Basty bet

Күрделі жағдайға баса назар аударылады

Қазір әлем елдері коронавирустық инфекциямен күресуде. Қауіпті індеттің таралмауы мен оның алдын алу жұмысы біздің елде де жүйелі жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай режимі енгізілгені баршамызға белгілі. Бір ай көлеміне белгіленген төтенше жағдай режимінің сәуір айының аяғына дейін ұзартылуы туралы хабарды бүгін отандық телеарналардан көріп, таныстым.

Бүгін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комисияның отырысы өткізілді. Онда ел Президенті коронавирустың таралуын барынша бәсеңдету үшін қажетті шаралардың жасалып жатқанын, әлемде және өз еліміздегі қалыптасып отырған күрделі жағдайға байланысты жарияланған Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын ел еңсесін көтеретін өте маңызды да мазмұнды үндеу деп жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссияның отырысында шұғыл шаралардың арқасында аты жаман індеттің аз таралғанын, басқа да жағдайлардың алдын алу мақсатындағы жұмыстарды халықаралық қоғамдастықтың да оң бағалап отырғанын тілге тиек етті.

Шынында, елімізде індеттің алдын алуға бірінші күннен-ақ баса көңіл бөлінді. Президент тапсырмасымен өте шұғыл шаралар қолға алынды. Бұл жұмыстар әр өңірде атқарылып жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп отыр. Сын-қатерлерге толы уақытта мұндай шаралардың маңызы зор. Күрделі кезеңде халықтың жағдайына да баса көңіл бөлініп, жұмысынан уақытша айырылғандарға ең төменгі мөлшердегі жалақының көлемінде жәрдемақылар берілуде. Сауда орындарындағы азық-түлік бағасына да баса назар аударылуда. Бұған жауапты тиісті министрліктердің бірлескен бұйрығымен бірінші қажеттіліктегі азық-түліктің шекті бағалары да бекітілді.

Президент төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комисияның отырысында елдегі күрделі жағдайға қарамастан көктемгі дала жұмыстарының жалғаса беретінін де айтты. Өйткені, бұл маңызды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша бірқатар жобалар қолға алынатыны да мәлім болды. Мұның бәрі халықтың тұрмыс жағдайы мен балаларымыздың ертеңгі жарқын болашағы үшін жасалып отырған жағдай. Сол себептен де, мұндай қиын-қыстау кезеңде қарапайым халық мемлекет қамқорлығын сезінуде. Осыларды терең ескере отырып ел ішіндегі жағдайға түсіністікпен қарап, сақтық шараларын барынша сақтау маңызды.

Әлемде жағдай күрделене түскен алмағайып уақытта бір-бірімізге жанашырлық танытып, жомарттығымыздың сыналар сәті келді деп ойлаймын. Бұл бағытта біздің ауданда бірқатар қайырымдылық шаралары қолға алынып, атқарылып жатқанынан хабардармын. Мұндай шаралар аз қамтылған отбасыларға әжептеуір көмек. Төтенше жағдай режимінде барлық қиындықтарға дайын болуымыз қажет. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мемлекеттік комиссияның отырысында осыны баса айтып отыр. Күрделі кезеңде халықтың жағдайына баса назар аударылатынын естен шығармаған жөн.

 

Кәрібай ҚҰРМАШЕВ,

Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close