Basty bet
Білім мен тәрбие беру процесі тоқтамауы керек
Әлемді жайлаған пандемия апаты өмірімізге ешуақытта ойымызға кірмеген өзгерістер енгізді. Індетті ауыздықтау мақсатында енгізілген төтенше жағдай мен карантиндік шектеулер білім беру ісін жаңа форматқа көшіруге мәжбүр етті. Мұндай шешім қабылдау оңайға түспеді. Бірақ бұдан басқа жол жоқ еді. Әйтсе де, бұл тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, ата-аналар, жалпы қоғам үшін үлкен тәжірибе болғаны анық. Яғни, білім беру үдерісін үзбей балалардың дер кезінде сапалы білім алуы көзделді.
Білім саласына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауындағы «Қолжетімді әрі сапалы білім» атты бағытында тоқталып өтті. Жолдауда ел Президенті «Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың жөні бөлек. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды» деген болатын.
Иә, бұл індеттің салдарынан білім беру саласында осындай өзгеріс болғандықтан білім беру үдерісінің тоқтамауы үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектеп қабырғаларына балалар қайта оралды. Барлығы жаппай оралмағанымен кейбір білім ошақтарында кезекші сыныптар ашылса, кейбір жерлер бала санына қарай дәстүрлі форматтағы оқу жүйесімен білім алуда. Аудандағы ең ірі білім ошағының бірі №1 мектеп-гимназияда да санитарлық талаптарға сай кезекші сыныптар ашылды.
Аталған мектепте жалпы 170 мұғалім, 1-11 сынып аралығында 1477, мектепалды даярлық тобында 112, барлығы 1589 оқушы бар. Қазіргі таңда 1 және 4 кезекші сыныптарында 643 бала, яғни әр сыныпта 15 баладан оқуда. Мектепте 47 кезекші топ құрылған. Оның 27 тобы бірінші ауысымда, қалған 20 тобы екінші ауысыммен оқып жатыр. Кезекші сыныптарда сабақ 40 минуттан жүргізілуде. Ал, 5-11 сынып оқушылары онлайн, яғни қашықтан оқытылуда.
-Мектепте санитарлық талаптар сақталған. Мектепке кіреберістен бастап баланың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында сақтану шаралары жасалған. Біріншіден, баланы ата-ана мектепке ертіп келіп, мектеп қақпасынан қалдырады. Міндетті түрде ата-ана қайтадан сабақтан соң алып кетеді. Балаларды медбикелер күтіп алады. Мектептің алдында дезинфекциялау туннелі орнатылған. Дезинфекциялау кілемшесі төселген. Сыныптарға кірмес бұрын медбикелер баланың ыстығын өлшеп, қолдарын антисептикпен дезинфекциялайды. Егерде баладан дене қызуының жоғарылығы анықталған жағдай болса, сол жердегі сүзгі кабинетіне кіргізіледі. Сүзгі кабинетінде баланы бақылап, ата-анасына хабар беріп, дәрігерлердің келуін күтеді. Төрт тіркеу журналы ашылған, яғни оқушыларға, мұғалімдерге, техникалық қызметкерлерге, бөгде адамдарға.
Әр кабинетте арақашықтықты сақтау белгілері, қол жуатын орындары бар сыныптарға, кейбір дәліздерге сұйық сабындар қойылған. Оқушылар топтасып жүрмес үшін мектепке үш есіктен кіру қамтамасыз етілген. Мектеп ішіндегі әжетхана қолдануға берілген. Сыныптар белгіленген уақыт бойынша тазартылып, кварцтелініп тұрады. Әр кабинеттегі оқушының парталарына арақашықтық сақтау белгілері орнатылып, сыныптарда баланың жасына сай сақтану белгілері орналастырылған.
Сонымен қатар, дәліздерде жабық жәшіктер де бар. Дәліздерде арақашықтықты сақтау мақсатында 2 метр сызықтар сызылған. Сабақ кестесі сатылай жасалып, қоңырауда сол кестеге байланысты соғылуда. Балаларға тек негізгі пәндер өтіліп, қосымша пәндер қашықтан оқытылуда. Мұғалімдер «Бір мұғалім – бір сыныпта» қағидасымен жұмыс істеуде. Медициналық бетпердені қолдану ретімен ауыстырып, жарамсызы жабық жәшіктерге тасталуда. Білім ошағына аудандық білім бөлімі тарапынан антисептик беріліп отыр. Қазіргі таңда бұл мекемеде қорғаныс құралдары жеткілікті. Қызу өлшегіш перометр де бар.
Бұл індет денсаулықтың қадірін білуді ұғындырды. «Бірінші байлық – денсаулық» демекші, әр адамға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды түсіндірді. Екіншіден, батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бағынуымыз керектігін тағы да бір еске салды. Тәртіп болмаса, мемлекет тарапынан берілген тапсырманы орындай алмасақ ешқандай жетістікке жете алмаймыз. Сонымен қатар, білім-тәрбие процесінің тоқтамауы керектігі міндеттелді. Яғни, қандай жағдай болмасын білім сапасын өз дәрежесінде сақтау негізгі міндетіміз болып қала береді.
Бүгінгі таңда ұстаздар балаға уақтылы білім беру мақсатында жұмыс істеуде. Әрине, баламен бетпе-бет кездесіп, білім беру бір бөлек дүние. Баланың көзқарасынан, іс-қимылынан, сөзінен сабақты меңгергенін аңғаратынбыз. Әр нәрсенің өз қиындығы болады. Бірақ қара бұлттың артынан жарқырап күн шығатынына сенеміз. Бұл уақытша екенін де жақсы білеміз. Сол үшін әр адам немқұрайдылықтан арылып, жауапкершілік жүгін сезініп, қойылған талаптарды орындай білсе, бұл індетті міндетті түрде жеңіп шығамыз, – дейді №1 мектеп-гимназияның директоры Элмира Әбішева.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»