Basty bet

Бала тәрбиесі – баршаға ортақ мәселе

Педагогтардың тамыз кеңесі «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында жаңа форматта өтті

Еліміздің жарқын болашағы саналатын балаларға білім мен тәрбие беру – болашаққа салынған ең жақсы әрі сенімді инвестиция болып саналады. Әсіресе, қазіргідей күрделі кезеңде білім саласына, оның ішінде, білім берудің сапасына, тәлім-тәрбие мәселелеріне, педагогтардың біліктілігін арттыру, тағысын тағы маңызды мәселелерге баса назар аударылуы қажет. Мемлекет те бұл мәселеге аса басымдық беріп, саладағы жұмыстарды жүйелеуге барынша күш салу үстінде. Айта кетсек, білім беру саласында бірқатар маңызды реформалар да жүргізіліп, өз жемісін бере бастағанын да көзіміз көріп отыр.

«Тамыз кеңесі» – бұл жалпы педагогтардың жай ғана бас қосып, марапат алатын алаңы ғана емес, бұл білім саласындағы түйткілді әрі өзекті деген мәселелерді талқылауға әрі шешімдер қабылдауда және ақылдасуға таптырмайтын басқосу екені белгілі. Педагогтардың биылғы дәстүрлі Тамыз кеңесінің жаңа форматта ұйымдастырылуы да көп жайдан хабар берсе керек.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мәлімдегендей, биыл білім беру қызметкерлерінің дәстүрге айналған тамыз кеңесі екі күнге жалғасады деп шешім қабылданған. Осы жылғы шара «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өтуде.
Айта кететін болсақ, 24 тамызда еліміздің барлық өңірінде өз тақырыптық бағыттарына сәйкес секциондық отырыстар өтті. Биыл Жамбыл облысына «Білім беру саласындағы бақылау және бағалау» тақырыбы бекітіліп беріліп отыр.
«Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің дәстүрге айналған кеңесі Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында өтті. Маңызды жиынға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова қатысты.
Ауданның білім қызметкерлері облыста өткен тамыз кеңесіне бейнебайланыс арқылы тікелей қосылды. Тамыз кеңесінде Білім саласындағы сапаны бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова арнайы сөз алып, жалпы биыл білім саласындағы өзгерістер мен жаңалықтарға тоқталды. Спикердің айтуынша, биыл білім саласы елеулі өзгерістерге толы болмақшы. Бір сөзбен айтқанда, педагогтарды жұмысқа қабылдау және марапаттау тәртіптері, баланы балабақша мен мектептерге кезекке қою, т.б. сонымен қатар, ең маңыздысы, биыл мектептерде балалардың білімімен қатар, тәлім-тәрбие мәселелеріне де түбегейлі өзгерістер енгізілмек. Салада басқа да маңызды жаңалықтар жеткілікті.
Майра Тұрғанбайқызы өз сөзінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасын орындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы Оқу-ағарту министрлігінің тікелей бақылауында болатынын атап өтіп, педагогтардың алдында білім саласындағы бәсекелестікті арттыру, құндылықтарға негізделген тәрбиені дамыту, тағы басқа маңызды белгіленген межелі міндеттердің тұрғанын, оны сапалы атқару ісі білім қызметкерлерінің тікелей міндеті екенін де жеткізді.
Айта кету керек, ұстаздардың басын қосқан алқалы жиында облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы да сөз сөйлеп, өңірде білім саласын дамытуға басымдық беріліп отырғанын, атап айтқанда, облыс бюджетінің жартысынан астамы дәл осы білім саласын дамытуға жұмсалып жатқанын, одан бөлек, биыл бастауыш сыныптың оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге облыс қазынасынан қаржы қарастырылатынын, ең маңыздысы – білім саласын ақпараттандыру кезек күттірмейтін мәселе екенін, сондай-ақ салада шешімін күткен басқа да мәселелерге кеңінен тоқталды. Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов білім беру саласында, жалпы балаларға ең бірінші ұлттық рухани тәрбиенің берілуі қажет екенін де ерекше атап өтіп, салаға жауапты басшыларға нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Тамыз кеңесінің барысында аймақ басшысы Н.Нұржігітов, Білім саласындағы сапаны бақылау комитеті төрағасының орынбасары М.Мелдебекова өңірдің білім саласына қосқан қомақты үлестері үшін бірқатар үздік қызметкерлерді салалық медальдармен және Құрмет грамотасы және Алғысхаттармен, жетістіктері үшін бірнеше ұстазға қаржылай сыйлықтың Сертификаттары салтанатты жағдайда тапсырылды.
«Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында ауданда өткен жаңа форматтағы тамыз кеңесінде де білім саласына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Жиын жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев қатысты.
Білім беру қызметкерлерінің басын қосқан маңызды жиында өңір басшысы Ж.Мұртаза сөз сөйледі.
-Құрметті ұстаздар!
Қымбатты қонақтар!
Бүгін біз тағы бір жаңа оқу жылының қарсаңында кездесіп отырмыз. Сондықтан, ең алдымен баршаңызды алдағы Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Білім – тамыры терең, танымы мол ерекше ұғым. Биылғы педагог қызметкерлердің бірыңғай республикалық тамыз кеңесінің пленарлық отырысының «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өтуі орынды деп санаймын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар ғана құрады. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуға тиіс» дей келе, «Тәрбие тал бесіктен басталатынын» ескере отырып, өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық қағидаттарын сіңіреміз десек, ең алдымен оған өзіміз өнеге көрсетер тұлға болуымыз керектігін атап өтті.
Біз жастардың бойындағы өнер-білімге, ғылымға, жаңашылдыққа деген серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейтуіміз және дамытуымыз қажет. Білімді дамыту арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру – алдымызда тұрған үлкен міндет. Мұны біз абыроймен атқаруымыз керек.
Мектеп – білім ордасы. Ал, қоғамның болашағы білімі терең, азаматтық позициясы айқын және мәдениеті жоғары жастарды тәрбиелеумен тікелей байланысты болмақ. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы адал еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Игілікті істеріңізде әрқашан асқақ абырой мен жоғары мәртебе тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков баяндама жасап, ол өңірде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталып, білімнің сапасы, оның ішінде, ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ-ның) қорытындысында жетістікке жеткен және көш соңында қалған мектептерді де атап өтті. Бөлім басшысы Нұрмахан Аманбайұлының айтуынша, биыл мемлекеттік грантқа ие болған түлектердің саны былтырғыға қарағанда едәуір артқан.
Білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын арттыру бағытында биыл ауданда үш мектепте құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бөлім басшысы өз сөзінде, ендігі кезекте жөндеуді қажет ететін мектептерді де атап көрсетті.
Жиынның соңы салада елеулі жетістіктерге жеткен педагогтарды марапаттауға ұласты. Тамыз кеңесінде ең алғаш марапат алғандардың бірі – ардагер ұстаз Тілеуқабыл Наралиев (Бірінші суретте). Жарты ғасырға жуық ғұмырын өңірдің оқу-ағарту, жас ұрпақ тәрбиесі саласына арнаған Т.Наралиев Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» салалық медаліна ие болды. Ардагер ұстаз бұған дейін Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Талас ауданының және Жамбыл облысының Құрметті ардагері атақтарын иеленген. Марапатты аудан әкімі Жалғас Мұртаза тапсырды.
Қасиетті өңірдің білім және тәрбие саласының дамуына елеулі үлестерін қосқан ұстаздардың үлкен тобына аудан әкімі Ж.Мұртаза Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталарын және өз атынан да Құрмет грамотасын, Алғысхаттарды салтанатты жағдайда тапсырды. Ұстаздардың тағы бір тобы аудандық мәслихаттың және «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының марапаттарына ие болды.
Айта кету керек, білім саласында еңбек етіп жүрген педагогтардың бірқатарына аудандық білім бөлімі және салалық кәсіподақ комитетінің тарапынан марапаттармен және Алғыс жариялаумен қатар бағалы сыйлықтар да табысталды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close