Basty bet
Жаңашылдыққа бет бұру – заман талабы
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұма күні облыс әкімі бекіткен жұмыс алгоритміне сәйкес аудандағы кәсіпкерлік сала өкілдерімен аудан әкімдігінің мәжіліс залында кездесу өткізді. Аудан басшысы кәсіпкерлермен кездесуді жыл басынан бері төртінші рет өткізіп отыр. Ондағы мақсат – кәсіпкерлердің жұмыс барысындағы проблемаларымен танысып, талқылап, шешілуіне атсалысу, салаға қатысты жаңалықтармен таныстырып, жоспарларымен бөлісу.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Боранбаев ауданда салада үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
-Бүгінгі таңда аудан көлемінде (облыстық стат. басқармасының 01.10.2020ж. ақпаратына сәйкес), жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4544-ке жетіп, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 106,9 пайызды құрап отыр. (Жұмыс істеп тұрған 2020 жылдың 9 айында 292 ЖК субъектілер ашылған).
Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айының қорытындысымен 4910-і құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,6% құрап отыр.
Осы кәсіпкерлік субъектілерімен 9 айдың қорытындысы бойынша бюджетке 523 млн 576 мың теңге салық түсірілді.
Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілердің ішінде 2 орта, 188 шағын кәсіпорындар (заңды тұлғалар), 2259 жеке кәсіпкерлер және 2461 шаруа қожалықтар жұмыс жасауда.
Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7 899,1 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда НКИ 102,0 пайызды құрады.
Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айындағы өнеркәсіп көрсеткіші 8 791,6 млн теңге орындалады деп күтілуде. Пайыздық көрсеткіш – 102,0.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларына 5 914,9 млн теңге инвестиция салынып, былтырғы жылғы есепті мерзімімен салыстырғанда 142,7 пайызды құрап отыр.
Жамбыл облысында 2019-2025 ж.ж. аралығында 2 581,1 млрд теңгеге іске асырылуы жоспарланып отырған 70 инвестициялық жобаның ішінде Жуалы ауданына қатысты 5 инвестициялық жобалармен жұмыстар жүргізілуде,- дей келіп баяндамашы бес жобаға жеке-жеке тоқталды. Олар: «Қаралма» тау-шаңғы базасы, «Гамбург» ЖШС-нің 1200 бас мүйізді ірі қара малына арналған сүт тауарлы фермасы, Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» туристік комплексінің құрылысы, Билікөл ауылдық округіндегі күн сәулесінен электр энергиясын өндіру жобасының құрылысы, «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы аталған жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды толықтырып өтті.
Сонымен бірге аудан әкімі үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жобаларға да ерекше тоқталды.
Келесі кезекте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Айтбаев 2020 жылы қол жеткізген жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
-Елімізде өтіп жатқан індет кәсіпкерлер үшін де оңай болған жоқ. Бірақ соған қарамастан бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік.
«Қарапайым заттар экономикасы» жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылған «Тараз – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» төрағасы Олжас Қаржауов облыс әкімінің тапсырмасымен картоп шаруашылығын дамыту үшін техникаларды, тұқымды және қоймаларды жаңарту, жаңа технологияларды енгізу мақсатында жоспарлы жұмыстар атқаруда. Өздеріңіз білесіздер, біздің ауданда да картоп өсірумен айналысатын шаруаларға жеңілдетілген пайызбен жаңа техникалар берілді. Сапалы тұқымға қол жеткізу мақсатында да жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге, ескі техникаларды жаңа техникаға ауыстыру мақсатында, тағы да басқа шаруалар үшін тиімді жоспарлар бар.
Ауданымыздағы ірімшік зауыттарына (оның ішінде «Бурное сүт компаниясына») сүт жетіспеуіне байланысты сүт бағытында ірі қара асыраймын деген азаматарға жеңілдетілген пайызбен несие берілуде.
Сондай-ақ, түрлі бағытта бизнесімді дамытамын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Ерекше тоқталып өтетін мәселе, облысымызда балық шаруашылығын дамыту қолға алынуда. Біздің аудан бұл саланы дамытуға өте қолайлы. Және де құлпынай, бүлдірген өсіремін деушілерге де қолдау көрсетіледі,- деді Руслан Айтбаев.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марат Искаков карантин режіміне сәйкес кәсіпкерлерді сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Аудандық кірістер басқармасының бөлім басшысы Жанәділ Рахымбердиев салық мәселесіне байланысты жаңалықтармен таныстырды.
-Жаңа техника, сапалы тұқым, тиімді технологияларды қолға алмай мол өнімге, нәтижеге қол жеткізу қиын. Сондықтан жаңашылдыққа бет бұрайық,- деді кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы.
Сөз соңында аудан әкімі кәсіпкерлерді елдің амандығы, ынтымақ-бірлігі, дамуы үшін бірлесіп еңбек етуге шақырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ