Basty bet

Мейірім тұнған онкүндік

Біз XXI ғасырда адам санасының шарықтап, дамыған уақытында өмір сүру мүмкіндігін алып отырмыз. Бұл бізден осы заманның сұранысы мен талабына сай білімді, рухани байлықты қажет етеді. Баланың жеке тұлға ретінде үйлесімді қалыптасуы мен дамуы өзін-өзі тани білгенде ғана жүзеге аспақшы. Осы орайда көптеген жылдар бойы аналық жүрек жылуын бала өміріне арнап келе жатқан Сара Алпысқызының авторлығымен енгізілген «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының маңыздылығын және сырлы әлемге толы дүние екендігін баршаға таныту мақсатында №1 мектеп-гимназияда «Өзін-өзі тану»: Махаббат пен Шығармашылық педагогикасы» онкүндігінің жалпы салтанатты ашылу жиыны өткізіліп, іс-шараның жоспарымен таныстырылды.
Мектеп-гимназияның директоры Эльмира Әбішева сөз сөйлеп, оқушыларды әдептілікке, сыпайылыққа, сыйластыққа шақырды. Сонымен қатар, ашылу салтанатына «Өзін-өзі сомдаған тұлға» тақырыбында брифингтің өткізілуі қамқорлыққа, татулыққа, сүйіспеншілікке, махаббатты бағалай білуге, жақсылық жасауға, адамгершілікке, достық, татулық, мейірімділікке бағытталды. Іс-шараға мектеп түлегі, денсаулық сақтау саласының ардагері Төшенай Борашев шақырылып, ол өмір жолында жеткен жетістіктерін оқушыларға баяндап, онкүндіктің жақсы деңгейде өтуіне сәттілік тіледі. Мектеп фойесінде оқушыларға арнап бағдарламаның негізін қалаушы Сара Назарбаева туралы «Рухани – адамгершілік тәрбие» атты кітаптар көрмесі және дәл осындай тақырыпта бейнефильмдер топтамасы тамашаланды. Апталыққа өз үлестерін қосу мақсатында оқушылардың «Жүрек жылуын сыйлай біл» атты тақырыпта ашық хаттар баршаға таратылып, «Руханилықтың мөлдір бұлағы» тақырыбында қолдан жасалған бұйымдар көрмелері жағымды орта қалыптастыру мен қатар оқушы мерейін де үстем етті.
«Әр адамның бойында күн бар, тек оның нұрлануына мүмкіндік беріңдер» деп әл-Фараби айтқандай, 1-11 сыныптар аралығында «Балаға жүрек жылуы» атты тақырыпта әңгімелер жүргізілді. Бұл іс-шараға өзін-өзі тану пәнінің ұстаздары белсене атсалысты. Өте әсерлі ұйымдастыра білген іс-шарада жауапкершілік танытқан мұғалімдер білімі мен еңбек шыңын көрсете алды.
Ұлы ойшыл Сократтың ең бірінші қағидасы «Сен алдымен өзіңді-өзің таны» тұрғысынан ұйымдастырылған мектебіміздің психологы Мира Өскенбаева онкүндік аясында «Сүйіспеншілікпен өмір сүру» тақырыбында 10 сынып оқушылары арасында әлеуметтік жобаларын мектеп оқушыларының алдында қорғауларына мүмкіндік жасады. Ерекше көзге түскен оқушылар Бораш Әбілхан, Әбделі Дильназ, Нұржанқызы Аяулым, Сайтмұратова Айдана, Дәулетбаева Аманкүл, Әбу Әсел арнайы Алғысхаттармен марапатталды. «Патриоттық, адамгершілік, қайырымдылық» атты пікірсайысқа психолог Мақпал Момынқұлова мектеп оқушыларына рухани өмірдің алуан түрлі жағдайларында өзіндік бағыт-бағдар жасауына, өзін-өзі жетілдіруіне ықпал етіп жүрген жан-жақты өз ісінің маманы екенінің дәлелі болды.
«Адамның адамшылдығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы ұстаздан болады» деген Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын негізге алып өзін-өзі тану: «Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты онкүндік аясында «Тәрбиелі бала» тақырыбында Толқын Атабекованың жетекшілік етуімен 6 «Ә» сынып оқушылары қойылым ұйымдастырды. Қойылымдағы ерекшеліктің оқушыларға берері мол болды. Сабақтан тыс уақыттары мен өмірінде ақыл мен адамгершіліктің адамға берері жайындағы зор мүмкіндіктері жайында болды.
Жақсылық адам жанының шуағы, болашағының бақыты боларына сеніммен кіріскен әлеуметтік педагог, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері Майра Досыбаева, Ләззат Молдашева, Айгүл Шаханова ауданымыздың қайырымдылыққа жаны құмар азаматшаларын жұмылдыра отырып «Балалардың спорттық кешендерге, ойын-сауық орталықтарына, кинотеатрларға және т.б. тегін баруын ұйымдастыру» атты қайырымдылық акциясының жанашыры болды.
Халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әже өнегесімен, аталар ақылымен өзіндік қасиетімізді қалыптастыру көзделген білім мекемесіндегі жоспар аясында қарттарымызға арналған іс-шарада қалыс қалған жоқ. Мектеп психологтары Айнұр Беспай, Мақпал Момынқұлова және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Арай Байжанысова мұғалімдер «Мейірімді жүректер ынтымақтастығы» атты қайырымдылық марафонын Тараз қаласындағы «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» Қарттар үйіне барып, мектеп оқушылары әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынып, үйлерінен әзірлеп апарған тәттілер таратып келді.
Мектеп-гимназияда өткен онкүндікті қорытындылай келе, Сара Алпысқызының: «Мен бала жас кезінен әрқашан дені сау әрі бақытты болып өсуін, өмір даналығы мен адамзатқа қызмет ете білу бақытын иегере отырып, өсуін қалаймын. Өзінің кім екендігін, не үшін өмір сүріп, не үшін талаптанатынын пайымдай білсін. Әркім өзін ашып көрсете білуі тиіс» деген сөзін басшылыққа алып №1мектеп-гимназияның ұстаздары атқарған жұмыстары келешекте де жанданып, өз жолын табады деген сенімдеміз.

Толқын Атабекова,
№1мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close