Basty bet

Мерекенің сәні – наурызкөже

Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз – ағаш бүршіктеп, төрт түлік мал төлдейтін, аң-құстың тұқымы өрбіп, ұлы табиғат жаңаратын жыл басы, көктем мерекесі.
Мереке ең алдымен тазалықтан басталған. Үйдің іші-сыртын тазалап, есік-терезені ашып, келетін қонақтарға дайындалған. Ағаш егіп, мал төлдетудің қамына кіріскен. Сол күні туған төлді «төл басы» деп ырымдап, жаңа туған енеліктің қою сүтін сауып, уыз қайнатып бірлікте жейтін болған. Бұл «ақ мол болсын, ырыс жұғысты болсын» деген тілектен шыққан.

Мерекенің сәнін келтіретін бірден-бір тағам ол – наурызкөже. Мерекені наурызкөжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әрбір үйде қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылады, наурызкөже дайындалады. Наурызкөже – Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, наурызкөжеге жеті түрлі дәм қосылады. Оған қоса, ол – тоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы саналады.
Қарасаз ауылының тұрғыны Күлбала Нартаева Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық тағамды әзірлеп, өзінен кейінгі келіндеріне үйретуде. Күлбала апа 1951 жылы Қызыларық ауылында дүниеге келген. Ауылдағы мектепті бітіріп, Тараз қаласындағы Жамбыл статистикалық техникумына оқуға түседі. Оқу орнын есепші-бухгалтер мамандығы бойынша тамамдайды. Одан кейін ел қатарлы еңбекке араласып, Карл Маркс атындағы совхозда жұмыс істейді.
-Қарасаз ауылына оқу орнынан іс-тәжірибеден өту үшін жіберілдім. Бұл – Қарасаз ауылына бірінші рет келуім еді. Совхозда іс-тәжірибеден өтіп жүріп, Құнанбай Нартаев есімді азаматпен танысып, 1971 жылы отау құрдық. Ол совхозда өмір бойы жүргізуші болып жұмыс істеді. Мен 2005 жылға дейін мамандығым бойынша жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Биыл отау құрғанымызға 49 жыл толып отыр. Екеуміз өмірге үш бала, екі қыз әкеліп, өсірдік.
Бүгінде ұл-қыздарым өмірден өз орындарын тапқан. Құдайға шүкір, олардан 19 немере, 4 шөбере сүйіп отырған ата-әжеміз. Үлкен қызым Майра денсаулық саласында болса, Еркін жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ал, Ерлан веттехник болса, Гүлнар – мұғалім. Қолымызда кенже ұлым Ерғали мен келінім Гүлнар тұрады. Ерғали – мемлекеттік қызметкер, келінім – құқық қорғау саласының маманы.
Енеммен 30 жыл бірге тұрдым. Ұлттық тағамдарды, сусындарды дайындауды анамнан және енемнен үйрендім. Үйде осы кісілерден көріп-білгеніме сүйеніп көжені әзірлейтін болдым. Оның әрбір затының қосылу себебі бар екенін де апаларым айтып отыратын. Кейіннен мен де өз келіндеріме үйреттім, қазір келіндерім өздері әзірлей береді.
Наурызкөжені әркім өзінің білгенімен дайындайды. Оған көбінесе жеті немесе тоғыз түрлі дәм қосылады. Қыстан аман шықтық деп, сүрленген ет, қазы қосамыз. Түрлі дәндер молшылық, тоқшылық болсын деп қосылса, ақты айрандай ұйып отырған бірлігіміз ажырамасын, ақ мол болсын деп қосатын болған.
Табиғат бастауы – су. Сусыз тіршілік болмас. Сол себепті, наурызкөженің де негізі су болып табылады. Бұның астарында – өмір-өзен, ұрпақ-өріс судай ағып-тасысын дегені болса керек. Кез келген астың дәмін келтіретін тұз. Көжеге тұз жетінші тағам ретінде қосылады. Наурызкөжені ыдысқа толтырып құйып береді, бұл жаңа келген жаңа жылда несібесі ортаймасын дегенді білдіреді. Әрі несібесі мол болуы үшін ыдыстағы көжесін тауысып ішіп қою керек.
Жыл сайын көршілерімізбен жиналып, наурызкөже тарату дәстүрге айналған. Осындағы он аула бірігіп, әр жылы бір үйге кезекпен дастарқан жаямыз. Онда әр үй өзінің көжесінен әкеліп, бірге қосып, барлығымыз дәм татамыз. Бұл күні ақ дастарқаннан әр үйдің келінінің қолынан шыққан қазақтың ұлттық тағамдары, нандары табылады. Бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр. Бұның астарында бірлігіміз ажырамасын деген мағына жатыр. Осындай бір-бірімізге жылулық сыйлайтын мерекеде үлкендер бата береді. Наурыз-думанда балалар, жастар жиналып, ойындар жалғасады. Балаларға ән айтқызып, мәз-мейрам боламыз. Осылайша Жаңа жылымызды қарсы алып, бір-бірімізге жақсы тілегімізді жеткізіп, амандық тілейміз.
Ұлыстың ұлы күні оң болсын, ақ мол болып, жыл ырысымен келсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын!,- деп Күлбала Айтжанқызы ақ тілегін де жеткізді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close