Basty bet
Ұлттық ойындарЫМЫЗ ұлықталды
Көркем безендірілген стадионда жылжымалы сахна орнатылған. Әр ауылдық округтен турнирге қатысуға келген командалар стадионда сап түзеп тұр. Турнир алдындағы мерекелік шараны аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдени демалыс және халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері Ербол Бекжанов пен Мадина Свамбаева жүргізді.
-Жан мен тәннің бірден-бір қуат алар қайнар көзі – спорт жас талғамайды. Жасқа да, кәріге де өзінің пайдасы мен қуанышын сыйлай береді. Ертеден келе жатқан
ұлттық ойындарымыз бір кезде ұмыт болып, кейінгі жылдары қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен таралып келеді. Қазақтың ұлттық ойындары халқымыздың мәдени асыл мұрасы,-дей келе, олар турнирді ашық деп жариялады.
Еліміздің Әнұраны орындалды.
Баннермен безендірілген сахна төрінде орналасқан қонақтарымызға сөз берілді.
-Ауылда да спорттың түр-түрін кеңінен насихаттап, әр ауыл тұрғынын спортпен айналысуға қызықтыру қажет. Ұлттық ойындардан жарыс өткізуді дәстүрге айналдыру керек,- деді Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Әлімбек Әсембекұлы.
Мәдени демалыс және халық шығармашылығы орталығының әншілері- квартеттің (Мадина Свамбаева, Гүлнар Қашкеева мен Малик Мықтыбеков) орындауында «Атамекен», ал Салтанат Мейіржанқызының орындауында «Қазағымсың» әндері шырқалды.
Ал, Жамбыл облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұқанов та өз тарапынан жиналған спортсүйер қауымды құттықтап, демеушілік жасап отырған азаматқа алғысын білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, жарыстың бас төрешісі, аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов жиналғандарды салтанатпен құттықтап, шараны ұйымдастырып отырған азаматтарға ризашылығын білдіріп, өтетін ұлттық ойындардың түрлерін жариялап, ережелерімен таныстырды.
– Жалпы бұл турнирді өткізудегі мақсатымыз – «Nur Otan» партиясының Саяси Доктринасын іске асыру болып табылады. Сондай-ақ, партия мүшелері, аудан тұрғындары арасында денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға шақыра отырып, бастауыш партия ұйымдар арасында үздік спорт командаларын анықтау, саламатты өмір салтын, ұлттық ойындар мен белсенді спорт түрлерін насихаттау. Аудан тұрғындары арасында спортты дамыта отырып, ұлттық спорт ойындарына деген қызығушылықты арттырып, халық арасында достық пен ынтымақ қатынасты орнату мақсатында ұйымдастырып отырмыз,-деді «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова.
Бас төреші М.Арзымбетовтың рұқсатымен сайыс басталды. Алғашында көрермен-жанкүйерлер «Теңге ілу» ұлттық ойынын тамашалады. «Аттың құлағында ойнаған» әр ауылдан келген жігіттер стадион алаңында бірдей арақашықта ақ орамалға түйілген теңгені шауып келіп алу керек. Бірі жарыстың ережесін орындай алса, екіншілері аттың жетегінде кетіп, түйіншекті ұстай алмай жатты.
Екінші кезекте өткен «Аударыспақ» ұлттық ойынында ауыл азаматтары күштілік, тапқырлық мен шыдамдылық танытты. Ақтөбе, Қарасаз, Жетітөбе, Боралдай, Қошқарата, Күреңбел ауылдарынан келген палуандар екінші айналымға жетіп, үшінші орынды күреңбелдік Алмас Қадыров алса, қошқараталық Рауан Нүрпейіс екінші және жетітөбелік Бақыт Дәуренбеков жүлделі бірінші орынды иеленді.
«Арқан тарту», «Қашпа доп», «Қатын күрес», «Асық ату» ұлттық ойындар барысында ауылдық округтерден келген командалар өз ептілігі мен тапқырлығын танытып, күш сынасты. Жарысқа қатысушылар бірінен-бірі озып, өз өнерлерін ортаға салды.
Жарыстың төрешілері ауылдық округтерден келген командаларға жалпы командалық баға беретін болғандықтан, олардың әр мүшесі жанашырлық танытып, жан-тәнімен ойындарға қатысып отырды.
Жарыстың ең соңғы ерекше ойыны – «Қошқар көтеру» ұлттық ойын барысында күштілігі мен ептілігін танытып, ең көп рет 40 кг қошқарды көтерген Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылының тұрғыны Нұрсейіт Маханбетжан нағыз палуан атанды.
Төрешілердің берген бағасының қорытындысымен командалық бірінші орынды Ақсай ауылдық округі, екінші орынды Күреңбел ауылдық округі және үшінші жүлделі орынды Жетітөбе ауылдық округінің спортшылары жеңіп алды. Демеуші Әлімбек Жұмабаев салтанатты түрде бірінші орын алған жеңімпаздарға 200 мың теңге, екінші орынға – 150 мың теңге және үшінші орынға – 100 мың теңге тапсырды. Ал, Анар Ахметова мен Мақсұтбек Арзымбетов ерекше көзге түсіп, керемет ойын көрсетіп, жанкүйерлерді таңқалдырған ойыншылар мен палуандарға Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарын табыстады.
Турнирдің соңы аудандық мәдени демалыс және халық шығармашылығы орталығының әртістерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»