Basty bet
Ардагерлерге сапалы әлеуметтік-медициналық көмек көрсетілуі тиіс»
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының ұйымдастыруымен ардагерлерге медициналық, әлеуметтік көмек көрсетудің қолжетімділігі туралы кеңес отырысы өтті.
Кеңес отырысын аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды.
Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Алдымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Қазақстан Республикасының «Ардагерлер ұйымы» туралы заңының (06.05.2020 ж. №322-VI-ҚРЗ) 12 бабы ардагерлерге медициналық және әлеуметтік көмек көрсету бойынша аудандық «Ардагерлер ұйымы» аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев баяндама жасады. Ол алдымен «Ардагерлер ұйымының» мақсат-міндеттеріне тоқтала келе, ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны ерекше екендігін атап өтті.
– Қазақ «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Кешегі күні ата дәстүріміздің салты бойынша ағайын-туғаны қарттарына бар ықыласын бөліп, қолынан келгенше көмектескен. Бүгінгі күні ардагерлер мәселесі мемлекеттің қолдауында. Ардагерлер туралы арнайы заң бар. Медициналық көмек көрсету туралы денсаулық сақтау министрінің бұйрықтары бар.
Ал мүгедектерге көмек көрсету туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылға дейінгі жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жүйелі жұмыстар атқаруда. Орталықтардың қызметі егде жастағы белсенді азаматтардың санын көбейтуге, олардың өмір сүру сапасын, әл-ауқатын, денсаулығын және психоэмоционалды жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мұндай орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бар. Одан бөлек, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында, аудандық жерлерде орталықтар жұмыс істеп тұр. Осыған сәйкес, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов облыс ардагерлерімен кездесіп, қордаланған мәселелерге мән беріп, ардагерлердің сұрақтарына жауап беріп, шешімін таппаған мәселелер туралы хаттамалар толтырылып, тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктеді, – деді баяндамашы.
Осылай деген Сейітхан Шералханұы, ардагерлерге, мүгедектерге медициналық көмектің сапасын жақсарту және шұғыл түрдегі көмек, кезек күттірмейтін көмек, жоспарлы түрдегі көмек болып осы үш этаптың барлығында да жоғарғы дәрежеде кезексіз медициналық көмек көрсету айтылғандығын, бірақ бұл заң талаптары іс-жүзінде толық орындалмайтынын жеткізді. Әсіресе, бүгінгі қоғамда ардагерлердің ұзын-сонар кезекте тұруы, одан кейін бір дәрігердің екінші дәрігерге жұмсауы, одан қала берді облыстық емханаға сандалтуы т.б. жайттар орын алып жатқандығын баса айтты. Сонымен бірге, әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетудің сапасына қойылатын талаптар туралы баяндады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – ағымдағы жылдың алты айындағы ардагерлерге және мүгедектерге көрсетілген медициналық көмек жөнінде аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев және үшінші мәселе – үстіміздегі жылдың алты айындағы ардагерлерге, мүгедектерге әлеуметтік осал топтарға көрсетіліп жатқан жұмыстар бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов баяндама жасады.
Жиын барысында Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренұлы сөз алып, аудандық орталық ауруханада орын алып жатқан олқылықтар және тегін дәрі-дәрмектің уақтылы берілмейтіндігі туралы айтса, Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев ардагерлерді ауруханада кезексіз қабылдау жөніндегі мәселені көтерді. Ал, Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов ауылдық округте заманауи үлгіде дәрігерлік амбулатория салынса деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ, ардагерлер кеңесінің мүшесі Әбуғали Ералиев медицина қызметкерлерінің жұмысына деген немқұрайдылығы туралы сөз етті.
Баяндамашылардың баяндамасын тыңдап, жиында айтылған ұсыныс-пікірлерді назарға алған аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы ардагерлерге әрдайым медициналық көмек қолжетімді болу керектігін және ауруханаларда ардагерлерді кезексіз қабылдау мәселесін, медицина қызметкерлерінің жұмысына деген жауапкершілігі басты орында болуы тиіс екендігін жеткізді. Сонымен қатар, аурухана дәрігерлерінің тарапынан кемшіліктер анықталар болса, қатаң жазалану қажеттігін айтып, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Балтабайұлына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Одан бөлек, жиынға қатысушыларды алдағы уақытта ауданда заманауи аурухана салынатындығынан хабардар етіп, ардагерлерге ыңғайлы жағай жасау үшін, аудан орталығынан ардагерлер үйін салу жоспарға енгізілгендігі туралы сөз қозғады.
«Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Қарттарымыз еліміздің өткені мен бүгіні, тұнып тұрған тарихымыз. Сондықтан олардың өмір жолдары бізге үлгі-өнеге, бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Үлкенді сыйлау – ата-бабаларымыздан келе жатқан салтымыз. Әлбетте, әрбіріміз аға буын өкілдерін сыйлап, үлкен құрмет көрсетуге тиіспіз», деп сөзін түйіндеді өңір басшысы Ж.Мұртаза.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»