Basty bet
Суды ысырапсыз тиімді пайдалануымыз қажет
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Громовтың ауданға сапарынан осындай ой түйдік
Өткен аптаның жұма күні Жуалы ауданына Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов жұмыс сапарымен келіп, бірқатар су қоймаларының жұмысымен, сонымен қатар, аудандағы шаруа қожалықтары басшыларымен, су пайдаланушылармен кездесті. Вице-министрге ең алдымен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК-ның Жамбыл филиалы «Аса» өндірістік бөлімшесінің «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының жұмысы таныстырылды.
Стратегиялық маңызды нысан саналатын су қоймасы 1963 жылы пайдалануға берілген. Нысанның жобалық көлемі 158, 6 миллион текше метрді құрайды. Су қоймасы суғару, өндіріс және экологиялық мақсатта су беру үшін пайдаланылады, сонымен қатар, ресурстық маңыздылығы да бар. «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының басшысы Қайрат Шымыровтың айтуынша, мұнда өткен жылы ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Тиісінше, дамбаның үстіңгі бөлігінде пайда болған сызаттар бетондалған. Бетон бөгеттің төменгі бөлігіндегі су мен жел шайған тұстары да арнайы материалдармен қайта нығайтылыпты. Көршілес Жамбыл ауданының аумағындағы 23 мың гектардан аса алқапты суландырып отырған маңызды стратегиялық су қоймасы күрделі жөндеуді қажет етіп отырған көрінеді. Мұны су шаруашылығына жауапты мамандардың аузынан естідік.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов су қоймасының жұмысымен, оның су жинаудағы әлеуетімен, су өткізгіштігімен жан-жақты танысқаннан соң оны күрделі жөндеуге жан-жақты зерттелген жобалық-сметалық құжат дайындау қажеттігіне назар аударды. Сонымен бірге, дамбаның үстімен жаяу жүріп, мұнда өткен жылы атқарылған ағымды жөндеу жұмыстарын көзбен көрді.
Вице-министр келесі кезекте Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылына үш шақырым қашықтықта орналасқан «Көксай» каналының суайрығында ауданның су пайдаланушы шаруа қожалық басшыларымен кездесіп, пікір алмасты. Онда Сергей Громов ағын судың маңыздылығына тоқталды.
-Өздеріңіз білетіндей, су – тіршілік нәрі, өмірдің өзі. Мұны су шаруашылығында жұмыс жасайтындар да, шаруалар да, қарапайым халық та жақсы біледі. Осы ретте бұл мәселеде мемлекетіміз де ағын су болсын, ауыз су болсын ысырапсыз пайдалануға баса көңіл бөліп отыр. Жалпы республиканы алып қарайтын болсақ, 11 мың шақырымға жуық су каналдарымыз бар. Оның небәрі 30 пайызы ғана толық қуатында жұмыс жасайды. Дәлірек айтқанда, бетондалып, жөндеу жұмыстары жүргізілгені осыншама.
Жылдан жылға су көздері азайып бара жатқанына байланысты қазір ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды, нақты айтқанда, тамшылатып, жаңбырлатып суғару әдістерін пайдаланған әлдеқайда тиімді. Бұл бағытта ниет білдірген шаруаларға Үкімет тарапынан да қолдаулар жасалады. Екінші кезекте суды ысырапсыз, тиімді пайдалансақ қана табиғи ресурстарды ұзақ пайдалана аламыз. Таусылмайтын дүние жоқ. Табиғат берген байлықты бағалай білейік. Соның ішінде тіршілікке ең қажетті суды пайдалануда ысырапқа жол бермегеніміз абзал болмақ,- деді вице-министр.
С.Громов сонымен бірге, алдағы уақытта ағын суды пайдалануда мемлекет тарапынан жаңа бағдарламалардың қабылданғалы жатқанын айтып, су пайдалану мәселесінде бірқатар шет мемлекеттердің де жаңа тәжірибелерін алға тартты.
Вице-министрмен кездесу барысында картоп егумен көп жылдан бері айналысып келе жатқан Түктібай ауылындағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Зылиха» шаруа қожалығының басшысы Керімқұл Бегалиев, сонымен қатар, басқа да шаруашылық басшылары Серік Сәдіров, Мұсахан Байдосов және Алексей Краснов су пайдаланудағы бірқатар түйінді мәселелерге тоқталып, басым бағыттағы дақылдарға ағын судың жеткілікті мөлшерде келмейтінін сөз етті.
-Шаруа қожалығымыздың картоп өсірумен айналысып келе жатқанына да 20 жылға жуықтады. Жыл санап, тірлігіміз де, тұрмысымыз да тіктеліп келеді. Біз бұған қуанамыз әрине. Картоп алқабының көлемін 100 гектардан асырғымыз келеді. Оған әлеуетіміз толық жетеді. Бірақ бізге ағынсу мәселесі қолбайлау болып отыр. Мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, осыдан бірер жыл бұрын «Көксай» каналы салынды. Бұл үшін ел Үкіметіне аудан шаруаларының атынан алғысымызды білдіреміз. Бірақ соңғы жылдары бұл каналдан алынатын судың да көлемі азайып барады. Сол себептен жыл сайын қолданысқа жаңа технологияларды енгізіп жатқан жайымыз бар,- деді «Зылиха» ШҚ басшысы К.Бегалиев.
С.Громов кездесу барысында шаруалардың тарапынан айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді. Вице-министрдің жұмыс сапары әрі қарай Ақтөбе ауылдық округінде орналасқан «Ақмолда» каналының жұмысымен танысумен жалғасты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев