Basty bet
Еңбегіне лайықты марапат
Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен аналарға қандай құрмет көрсетсе де көптік етпейді. Шуақты көктемнің қарсаңында Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Әйел – әлемнің тірегі» атты салтанатты шара өтті. Шараға этномәдени бірлестіктер жетекшілері, әйелдер қауымы, аналар шақырылды.
Кеште көркемөнерпаздар үйірмесінің оқушылары әр тілде өнер көрсетіп, әр ұлттың ұлттық өнерлерін көпшілікке паш етті.
Жиында этномәдени бірлестіктер жетекшілері, мүшелері сөз алып, жылы лебіздерін білдіріп, әйелдер қауымын төл мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты шарада Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева сөз алып, аналарды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, Р.Махсудқызы ардагер журналист Гүлмира Дембаеваға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың арнайы Алғысхатын тапсырып, «Мейірім» төсбелгісімен марапаттады.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Гүлмира Маханбетқызы 43 жыл еңбек өтілінің 23 жылын аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінде өткерген. Қарапайым тілшіліктен басталған журналистік баспалдағы редактордың орынбасары қызметіне дейін жеткізген. Қазіргі таңда ол – зейнеткер журналист. Журналистика саласында кеңінен қалам тербеген журналист қазірдің өзінде зейнетке шыққанына қарамастан облыстық газеттерге түрлі тақырыптағы мақалаларын жариялап жүр.
Тынымсыз тірлікте тілшілік мамандықты жанына серік етіп, бүгінгі күнде еңбегі еленіп, зор қуанышқа кенелген журналиске аталған мекеме басшысы Рано Убайдуллаева шығармашылық табыс пен зор жетістіктер тіледі.
Аудандық газеттің ұжымы да ардагер жорналшы Гүлмира Маханбетқызын марапатымен құттықтайды.