Basty bet
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры…»
Бүгінгі күні ағын су мәселесі күрделі мәселенің бірі болып отыр. Осы ретте аудандық газеттің №44 санында аталған мәселе бойынша ауқымды мақала жазылған болатын. Мақалада бұлақ суын кәдеге жаратып отырғандар арасында аурухана аймағындағы Достық және Нұрлан Тұрысов көшелерінің тұрғындары да бар екендігі жазылған. Аталған көшелерге арық суы терең сайдың қарсы қабағынан тартылған. Сайдың батыс жақ бетін табанына дейін қоршап алған әлдебіреу «бұл менің жекеменшік жерім, шарбағымнан су өткізбеймін» деп арық жағалауында отырған үйлерге су бермейтін рай танытып отыр. Тұрғындар оның әрекетінің қаншалықты заңды екенін білмекке ауыл әкімдігіне жүгінген. 13 тұрғын Б.Момышұлы ауыл әкімшілігіне Қ.Түрікбаев көшесінің Жанар есімді азаматшасы бақшаға ағын су келетін сайдағы арықты белгісіз себептермен жауып тастағандықтан бақшаларын суғара алмай отырғандығы туралы өтініш жазған.
Осы өтініш бойынша арнайы комиссия құрылып, Қ.Түрікбаев көшесінің тұрғыны Жанар Аманжолованың үйінің алдында жиын өткізілді. Жиынға Достық және Достық-1 көшелерінің тұрғындары, Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Затыбек Пашенов, ауыл әкімі аппаратының бөлімше басшысы Нұрпейіс Мұратов, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің маманы Абдулла Егеубаев, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Тимур Қалдыбаев және аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің инспекторы Ағаділ Айқынбекұлы қатысты.
Жиында Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Затыбек Пашенов көше тұрғындары ауыл әкімшілігіне өтініш білдіргенін, ол үшін арнайы комиссия құрылып, мәселенің түйінін шешу үшін жиналғандарын жеткізді. Үй иесіне тұрғындарды сусыз қалдыруға болмайтындығын айтып, мәмілеге келуді сұрады.
Алайда үй иелері бірбеткейлікке салынып, тұрғындардың өтініштеріне құлақ аспады. Олар ағын су арығы жекеменшік жер иелігінде екенін, ешкім арық тазаламайтынын, суды жібермей бітеп тастайтынын және бақшаларын тұрғындар келіп бүлдіріп кететінін айтып дау шығарды.
Келесі кезекте Жанар Қаңтарбаева өз тарапынан, яғни жиналған көпшіліктің тарапынан Ж.Аманжолованың қате пікір айтып отырғанын ескере отырып, сөз алды.
-Бұл арықпен осы көше тұрғындары 50-60 жылдан бастап су алып келеді. Бәріміз еңбектеніп бақшаға көкөніс ектік. Көктем шығысымен тұрғындар жиналып, арық тазалауға шығамыз. Осы көшенің үлкені-кішісі болып бұл жұмысқа белсене араласады. Бұны жоққа шығара алмайсыздар. Қазір де барлығы жиналып отыр. Әркім өз үйінің іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, өнім алғысы келеді. Екі аптаның көлемінде ағын сусыз қалып отырмыз. Бақшаларымыз қурап жатыр. Адам өзін ғана ойламау керек. Су ортақ. Сол себепті, тұрғындар кезекпен, еш ұрыс-керіссіз бақшаларын суғарып келеді. Біз бүгін шын мәнінде жер жекеменшік иелігінде ме, әлде жоқ па соны білуге келіп отырмыз. Неге бұл үйдің жер телімі өзге тұрғындарға қарағанда көп. Арық барлық үйлердің сай қапталынан өтеді. Сондықтан барлық үйдің жер көлемі де бірдей болуы керек емес пе? Неге өзімшілдікке салынып, арық суын бітейді? Міне, бізге осы мәселенің шешімі керек, – деп тұрғындардың жанайқайын жеткізді.
Жиналыста арық шын мәнінде жекеменшік иелігіндегі жерде орналасқан ба әлде жоқ па, деген сауалдар көп қойылды. Мұны негізге алған комиссия мүшелері Ж.Аманжоловадан үй құжаттарын көрсетуді сұрады. Ал, Ж.Аманжолова үйдің құжаты банкте кепілде тұрғандықтан оның өздерінде жоқтығын алға тартты. Алайда өздеріне тиесілі мемлекеттік актідегі көрсетілген жер телімін айтты. Құжаттың жоқтығын ескерген А.Егеубаев өз жұмыс орнына хабарласып, базадан осы үйдің мемлекеттік актісіндегі жер көлемі туралы мәліметті алдырды. Мәліметке сүйене отырып, комиссия мүшелері Т.Қалдыбаев және Н.Мұратов үйдің жерін өлшеп, зерделеу жұмыстарын жүргізді.
-Жерді өлшеп шықтық. Абдулла Егеубаевтың берген мәліметінше, үй иесіне мемлекеттік актіде ұзындығы 53 метрді, ені 26 метрді құрайтын жер тиесілі. Зерделеу нәтижесінде арықтың одан әріде жатқандығы анықталды. Бірақ үй иелері сол маңға таяу картоп еккен екен. Сондықтан еңбек зая кетпес үшін биылғы жылы ол жерге тиіспейік. Ал келесі жылы ол жерге бақша егілмейтін болады. Сол себептен, біздің шешіміз бойынша мәселе тұрғындар пайдасына шешіліп отыр. Арықтан суды алып, бақша суғаруға болады. Бір ескерте кететін жайт, өз араларыңыздан мұрап сайлануы керек. Сонда талап та, тәртіп те болады, – деді Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының бөлімше басшысы Нүрпейіс Мұратов.
Бұл жағымды жаңалықты естіген тұрғындардың қуанышында шек болмады. Талай уақыттан бері шындық іздеп шырылдап жүрген жұртшылық тілегінің орындалғанына дән риза. «Көп түкірсе көл», демекші, бірігіп көптен күткен мәселенің түйіні шешілгенін естіп, ризашылықтарын білдірді.
Алдағы уақытта ешқандай қиындық туындамас үшін тұрғындар орталарынан мұрап сайлағаны жөн. Достық көшесінде ауызбіршілікті, үлкендерін құрметтей білетін ынтымақты жандардың тұратыны көңіл қуантады.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»