Basty bet
Қазақтың тілі – қазақтың жаны
Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі болып саналады. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады.
Әрине көбіміз Ата заңның 7-бабының 2-тармағына тіреліп отыратынымыз жасырын емес. Мемлекеттік тілге қамқор болуға кез келген азаматтың құқығы бар.
Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек.
Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты.
Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сіз де осыны естен шығармаңыз, қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға, бірақ басқа тілдерді кемсітпеуге және зиян келтірмеуге шаралар қолдануыңыз керек. Бұл басқа тілдерде сөйлейтін адамдар мен азаматтарға да қатысты айтылған. Тілге қатысты кемсітушілікке жол жоқ. Бұл сұраққа Конституция нақты жауап береді.
Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады.
Жуалы аудандық сотында судьялар істі екі тілде бірдей қарап, сот ісін жүргізу тілінің қағидаттары мен заңдылығын қатаң сақтайды. Судьялыққа іріктеуде үміткердің мемлекеттік тілдегі сауатына басымдық беріледі.
Мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламаларына байланысты сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы ұдайы назарда. Тіл саясаты тиісті бағамдар бойынша қадағаланады. Сот билігі – биліктің бір тармағы ретінде мемлекеттік тілді дамытуға мүдделі. Дегенмен, процестік заңнама талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі талап қою берілген тілде іске асырылады. Тіл мәселесі кезең-кезеңімен жүйелі шешіліп келеді. Тілге қатысты айқын да нақты істер керек. Қазақстанда тілді дамыту үшін барлық жағдайлар жасалынып жатыр. Қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында да лайықты биігіне көтерілуде.
Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз.
Отбасы өзіміз де, тәрбие тілден басталады дейді. Тіл меңгеруде ата-ана мен білім ұяларының рөлі ерекше екенін, әр отбасы бесіктен бастап балаға қазақ тілін үйретуді қолға алу басты мақсат.
Тілдерді дамыту – елдердің мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып жатыр деп отыра бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, жұрттың оған деген сенімін нығайтуға күш салғанымыз дұрыс. Тілді насихаттауда,үйретуде жеке адамдардың, отбасының атқарар қызметі мол болуы тиіс. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, тама-тама тамшыдан дария болар дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер деп санаймын.
Бабырхан Абуев, Жуалы аудандық сотының төрағасы