Basty bet

Еңбекқор, жаңашыл отбасы

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,- деп ұлы ақын Абай Құнанбаев айтқандай, еңбек қиындығымен бірге өз қуанышын да әкеледі.
Ауданымызда еңбекпен есейіп, көркейіп отырған отбасылар көп. Сол еңбекқор, жаңашыл отбасының бірі – қоңыртөбелік Қанат пен Гүлмира Наушабаевтар. Жаңашыл деген себебіміз, кейбір жандар қанша еңбек етіп мал жинаса да, өзіне қимай, ескіше өмір сүретіндер бар. Ал, Наушабаевтардың отбасында бәрі де жаңаша. Яғни, еңбек етіп, оны ұқсата жаратып, өздеріне бар жағдайды жасауда. Екіқабатты заманауи үй, заманауи ферма, аулада жаңа жеңіл автокөліктер, тағы да басқа.

Қанат Қамбарұлы 1999 жылы «Қоңыртөбе» шаруа қожалығын құрды. Шаруа қожалығы алғашында ауылдағы біраз тұрғындармен бірігіп құрылған. Кейін бірте-бірте ауыл тұрғындары бөлініп шығып, өз алдарына шаруа қожалығын құрып, өз беттерінше еңбек етуде.
Қазіргі таңда шаруа қожалығынтың 400 гектар жері бар. Оның 120 гектарына арпа, 80 гектарына мақсары егіледі. 50 гектарына күздік бидай, 50 гектарына жоңышқа егілген. Қалған жер парға қалдырылған.
Қожалық төрағасы егіс алқабын міндетті түрде агротехникалық талаптарға сай баптап отырады.
Біз ауылға барған күні де Қанат Қамбарұлы ауыл маңындағы егіс алқабында жүр екен. Екі механизатор тракторларымен жер жыртуда.
-2010 жылы лизингке МТЗ-82 маркалы тракторын, тағы қытай тракторын алғанбыз. Ескі МТЗ-80 тракторларымыз да бар. Шөп оратын Германка, бір комбайн, шөп турайтын агробөлшек, жүк көлігі жалпы, агросалаға қажетті техникалардың бәрі бар деуге болады. «Ескіні жамаймын деп есің кетеді» демекші, биыл тракторларымызды жаңаласақ деген мақсатпен тиісті мекемеге өтінішпен барып едік. Бірақ, «кешігіп қалдыңыздар», тағы да мүмкіндік болса, хабарласамыз деп өтінішімізді қабылдамай отыр. Алайда, бір шешімі табылар деген ойдамыз.
Жұбайым Гүлмираның атынан «Қамбар» шаруа қожалығын да құрғанбыз. Бұл қожалықтың иелігінде 70 бас сауынды сиыр, 50 бас ірі қарамыз, сонымен бірге 70 бас жылқымыз бар.
Былтыр 19х80 метрлік ферма соқтық. Ферма заман талабына сай жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген. Яғни, малдарға шөп салатын және малдың астын тазалайтын құрылғылар бар. Екі сауыншымыз Айнұр Түймебаева мен Зарина Коликова сиырларды сауын аппаратымен сауады.
Агрокорпорациядан жеңілдетілген пайызбен несие алып жұмысымызды жандандырудамыз.
Малдарға жем-шөп бәрі өзімізден.
Алға қойған жоспарымыз – қойма салсақ, фермамызды тағы да заманауи құрылғылармен жетілдіре түссек дейміз,- дейді Қанат Наушабаев.
Еңбекқор азамат жұбайы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсіріп, әзірге ұрпақтарынан екі немере сүйіп отыр. Үлкендері Ерболат – жеке кәсіпкер, мамандығы – заңгер. Дінмұхамед – орманшы, әкесінің көмекшісі. Қыздары Айнұр тұрмыста. Мамандығы – мұғалім. Ал, кенжелері Бейбарыс 7 сынып оқушысы.
Жұбайы Гүлмира Наушабаева ауылдық клуб меңгерушісі. Қолдарында ұлдары Ерболат пен келіндері Ақерке бірге тұрады. Ақерке ауылда мектепте мұғалім.
-Ауыл шетіндегі екіқабатты үйімізді ауылда тұрып-ақ еңбектің арқасында осындай үйде тұруға болатыны ауыл жастарына үлгі болсын деп әдейі соқтым. Адам баласы еңбек еткен соң, өзіне жағдай да жасай білуі керек. Таулы аймақтағы ауылдарымызға табиғи газ құбырлары тартылуда. Көптен күткен қуанышты жаңалығымыз – газ келсе, ауылдағы ел-жұртқа тіпті жақсы болар еді.
Шаруаның жұмысы әрине қиын. Күндіз-түні, қысы-жазы еңбек етеміз. Жұмысымыз ауыр. Бірақ, бұл – бір жағы денсаулыққа пайдалы. Таза ауа. Үнемі физикалық қозғалыс үстіндеміз. Ас-ауқатымыздың барлығы- табиғи таза өнімдер. Ата-бабамыз пайдаланған тағамдардың барлығы денсаулыққа пайдалы болған. Қазір халқымыз бірте-бірте осы тағамдарды пайдалануды қолға алып келеді. Бүгінде бүкіл әлемді толғандырып отырған коронавирус індетін жеңудің басты шарты да – тазалық пен тәртіп және табиғи таза тамақтарды пайдалану.
Күн сәулесінен қуат алатын батареялар алғанбыз. Қазір үйімізге керекті электр қуатының жартысын осы батареядан аламыз.
Ұзақ жыл шаруа қожалығымызда еңбек етіп келе жатқан механизаторларымыз бар. Олар: Батыров Усман, Хасанов Маярбек, Бондаренко Александр. Бондаренко Толик. Одан бөлек, Ринат Түймебаев, Берік Нарбеков сынды малшыларымыз бар. Жалпы сегіз жанды жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмысшыларымыздың айлығы уақтылы беріледі. Жерін жалға алған ауылдағы ағайынға да жем-шөбін дер кезінде береміз,- дейді Қанат Қамбарұлы.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close