Basty bet

Қыз – өмірдің қызғалдағы

Жақында А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте «Қызға қырық үйден тыйым» атты пікірталас өтті. Шараны мектеп кітапханашылары Айжан Жаналиева және Лилия Тұрсыметова ұйымдастырып, мұғалімдер мен оқушы қыздар қатыстырылды. Шара барысында мектеп акт залына қыз туралы мақал-мәтелдер, нақыл сөздер ілініп, көрме жасақталған.
Пікірталасты ұйымдастырушылар қыз баланың бойына әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді сіңіруді, әдепті болуды, инабаттылыққа, мейірімділікке, шыншылдыққа баулуды мақсат тұтып отыр.
Шараны кітапхана меңгерушісі Айжан Жаналиева ашып, жүргізіп отырды.
-Қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қыз бала – болашақ ана, ал ана – негізгі тәрбиеші. Сондықтан да қыз тәрбиесі отбасынан басталады. Қыз баланы адалдыққа, инабаттылыққа тәрбиелейді. «Қыз өссе, елдің көркі, гүл өссе, жердің көркі» деген мақалға сүйене отырып, қыздың қызғалдақтай өсіп, көктеп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауына қамқорлық жасайды. Қазақ халқы қызға қырық үйден тыйым жасағанмен, болашақтың, ұлттың жауапкершілігін көтерер деген қыздарымызға қамқорлықтың аясын тарылтпаған. Бірақ қызды еркелеткенімен, еркінсітпеген. Тәрбиесі бесігінен басталған. «Қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз баласының тәрбиесі қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, – деп «Қыз – өмірдің қызғалдағы» атты өлең жолдарын оқып, сөз кезегін оқушыларға берді.
Алғашқы болып 5 «а» сынып оқушысы Әсем Кәрім «Қыз баланың сұлулығы» өлеңін оқыса, одан кейін 7 «а» сынып оқушысы Ақерке Алланазар «Қыз сезімі» атты өлеңін мәнерлеп оқыды.
Кезек пікірталасқа беріліп, ол «Қызым үйде, қылығы түзде» деген мақалды қалай түсінесіздер? Қыз тәрбиесінде ата-ананың рөлі қандай? Қыз туралы қандай мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер білесіздер? ХХІ ғасыр қыздары мен бұрынғы бұрымды қыздардың айырмашылығы қандай? деген сұрақтар арасында өрбірді.
Қыздар берілген сұрақ бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың бірі «қыздың қылығының қалыптасуы ортаға байланысты» десе, бірі «отбасындағы берілген тәрбиеге байланысты» дейді. Сонымен қатар, пікірталаста Ақерке Алланазар, Аружан Әзімбай, Жазира Қожахмет, Аяулым Бейсеналы, Сұлужан Отарбаев тағы басқа қыздар сөз алып, пікірлерін білдірді. Ашық пікірталаста оқушылар қыздың тәрбиесінде ата-анасының рөлі зор екенін, әсіресе, анасының тәлім-тәрбиесі қызға жақсы жағынан ықпал жасайтынын алға тартты.
Олар қыздың қылығы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуде де байқалатынын, көбінесе қыздың қалыптасуына қоршаған ортасы әсер ететінін айтты. Яғни, ата-анасы қаншалықты жақсы тәрбие берсе де, ортасы оған әсер етпей қоймайтынын айтады. Мұндай кездерде өзін-өзін басқара алуы, ұстауы, бейімделуі қызға, яғни адамға байланысты екенін айтты. Сондай-ақ, отбасындағы әкенің берген тәрбиесін ешқандай мектеп бере алмайтынын айта келе, анасы қызының қылығына кішкентай кезінен бастап көңіл бөлуі керектігін және сол анадан алған тәрбиесін қыз өскен кезінде көрсететінін жеткізді. Жалпы, пікірталаста қыздардың өзіндік пікірі бар екен. Оны олардың берілген әр сұраққа тұшымды жауап бергенінен аңғардық.
Пікірталаста оқушылар қыздар туралы мақал-мәтелдерін жарыса айтса, кітапханшылар көрмеде қойылған қызға байланысты тыйым сөздер мен ырымдарды оқып берді.
Шара барысында оқушылар қазіргі қоғам қыздары мен бұрынғы заманғы бұрымды қыздардың ерекшеліктерін, тарихта өзіндік биік тұлғасымен есте қалған аналарды атап өтті. Сонымен қатар, пікір білдірушілер қазіргі қоғамның қыздарына еліктегіш, ашуланшақ, өзімшіл деген баға берді. Ал, байырғы бұрымды қыздарын «ұят болады» деп өсірген. Ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп, салт-дәстүрді ұстанып, тыйым сөздердің мағынасына терең үңіле білген дейді.
Шын мәнінде қазіргі заманғы қыздардың бойындағы мұндай мінездің бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Алайда көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ кейбір телеарналардан көрсетілетін бағдарламадағы қыздардың іс-әрекеттері, мінез-құлықтары қазақ қызына тән емес екені баршамызға белгілі.
Тәрбиелік мәні зор шарада мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мадина Теміржанова және құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Қондыбаева сөз алып, пікірталасты қорытындылады. Олар жастарға үлкеннен үлгі алуды, жақсы қасиеттерді бойларына сіңіруді, жақсы тұлға болып қалыптасуды айтып, кітап оқуға шақырды.
Қыздың тәрбиесі – ұлттың тәрбиесі. Мұндай шаралар мектеп қабырғасында көптеп өтілуі керек. Себебі, жаңару мен жаһандану заманында ұлттың болашағы жарқын болсын десек, ұрпағымыздың тәрбиесін бесіктен бастауымыз қажет.

Таңдаулы материалдар

Close