Basty bet
Бауырлас елдердің арасындағы әскери ынтымақтастық
91678 әскери бөлімінде «Дала сұңқары-2024» Халықаралық оқу-жаттығуы басталды
Ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасының арасындағы келісу жоспарына сәйкес және халықаралық әскери ынтымақтастықты арттыру мақсатында «Дала сұңқары-2024» оқу-жаттығуын өткізу жоспарланып, кеше Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 91678 әскери бөлімінде «Дала сұңқары-2024» Халықаралық оқу-жаттығуының салтанатты ашылуы болды. Айта кету керек, аталған әскери бөлім Жуалы ауданының аумағында орналасқан.
Халықаралық оқу-жаттығудың ашылуына байланысты Қазақ-Қырғыз әскерлері әскери бөлімнің алаңына сапқа тұрғызылып, іс-шара салтанатты жағдайда ұйымдастырылды. Әскери іс-шара басталмас бұрын 2017 жылдың 17 ақпанында «Көксай» шатқалында Отан алдындағы қасиетті борышын адал және абыроймен атқарып, елдің тыныштығын қорғау жолында табиғаттың салдарынан қар көшкінінің астында қалып, қаза болған 91678 әскери бөлімінің арнайы мақсаттағы таулы-егерлік ротасы жауынгерлерінің рухына арнап қойылған ескерткішке гүл дестелері қойылды. Құрбан болған әскери қызметшілерді еске алуға бір минут үнсіздік жарияланды.
Ең алдымен Қазақстан және Қырғыз Республикаларының Мемлекеттік Тулары көкке көтерілді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің әскери оркестрі бауырлас екі елдің Мемлекеттік Гимнінің әуенін ойнады.
Алғашқы құттықтау сөз «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, полковник Нұрлан Карибаевқа берілді.
-Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасының арасындағы келісу жоспарына сәйкес және халықаралық әскери ынтымақтастықты арттыру мақсатында «Дала сұңқары-2024» оқу-жаттығуын өткізу жоспарланғаны белгілі. Бұл оқу-жаттығудың өтуі негізінен Ұлттық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының (ҰҚШҰ) құрылуымен тікелей байланысты. Бірлескен жаттығу 91678 әскери бөлімінің «Теріс-Ащыбұлақ» оқу-жаттығу полигонында және Қаратау тауының шатқалдарында өтеді деп жоспарланған. Әскери шараның негізгі мақсаты – бауырлас екі елдің арасындағы халықаралық әскери ынтымақтастықты нығайту, әскери тапсырмаларды сапалы орындау және екі ел әскерлері арасында өзара тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету болып табылады.
Халықаралық оқу-жаттығуға қатысушы екі елдің әскери қызметшілеріне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының атынан игі тілек білдіре отырып, қатысушыларға батылдық, жедел шешім қабылдаушылық және іс-шара барысында жауынгерлер жоғары кәсіби деңгей көрсетеді деп сенемін. Оқу жаттығуға қатысушылар шара барысында әскери тәртіпті және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, алға қойылған мақсаттарға бірге жететініне сенімдімін,- деді Нұрлан Карибаев.
Келесі кезекте сөз алған Қырғыз Республикасының мемлекеттік әскери қызметшілерінің жетекшісі, отряд командирі Нұртай Талайбекуулу шекаралас жатқан бауырлас екі елдің арасындағы достық және әскери қарым-қатынас пен ынтымақтастықтың арыдан басталатынын айтып, қатысушыларға сәттілік пен оқу-жаттығуға қатысушыларға жоғары жетістік пен табыс тілейтінін жеткізді.
Айта кету керек, оқу-жаттығудың ашылуында аудандағы Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Пердебай Оспанов құттықтау сөз сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілек білдірді. Іс-шараның соңында әскерилер салтанатты шерумен жүріп өтті. Олардың қатарында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 91678 әскери бөлімінің әскерилері, оның ішінде, басқарма тобы, арнайы мақсаттағы барлау тобы және таулы-егерлік ротасының жауынгерлері, сонымен қатар, Қырғыз Республикасының әскери қызметшілері бар. Ашылу салтанатында аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері патриоттық рухтағы әндерден шашу шашты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»