Basty bet
Жүйріктің жалына жармасқан жасынан…
Ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары һәм ұлттық ойындарын төрге оздырған халықтың өкіліміз. Ұлттық ойын дегенде ойымызға ең алдымен ат спорты ойындары оралады. Қазақ халқының пейілінің дәл өзіндей кең далада көсіліп шабар бәйге, көкпар, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ сынды қазақтың ұлттық ойындарына не жетеді, шіркін! Оның ішінде көкпар ойыны ел тәуелсіздігімен бірге дамып, бүгінде жаһандану ғасырында да ұлтымыздың ажырамас бөлігіне айналып, сонымен бірге «жүректі де білекті» жігіттердің ойыны ұлт намысының да қайрағына айналып отыр. Көкпар ойынының өзіндік терең философиясы бар. Бұл ойын өз кезегінде жігіттерді жауынгерлік өнерге баулиды. Бүгінде көкпар ойынының ғылыми негізі жасалып, бір жүйеге түсірілді. Жер-жерде атпал азаматтардың араласуымен командалар құрылып, олар әлемдік деңгейде айбынымызды асырып жүр.
«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» демекші, Диқан ауылының түлегі Құлажан Тоғайбаевтың ұлттық спортқа сіңіріп келе жатқан еңбегі орасан. Білекті де жүректі азаматтың Жамбыл облысының «Әулие-Ата» көкпар командасының биік жетістікке жетуіне атсалысқаны өз алдына әңгіме.
Құлажанның әкесі Ерғали ағаның айтуы бойынша, бабасы Оңал ақсақал оңтүстік өңірге белгілі айтулы шабандоз болған екен. Бір сөзбен айтқанда, Тоғайбаевтар әулетіне шабандоздық қасиет ата-бабаның қанымен дарыған деуге болады. Қанында бар қасиет болар, бала Құлажан да жастайынан ұлттық спортымыз болған көкпарға аңсары ауды. Алғашқыда тайға мініп, ауыл арасында көкпар шапты. Кейіннен тақымы бекіп үлкен додаларға араласа бастады. Содан көкпарға біржолата ден қойды.
Құлажанның көкпарға деген қызығушылығын әкесі де ерте байқады. Бір жағынан, Ерғали ағаның түп нағашысы елге белгілі көкпаршы, ұлттық спорттың жанашыры, «Әулие-Ата» көкпар командасының негізін қалаған айтулы азамат Нәби Момынов болатын. Марқұм Нәби ақсақалдың ұлы Нұрдәулет Құлажанды облыстық команда сапына қабылдады. Міне, содан бері Құлажан аттан түскен емес. Жамбыл облысының көкпар командасында алдыңғы қатарлы шабандоз ретінде қасиетті Әулиеата өңірінің даңқын асқақтатып келеді.
– Менің бабам Оңал айтулы көкпаршы болған кісі. Бір жолы Оңтүстік Қазақстан облысының Бадам елді мекеніне жуалылық шабандоздарды бастап екі күнге жоспарланған үлкен көкпарға барады. Онда ел ішінде бақуатты кісілер ата-бабаларының әруағына арнап ас-жиындар беретін. Мұндай дәстүр қазір де бар. Оңтүстікте болған сол көкпарда Оңал бабамыз ерекше көзге түседі. Оңтүстік өңірдің Нұржан, Құлажан, Тәжібай, Шаханбай сынды ардагер шабандоздары Оңал бабамды тоғыз қанатты киіз үйдің төріне шығарып, сый-құрмет көрсетеді. Сонда бабам: «Құдай қаласа, шөберелерімнің атын Нұржан, Құлажан деп қоямын»,- деп ниет еткен екен. Оңал бабамның осы тілегі орындалып, менің үлкен ұлымның атын Нұржан, екінші ұлыма Құлажан деп ат қойды. Үшінші ұлы Исламды бабам көре алмады. Бабамның тілегі қабыл болып, ұлым Құлажан да көкпаршы болды. «Әке балаға сыншы» деген. Ұлым Құлажанның жетістіктеріне үнемі қуанып отырамын. Алла тіл-көзден сақтасын. Алда алар асулары көп болсын деп тілеймін,- дейді көкпаршының әкесі Ерғали Сейіткерімұлы.
Ерғали аға әңгіме барысында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының қолына су құйып, батасын алғанын да мақтанышпен айтты.
– Бауыржан атамыздың туған әпкесі Үбиән апамыз біздің Диқан ауылының келіні болатын. Батыр Жуалыға келгенде әпкесінің үйіне келіп түсетін. Оңал бабам екеуі жақсы сыйлас болды. Біздің үлкен үйімізде де талай рет қонақ болды. Бұл 1970-інші жылдардың басы болатын. Бауыржан ата екі-үш жыл қатарынан біздің үйге келді. Ол кезде мен оннан асып қалған баламын. Батыр атамыздың қолына су құйып, батасын алдым. Қашанда батаменен ер көгереді. Бауыржан атамыздың берген ақ батасы біздің отбасымызға дарып, өніп-өсіп жатырмыз,- дейді көкпаршының әкесі.
Құлажан Жамбыл облыстық «Әулие-Ата» көкпар клубында өнер көрсете жүріп, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы болды. Көкпардан Азия және Әлем чемпионаттарға ұлттық құрама сапында қатысып, чемпион атанды. Көкпардан І ашық Азия чемпионатының жеңімпазы, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының күміс жүлдегері. ҚР Ұлттық спорт түрлері фестивалінің жеңімпазы, көкпардан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сонымен қатар, Қырғызстанда, Түркияда өткен халықаралық жарыстарға ат жаратты. Санамалай берсеңіз, шабандоз Құлажанның атақ-даңқы, алған марапаттары бір басына жетіп-артылады. Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының шешімімен Құлажан Тоғайбаевқа көкпардағы жоғары жетістіктері үшін «Алтын тұғыр» сыйлығы берілді. Облыс, аудан басшыларының Құрмет грамоталарымен, т.б. сыйлықтармен марапатталған. Былтырғы жылы облыс орталығы Тараз қаласында орнатылған «Даңқты спортшылар» алаңына көкпаршының есімі алтын әріптермен жазылды.
«Елдің атын ер шығарады» деген. Бауыржан Момышұлы сынды мың жылда бір туатын даңқты қолбасшысымен, жұлдызы биік генералдарымен, атан жілікті балуандарымен даңқы алысқа кеткен қасиетті Жуалы ауданының абыройы ұлттық ойын – көкпарда да асқақ. Ауданның ардагер көкпаршылары Кеңес Одағы тұсында бүкілодақтық жарыстарда талай мәрте топ жарғанын былайғы жұртшылық әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Жамбыл облыстық «Әулие-Ата» көкпар клубы құрылып, осы күнге дейін 10 дүркін ел чемпионы болғанда да сол топтың көш басында Жуалының «жолбарыс жүректі, құрыш білекті» жігіттері жасындай жарқылдап жүрді. Түптеп келгенде, мұның бәрі жуалылықтардың асқақ абыройы.
Ұлттық ойындарымыз төрге озғанда ғана ұлтымыздың мерейі үстем болып, жұлдызы биікте жарқырай береді. Ендеше, ұлттық ойындарды көзінің қарашығындай сақтап, ұлықтап жүрген Құлажан Тоғайбаевтай арда азаматтарға Алла күш-қуат берсін!