, «Көктас» каналын жөндеуге көмек сұрады. Тұрғындар тарапынан қойылған басқа да сұрақтарды назарға алған ауыл әкімі Б.Тойшыбеков округтің бас жоспарына сай Көктас ауылында кәсіпкерлік нысанын салу мақсатында арнайы жер бөлінетінін, сол орынға азық-түлік дүкенін салуды ұсынды.
Ақбастау ауылының тұрғындары да округ әкімінің баяндамасын көңіл қоя отырып тыңдады. Баяндамада Ақбастауда атқарылатын жұмыстар атап өтілді. Атап айтқанда, алдағы жылдары ауылда Береке көшесі жөнделеді деп күтілуде. Ауыл әкімінің айтуынша, Ақбастау және Жұрымбай ауылдарына ауыз су тарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, облыстық бюджетке сұраныс берілген екен. Сонымен қатар, бас жоспар бойынша Ақбастауға қосымша екі жаңа көше түсетін болады.
Жиында сөз алған ауыл ақсақалы Аманқұл Тұрмаханбетов округ әкімінің есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Ауыл тұрғындары Бөкенбай Ниязбеков ескірген электр бағаналарын ауыстыру, көшелерді жарықтандыру, қаңғыбас иттерді жою, ал №16 Жуалы колледжінің қызметкері Кенжекүл Бекбаева ауыл мен үлкен жолдың арасына жаяу жүргіншілер жолын салу мәселелерін көтерді. Сұрақтардың барлығы назарға алынып, кейбіріне сол жерде жауап берілді.

Таңдаулы материалдар

Close