Basty bet
Жұмыс барысымен танысты
Өткен жұмада Жамбыл облысы әкімінің 2019 жылдың 13 наурыздағы №70 өкімімен бекітілген жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритміне сәйкес облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров ауданымызда жұмыс сапарымен болды. Нұрлан Сәбитұлы және тиісті облыстық басқарма басшылары алдымен «Қаралма» тау шаңғы базасына барып, туристік орталықтың құрылысымен танысты. Ондағы жұмысты өз көздерімен көріп, проблемаларымен қанықты.
Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары аудан орталығындағы «Бурный сүт компаниясы» ЖШС мен «З.Мешелова» жеке кәсіпкерлігінің сүт зауытына барды. «Бурный сүт компаниясының директоры Әбдібек Пошқаев пен «З.Мешелова» жеке кәсіпкерлігі сыр зауытының жұмысын Орынбасар Мешелов таныстырды.
Н.Календеров сүт зауыттарының тыныс-тіршілігімен, онда шығып жатқан отандық өнімдердің дайындалу жолдарымен, зауыттың жоспарларымен танысты.
Келесі кезекте аудан әкімдігінде азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Жеке қабылдауға үш азамат келді. Күреңбел ауылының тұрғыны Бүтінбай Оңалбаев қымыз және бие сүтінен жас балаға қажетті, пайдалы тағам өндіруге арналған шағын зауыт ашу мақсатындағы бизнес жоспарына жеңілдетілген несие сұраса, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Ербол Қоңырбаев сауын сиыр алуға жеңілдетілген несие берілсе деген өтінішін жеткізді. Ал, жас Мақсат Қадыров Жастар жылында жастарға шағын кәсіпкерлік ашуға бөлінген несиеге құжат тапсырып үлгере алмай қалғанын айтып, «келесі жылы тағы да осындай мүмкіндіктер бола ма?» деген сауалмен келіпті. Қабылдауға келген азаматтардың өтініш-тілектерін өзімен бірге келген тиісті басқарма басшыларына тапсырды.
Бұдан соң аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің іссапарының қорытындысына арналған жиын өтті. Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, жүргізіп отырды.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы аудандағы кәсіпкерлік саласы бойынша 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында атқарылған жұмыстары туралы хабарлама жасады.
Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Мақсат Жақыпбеков пен облыстық еңбек инспекциясының басшысы Бекжан Нұрланұлы аталған сала бойынша ауданымыздағы мәселелерді баяндады.
Нұрлан Календеров тиісті салалар, белгіленген индикаторлар бойынша сұрақтар қойып, нақты тапсырмалар берді.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»