Basty bet
Күндер көшіп барады
Абай өткеннің, бүгіннің және алдағы мыңжылдықтағы адамдардың ұрпақтарына сабырмен ақыл-кеңес беріп отыратын. Өлмейтін, жоқ боп кетпейтін абыз.
Ұлттық тамырға нәр беру үшін ұлт болып әрекет жасау керек. Сонда ұлт бәйтерегі өседі.
Бүгінде сырласарға, көңіл үнін айтарға жан таппайсың. Мұндай кездегі серігім, ойым, досым қағазым мен қаламым.
Тым қайғыға салыну, уайымға түсу еш пайда алып келмейді. Керісінше, ортада сүйкімің кетеді. Себебі, адамдар шуақты, көңілді жандарды қалайды.
Жалқаулықтан жексұрын нәрсе жоқ. Екіжүзді пәлекет ол. Сені қатардан қалдыратын да, сені кедей, сүйкімсіз ететін де сол. Онымен дос болма.
Жұрт жасағанды мен одан да жақсы жасай аламын деген сенім серігің болсын. Не нәрсені бастадың ба аяқтауға тырыс. Бітірген ісің сенің төлқұжатың.
Біреудің қателігін айттың екен жөндеудің жолын көрсет. Олай ете алмасаң, айтпа.
Таланттың да қуат көзі болады. Оны да толтырып отыру керек. Кейбір көркем шығарма деп жүргендеріміз киім сататын дүкендердегі киімсіз маникендер сияқты. Көркем шығарманың көркем тілі, сөзбен салынған суреті, музасы мен үндестігі, оқырманды жібермей ұстап алатын күші болуы керек емес пе. Тағы да Абай айтқандай, «сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай» болып тұрмай ма.
Тексіз жан терең болмас. Саяз болғаннан да былығы мен шылығы көрініп тұрады.
Алыс жол. Кемеңгер ұстаз. Ол саған қасыңдағы жолсерік адамның кім екенін танытады.Татымсыздарға жасаған жақсылығыма емес, жұмсаған уақытыма өкінемін.
Гүлтас Сайынқызы,
Назарбаев университетінің профессоры.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы