Basty bet
ҚЫЗМЕТТІК ӘДЕП НОРМАЛАРЫН САҚТАУ
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі қабылданып, этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдайлардың алдын алу бойынша шаралар қарастырылған.
Бұл Кодекс мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді және халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Кодексте мемлекеттік қызметшілердің ұстануы тиіс мінез-құлықтарының жалпы стандарттары мен қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары бекітілген.
Жалпы стандарттарға: мемлекеттік қызметшілердің өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы, әділдігін және ашықтығын қамтамасыз ету, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбау, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау жатады.
Мемлекеттік қызметшілер азаматтармен, ұжымда сөз сөйлеуде сыпайылық пен әдептілікті ұстануы қажет. Өз кезегінде, халықпен өзара қарым-қатынасының негізгі көрсеткіші мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы болады. Сондықтан, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде халықтың сұранысына бағдар ұстану талаптарын қояды.
Жалпы Кодекс мемлекеттік қызметшілердің мәдениетіне ғана емес, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындау мәдениетіне де талаптар қойды. Бұл нені білдіреді. Қазіргі таңда барлық өңірлерде Әдеп жөніндегі кеңестер жұмыс жасайды. Олар өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтарын ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларын, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының нәтижелерін қарайды.
Стандарттың екінші түрі ол – арнайы стандарттар. Олар қызметшілердің мінез-құлық ережелерін өзге жағдайларда: қызметтен тыс уақытта, әріптестер арасындағы қызметтік қатынастар, көпшілік алдында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттарын белгілейді.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінің тарапынан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысын, жаңа қабылданған заңнамаларды, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексін түсіндіру бойынша әртүрлі мақсатты топтар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Нұрлан КӨПБАЕВ,
аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы