Basty bet

Егемен елдің ертеңі – ерікті жастар

«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін!»,- деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, қай кезде де жастарға үлкен сенім артылатыны белгілі. Себебі, жастар – үлкен күш. Жарқын болашақ білімі толысқан, білігі артқан ұлтының терең тарихы мен бай тілінен сусындаған, ойы озық, өрісі кең, рухы биік жастардың қолында. Осы ретте, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, жастарға көптеген мүмкіндік берді. Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағаны белгілі. Сайып келгенде, қазіргі таңда тәуелсіз елдің жастарына үлкен үміт пен сенім жүгі артылып отыр. Осы орайда, ауданда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы жайында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушовпен сұхбаттасқан едік.

– Мейіржан Бегасылұлы, ауданда Мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы қай деңгейде?
-Аудандағы «Мемлекеттік жастар саясатын» жүзеге асыру бағыты 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заңы және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында өз деңгейінде жүргізілуде.
Жалпы ауданда статистика көрсеткіштері бойынша тұрғындар саны 52 965 адамды құраса, оның ішінде жастар 13 642 адамды құрайды, жалпы халықтың 25,7 %.
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» жастар саясатын жүргізетін негізгі мекеме. Бүгінгі таңда мекемеде 25-ке жуық қызметкерлер жұмыс жасауда. Әр ауылдық округте жастармен жұмыс жасайтын жастар ісі жөніндегі инспекторлары бар. Аталған округтегі инспекторлар әкімшілікпен бірге бір ғимаратта жұмыс жасауда. Оларға қажетті құралдарын, компьютерлерін заман талабына сай жаңалауды жоспарлап отырмыз. Ауылдық жерлерде жұмыс жасайтын жастар ісі жөніндегі инспекторлардың айлық табыстарына мемлекет тарапынан үстеме жалақы қосылса деген сұранысымыз да бар. Себебі, ауыл жастарын іс-шараларға тартып, бос уақыттарын тиімді ұйымдастырып, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерімізді сіңіре отырып, жастарды жаман әдеттердің алдын алуға баулитын осы жас мамандардың да өзіндік орындары бар.
Жастарды әлеуметтендіру процесі – бұл жастарды қоғамдық-саяси өмірге қосудың басты тетігі. Объективтілік тұрғысынан, жас ұрпақтың қоғамның дамуына қатысу мәселесі ел дамуының сапасы мен қарқынын, сипатын көрсетеді. Заңның мақсаты – жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, олардың әлеуетін әрі дамытуға бейімдеуге бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді моделін қалыптастыру.
– Мекемеге жастар қандай сұрақтармен жүгініп, қандай мәселелермен қайырылады?
– Жалпы мекемеге жастар тарапынан көптеген мәселелер келіп түседі. Соның ішіндегі ең маңыздыларының бірі – жастар арасындағы жұмыссыздық, жеке кәсіптерін ашу. Бұл сұрақтарды шешу үшін аудандық «Жұмыспен қамту орталығымен» бірлескен жоспары аясында әрекет етудеміз. Бүгінгі күнге басты мәселелердің бірі жастарды жұмыспен қамту болса, ағымдағы жылдың І тоқсанында 75 жас – тұрақты жұмысқа, 22 жас – қоғамдық жұмысқа, 81 жас – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 30 жас – әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды, 15-жас ресми жұмыссыздар есебінде тұрса, NEET жастар санатында 57 жас тіркеуде. Бүгінгі күні аудан жастары арасында жұмыссыздық деңгейі 0,5 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту орталығы» және «Жастар ресурстық орталығы» мекемелерінің бірлесуімен тоқсанына бір рет жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу жыл басында жоспарланған. Аталған жоспар аясында ақпан айында «Жақсы жұмыс – жанға тыныс» атты жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Аталған шарада 11 мекеме 33 бос жұмыс орындарын ұсынып, нәтижесінде 15 жас жұмыспен қамтылды.
-Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– 2020 жылы аудан жастарымен барлығы – 119 әртүрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілген. Оның ішінде ақындар мүшәйрасы, дөңгелек үстел отырыстары, пікірсайыс турнирі, спорттық ойындар, жастар сенбілігі және аудандық жайдарман ойындары, көкпардан жастар турнирі, қайырымдылық, жастар акциясы өткізілді. Бүгінгі күндегі жастар арасында сұранысқа ие ұлттық ойынымыз көкпар турнирі бастау алды. Аталған турнир аудан бойынша барлық ауылдық округтердегі жастардың басын біріктіріп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге оң септігін тигізуде. Турнирдің мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру және жастар арасында атқа міну мәдениетін насихаттау. Келесі бір жастар сүйіп көретін жобаның бірі – «Жуалы Жайдарлы» жайдарманшылар лигасы. Бұл шараға ауданның барлық елді мекендерінен жас жайдарманшылар келіп, өздерінің таланттарын шыңдап жатқан жағдайлары бар. Аталған жоба аясында мекеме жанынан «Жас жайдарманшылар» клубы ашылып, жастарға сахна мәдениеті, ойын ережелері тағы басқа маңызды дүниелерді үйретуде. Сондай-ақ, ежелден келе жатқан ұлттық рухани құндылықтарымызды жастарға дәріптеу аясында жыл сайын өткізу дәстүрге айналған «Жуалы аруы», «Жігіт сұлтаны» «Жас келіндер байқауы», «Қариялар байқауы», «Асыл әжелер» секілді байқаулар жоспарда тұр.
-«Өткен жылға өкпем жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, 2019 жылғы Жастар жылын қалай қорытындыладыңыздар?
– 2019 жыл Жастар жылы аудан жастарына үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Себебі, ауданымыздан көптеген жастар жетістіктерге жетті. Республика және облыс көлемінде өткен байқаулар мен жарыстарда Жуалы жастарының шоқтығы биік болды. 2019 жылы Жастар жылын қорытындылау мақсатында «Жуалы Жайсаңдары» атты аудандық жастар байқауы өткен болатын. Аталған шарада кәсіпкерлік, шығармашылық, құрылыс, мемлекеттік қызмет, білім және тағы басқада салаларда жемісті еңбек еткен жастар аудан әкімінің сыйлығымен марапатталды. Аталған байқау биылғы жылы да өз жалғасын табатын болады.
-Ал, биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еріктілер жылы деп жариялап отыр. Бұл бағытта біздің ауданда қандай жоспарлар бар?
Ағымдағы жылы аудандық кірістер басқармасына 441 жас өз кәсіптерін ашып, тіркелген. Жуалы ауданында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында Жастар жылына орай жаңа бизнес идеяларды дамытуға бағытталған жастар жобаларын қолдау аясында ауданға 116 млн 875 мың теңге инвестиция тартылған болатын. Биылғы жылға 45 жасқа шағын кәсіпкерлікті дамытуға несие беру, 100 жасқа қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр.
2020 жылды Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Еріктілер жылы» деп жариялағандығы белгілі. Осы жылы ауданда еріктілердің саны көбейіп қана қоймай, әртүрлі бағыттарда еріктілік жұмыс жасауды қолға алудамыз. Бүгінгі таңда аудан еріктілерінің бастамасымен «Таза әлем», «Қамқор», «Білім», бағыттары бойынша жұмыстар басталып та кетті. Ерікті жастар жалпы сенбіліктерге, жалғыз басты қарттарға және көпбалалы аналарға көмек көрсету, көпбалалы отбасылардың балаларына ағылшын курсын тегін оқыту секілді тегін қызметтерге өз үлестерін қосуда. Осы аталған шаралардың басы-қасында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіруде. Жалпы биылғы Еріктілер жылын жоғары деңгейде өткізуге аудан әкімдігі тарапынан қажетті қаражаттар бөлініп отыр. Аталған қаражаттар еріктілердің формасына, іс-шараларына және жыл соңында жақсы жұмыс көрсеткен еріктілердің қатысатын лагеріне бағытталмақ. Сонымен қатар, мамыр айынан бастап, егер елімізде төтенше жағдай алынса ауылды жерлердегі аз қамтылған отбасылардың үй-жайларының жөндеу жұмыстарына еріктілер көмек көрсетпек. Ауданымызда карантиндік жағдай орын алуына байланысты мекеме жанынан құрылған «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық клубының ерікті жастары аудан тұрғындарына мүмкіндігінше көмектер беруде. Айта кетсек, 30 наурыз бен 6 сәуір аралығында еріктілердің ұйымдастыруымен кәсіпкерлерді тарта отырып, аудандағы аз қамтылған 139 отбасыға азық-түліктей көмектер берілді. Ал аудандағы ерікті түрде жұмыс жасап жатқан тігін шеберханаларының көмегімен барлығы 574 отбасыға 3651 қорғаныш маскалары тегін таратылды. Сонымен қатар жастар ісі жөніндегі инспекторлар мен еріктілердің көмегімен аудан бойынша коронавирустың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, үнпарақтар таратылуда.
Бүгінгі таңда республикамыздың барлық өңірінде десек те болады, жастар арасында көптеп кездесетін өзекті мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Біздің аудан ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған аудан болғандықтан жастарымыздың көбісі дерлік жеке мал шаруашылығын құрып, жерге егін егумен айналысуда. Аталған жастарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар және шағын кәсіптерін қолдауға арналған несиелер берілуде. Бүгінгі таңда кәсіпкерліктің «Бастау» курсының әр кезеңінде 30 пайыз жастарды оқытуды да міндеттеп отыр. Бұл дегеніміз – жастардың болашағына деген оң көзқарастың қалыптасқанын білдіреді. Ауданымызда бүгінгі таңда жұмыссыз жастардың санын азайту мақсатында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, жұмыссыз жастарды аудан аумағында салынатын құрылыс нысандарының жұмысына, сонымен бірге, «Жасыл ел» жастар жасағы арқылы босаған бос жұмыс орындарына жастарды тартудамыз.
-Әңгімеңізге рақмет! Жастарға жүктеліп отырған сенім жүгін ойдағыдай атқарып шығуларыңызға тілектеспіз.

Сұхбаттасқан
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close