Basty bet

Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз

«Ел қадірін ел баққан ерлер білер, зер қадірін зер соққан зергер білер» демекші, егеменді еліміздің қиын қыстау кезеңдерді өткеріп, еңсесі биік, терезі тең мемлекеттер қатарынан көрінуі үшін талай қажырлы еңбек пен уақытты талап етті. Бұл жолда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымен бірге жұртының жағдайын жақсартуға, әлемге атын шығаруға көп еңбек еткені баршамызға аян.
Талай қиын жылдарды бірге еңсеріп, тәуелсіз мемлекет атанып, халқымыз бейбітшілікте ғұмыр кешуде. Осы бейбіт күнде тұтқиылдан келген індеттің салдарынан еліміз тағы бір қиын кездерді басынан өткеруде. Дәл осы сәтте елімен бірге ой бөлісіп, отандастарымен бірге екенін Елбасы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы арқылы танытып отыр. Мақалада елін, жерін шексіз сүйетін Елбасы халқының амандығына, денінің саулығына алаң күй кешетінін білдірді. Бүгінгідей ұлт саулығы сынға түскен сәтте барша халықты сабырлылыққа, байсалдыққа шақырып, ақ тілеулі сөзін арнады.
Бүкіл әлемге жаппай таралған коронавирус індеті барша адамзатты алаңдатып отыр. Осындай сын сағаттарда әлем елдері қатерлі індетке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның ақыл-ойын, күш-қуатын ортақ мақсатқа жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етуде. Себебі, кез келген мемлекет үшін ұлтының саулығы, амандығы ең маңызды дүние. Өйткені, мемлекет пен ұлт егіз ұғым. Бұл ретте, Елбасы болашақ үшін алда күтіп тұрған осында алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған көптеген реформалардың дұрыс болғанын өмір өзі дәлелдеп отырғанын атап өтті.
Мақалада Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен сара жолында күрделі де қиын қыстау кездерді бастан өткергеніміз айтылды. Шын мәнін де солай-ақ. Елбасы мақаласын оқи отырып өткенімізге көз тастадық. Бүгініміз бен ертеңімізді сараладық. Жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Бізді әлем таныды. Мұның барлығы Елбасының салиқалы саясатының арқасында жеткен белестеріміз. Татулық пен бірлігіміздің арқасында еңсерген дара жолымыз.
Сонымен қатар, мақалада мемлекетіміздің бірлігі, татулығы, халқымыздың бойындағы асыл қасиеттері кеңінен айтылды. Бұл уақытқа дейін тарих беттерінде қазақ халқының басынан өткен қилы замандары тайға таңба басқандай жазылып қалды. Оның барлығы бірлік пен сабырлықтың, шыдамдылық пен төзімділіктің арқасында жеңгенімізді де саралап көрсетіледі. Сол себепті де біз бірлік пен ынтымақты, достықты, бауырмалдықты ту еткен халықпыз. Бүгінгі күні ел басына күн туған шақта дәл осы асыл қасиеттерімізді ұмытпай, тәртіпке бағынып, ұйымшылдық танытуға үндеп отыр.
«Алдыңғы толқын ағалар, кейіні толқын інілер» демекші, Елбасы осындай сын сәттерде аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне өз сөзін арнап, оларға халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгілік амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеуге шақырды. Ұрпақтар сабақтастығы ретінде Елбасы жастар қауымына да қайырылды.
Тұңғыш Президент: «Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ – сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді» деп еліміз үшін қызмет ететін шағымыздың жеткенін тағы да бір айқындап берді. Иә, Елбасымыз болашағын жалғастыратын, дамытатын жастарға әрқашан үлкен сенім артып келеді. Ол үшін жастарға көптеген мүмкіндіктер жасалып, олардың шет елде білім алуына, кәсіппен айналысуына барынша жағдайлар жасалып жатыр. Мұның барлығы жастарға арналып жатқан дүниелер. Себебі, ол жастарды болашақ та қазақ елін дамытады, ең керемет ел етеді деп қатты үміт артады және «Мәңгілік елге» жол бастайды деп сенеді.
Міне, осы сенімнің үдесінен шығып, жүктелген жауапкершілік жүгін ойдағыдай алып шығу үшін ел жастары еш аянып қалмайды деп сенемін. Себебі, қай кезде де жастар алдыңғы шептен көрінеді. Күш-қуаты тасыған, көзінде жалын оты, жүрегінде еліне деген зор сүйіспеншілігі бар, жарқын болашаққа нық қадам басқан жастардың өзін танытатын уақыты жеткен секілді. Қазақ халқы мейірімді, бауырмал халық. Осы ретте, тәуелсіз елдің ұландары індеттің алдын алуда жігерлілік танытып, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсете біледі деп сенемін. Оны олар іспен де дәлелдейтіні де сөзсіз.
Мен егемен еліміздің ақ таңы атқан сәтте дүниеге келген тәуелсіздік құрдастарының бірімін. Яғни, тәуелсіз елдің ұрпағымын. Еліммен бірге бойжетіп, өмірдің белестерінен өтіп келе жатқан жастардың бірімін. Біз тәуелсіз елде білім алып, еңбек етудеміз. Бұл бізге берген үлкен бақ деп білемін. Біздің балалық шағымыз шат күлкіге толы, еш алаңдаусыз өтті. Еркін ел де қырандай қалықтап, қанатымызды кеңге жайып еш алаңдамай өстік. Сондықтан арайлап атқан ақ таңымыз, бейбіт өміріміз үшін алғысым шексіз. Осы орайда мен де өз тарапынан қолымнан келгенше халымның амандығы мен саулығы үшін барымды салып еңбек ететін боламын.
Ұлы Абай атамыз отыз жетінші қара сөзінде «Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандықта қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» деген сөзі маған үлкен ой тастады. Бүгінгі басымызға түскен қиын күндердің артынан арайлап жақсы күндеріміз ататынын сездірді. Бойыма үміт отын сыйлады. Сондықтан баршаңызды алаңдатушылық пен сабырсыздыққа, араңдатушылық пен тәртіпсіздікке бой алдырмауға шақырамын. Тәртіпке бағынып, бірлігіміз бен татулығымызды бекем ұстап, бұл індетті бірге жеңейік. Біз біргеміз. Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз.
Айгүл Қалымханқызы,
Тәуелсіздік құрдасы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close