Basty bet
Ұлттың жаңа болмысына ұмтылыс қажет
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бұл халқымыздың маңдай терімен жеткен жетістіктерінің жемісі, сонымен бірге, жаңа тарихи сын. Осы уақыт ішінде халықтың еркін санасы қалыптасып, егемен елдің жаңа да жасампаз ұрпағы өсті. Ел бірлігінің, ұлт намысының ажырамас бөлігі ол – тіл. Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесін ерекше айтып, мемлекеттік тілді көпшіліктің үйренуі жөніндегі өз үндеуін нақты жеткізді. Мемлекеттік тілді білу – әр азамат үшін парыз. Жыл сайын 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні атап өтіледі.
Егемендікке қол жеткізу оңай болған жоқ, Бұл жолда ата-бабаларымыз еліміздің болашағы үшін күресте жанын пида етті. Сондықтан, ата-бабаларымызбен мақтануға тиіспіз. Ең алдымен Жаратушы қолдап, бабалардың арқасында біз қазір тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Қазір біздің мемлекетіміз еркін ғана емес, сонымен қатар демократиялық елміз. Тарихымызда алғаш рет демократиялық негізде Президент сайланды. Ата Заңымыз Конституция қабылданды. Жаңа мемлекеттік рәміздеріміз Елтаңба, Әнұран және Туымыз бар.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылданды. Әрине, алғашқыда қиын болды, бірақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатымен біз бәрін жеңіп шықтық. Тәуелсіздік жылдарында біздің еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, жаңа мемлекет құрылды, экономикамыз дамыды және адамдардың өмір сүру деңгейі жоғарылады. Елімізде тұратын әр ұлт, өз тілінде сөйлеуге, мәдениеті мен дәстүрін дамытуға мүмкіндік алды. Бірқатар халықаралық ұйымдардың мүшесі болып қабылдандық. «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу арқылы бүкіл әлемге танымал болдық. Егер тарихқа үңілсек, азаттығымызды алу үшін, бізге 200 жыл қажет болған. Мыңдаған батырларымыз еліміздің еркіндігі үшін күресіп, жан тапсырды. Ұлы Отан соғысына белсене қатысып, жеңіске жеттік. Сондықтан, Тәуелсіздік күні – қазақ халқының батырлығы мен еңбегінің нәтижесі.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы егемендікке жеткізген қайғы-қасіретке толы тарихи оқиғаларды ұмытпаған жөн. Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті.1986 жылы ұл-қыздарымызды Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шығарған Желтоқсан оқиғасына да биыл 35 жыл толады. Мұның бәрі – біздің тарих. Мемлекеттілігіміз туралы теріс пікір айтып жүргендердің аузына құм құю үшін мыңдаған ғасырларға созылған тарихымыздың, әлемнің жартысына ие болған алып мемлекеттік құрылыстың, азаттық үшін соғыстардың, батырлар жырларын, Алаш қозғалысының бағдарламаларын, жалпы ұлт шежіресін жаппай қайта қарап, оны өз елімізбен қатар бүкіл әлемге жаңа ақпараттық тетіктер арқылы паш ету маңызды міндет.
Қазақстан әлемде мәртебелі мемлекет ретінде орнықты. Әрине, бұл уақыт ішінде мақтануға тұратын мемлекеттігімізді нығайтып, бүкіл әлемге паш етуге лайықты талай ауқымды істер жасалды. Дегенмен, Тәуелсіздік дәуірі осы отыз жылмен шектелмейді. Оған жетудің тарихы, қазағымыздың көрген қасіреті бір жағында тұрса, екінші жағында елдігімізді, егемендігімізді сақтап, оны келешек ұрпақ үшін нығайту ісінің тұрғаны сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.
Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет»,- деп атап өтті.
Президент бұл мақалада тәуелсіздіктің қадірі мен құндылығын, оны сақтаудағы бағдар-белестерді айқындап берді. «Көреген басшы елді өсіреді» демекші, Қазақстанның мемлекет болып, керегесінің кеңеюі жолындағы Елбасының дара көшбасшылығының маңызы ерекше. Ол үшін аймақтарымызды солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс деп бөле бермей, тарихи, мәдени маңызды атауларды енгізу де маңызды.
Әр қазақ үшін аталарымыздың қаны мен тері тамған бір уыс топырақтың өзі есебі жоқ байлық. Алайда бұл жерді дұрыс пайдалану, қадірін біліп қастерлеу, шынайы отансүйгіштікті қалыптастыру кезек күттірмейтін үлкен жұмыс.
Жаһандану мен ақпараттық даму заманында елдің жат жұрттың идеологиялық ықпалына тез ілесіп кетуі белең алуда. Әсіресе жастар бұл қауіптің алдында тұрғаны анық. Бұған төтеп берудің жолы жаңа заманға сай білім мен бәсекеге қабілеттілікті, артықшылықтарды бойға сіңірумен қатар, тамырымызды, ұлттық болмысымызды берік сақтау керек.
Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.
Ұлттың жаңа болмысы өткенді білуден, дәріптеуден басталады. Тәуелсіздік құндылығы халқымыздың жадында мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Егер әрқайсымыз жанымыздың бір бөлігін елімізге берсек, республикамыз одан әрі гүлденіп, дами беретіні сөзсіз! Бірлікті ел бұзылмас, сондықтан мемлекетімізді біртұтас деп білуіміз және танытуымыз қажет.
Мерей АЯРБЕК,
№6 А.Пушкин атындағы
орта мектептің география
пәнінің мұғалімі