Basty bet
Өмірін өнерімен өрнектеген
Ата-бабаларымыз «Өнер – ағып жатқан бұлақ» деп бекер айтпаған. Өйткені адамның бойына Алла Тағаланың әмірімен даритын бұл қасиет екінің бірінде кездесе бермейді. Осындай оймақтай ойымызды Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, әдіскер-ұстаз, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Алматы облысы Жамбыл ауданының құрметті азаматы, қажы апамыз Күміс Пармашқызына қатыстыра сабақтасақ, әсірелегендік бола қоймас деп ойлаймыз.
Күміс Пармашқызы 1940 жылдың бірінші маусымында Жамбыл облысының қазіргі Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келді. 1957 жылы қазіргі Құрманбек Сағындықов атындағы мектепті Алтын белгімен тамамдағаннан кейін Әл-Фараби атындағы университетке түсіп, оны қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шығады. Болашағынан үміт күттіретін ізденімпаз түлекке университетте қалып, ғылыми жұмыспен айналысуға ұсыныс жасалған болатын. Жас маманның алдынан осылайша жарқын жол ашылып тұрғандай еді. Алайда ол ғылыми жұмыспен айналысқаннан гөрі балдырғандармен жұмыс істегенді, тікелей оқу-тәрбие жұмыстарымен айналысқанды қалады. Сөйтіп, өзі оқыған мектепке мұғалім болып барды. Қазір ойлап отырса, бұл таңдауы да сәтсіз болмаған сияқты. Ұстаздық қызмет атқарған жарты ғасырдың 20 жылын мектеп басқарумен өткізіпті.
1973 жылдың басында Күміс Пармашқызы отбасымен Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылына көшіп келіп, аудандық білім бөлімінде әдіскер болып істейді. 1975-1980 жылдары Үлгілі орта мектебінде директор болып қызмет етеді. 1980 жылы Дегерес орта мектебіне директорлыққа тағайындалады.
Дегерес орта мектебіне басшылық еткен жылдарым арманыма қанат бітірді, мектеп оқушылары, ауыл тұрғындары атсалысып, биік белестерді бағындырдық. Зейнеткерлік жасқа дейін тыным таппай осы білім ошағында еңбек еттім. Дегерес орта мектебі оқу сапасы жағынан алдыңғы қатарда болды. Соның нәтижесінде әр жылы 2-3 оқушыдан үздік бітіріп отырды. 1981 жылы мектеп бітіретін оқушыларым облыс көлемінде үндеу көтеріп, совхоздың қой бордақылау бөліміне жұмысқа баруды ұйғарды. «Құрдастар» деп аталған оқушылардан құралған мал бордақылау ұжымы совхозда – жемісті жұмыс істеп, жолдама арқылы жоғары оқу орындарына түсіп жатты. Мектеп бітірушілердің осы бастамасы газет-жорналдарда жарияланып, теледидардан үздіксіз көрсетіліп тұрды.
Осындай қарқынды жұмыстың нәтижесімен танысуға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев үш жыл қатарынан Дегереске келіп, өзінің ризашылығын білдірді. 30 оқушы мен бес мұғалім тегін туристік жолдамамен Мәскеу қаласын аралап қайтты.
1982 жылы мектепті төрт оқушы Алтын медальмен бітіріп, жоғары оқу орындарына түсті. Солардың бірі – Халық шаруашылығы институтының экономика факультетіне түскен Жұмакүл Әбішева екінші курс оқып жүрген кезінде Қазақ ССР жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. Жыл сайын мектепаралық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, облыстық оқу бөлімінен мектепке тіркемесімен трактор алынды, екі мұғалім «Оқу ісінің үздіктері» атағын иеленіп, оншақты мұғалімге Социалистік жарыстың жеңімпазы белгісі тапсырылды – дейді Күміс Пармашқызы.
1985 жылы 15 одақтас республикалық кәсіподақ басшылары Дегерес орта мектебінің жабдықталуы мен оқу сапасын бақылауға келіп, мектептің атқарған жұмыс барысына жоғары баға беріп кетеді. Сол жемісті жылдардың нәтижесі совхоз директоры Жүсіпәлі Нүкетаевтың «Дегерестің сәйгүліктері» атты кітабында мақтанышпен баяндалды.
Күміс Пармашқызы мектеп басшысы бола жүріп, аудан бойынша халық педагогикасын алғаш қолға алған ұстаз. Ә-дегенде, “Бүркітшілер” мектебін құрады, 60 оқушы мүше болған үйірмеге бүркітші Ұзақов Мақан жетекшілік етті. Бүркіт баптаудың қыр-сырын әбден меңгерген Мақан көптеген атышулы бүркітшілер дайындап шығарды. 1991 жылғы желтоқсан айында Алматы қаласындағы үлкен спорт кешенінде алғаш өткен “Бүркітші” ұлттық мейрамына Күміс Пармашқызы басқарып барып, мектептің 40 оқушысы қатысып, Ерғазы, Жанғазы, Мағаш Ұзақовтар жүлделі орындарды иеленді. Мағаш, Нартай Ұзақовтар бүркіт баптаудың үздіктеріне айналды. Олар бүркіт, қаршығасын иығына қондырып, Германия, АҚШ, Польша, Тайланд елдерін аралап, бүркітшілік өнерін дәріптеп қайтты.
“Бүркітшілер” мектебінің ізімен, құлашын кеңінен жайып, атбегілер мектебі де құрылды. “Сәйгүлік” үйірмесі өз жұмысын сәтті атқарды. Оқушылар жүйрікті құлын кезінен баптады. Жастардың жылқы туралы түсінігін жан-жақты қалыптастыру үшін көп ізденіп, жылқы туралы білетіндерді де үйірме жұмысына қатыстырып отырған Күміс Пармашқызы жылқы малы туралы ата-бабамыз білгендердің бәрінен мағлұмат беруге тырысты. Мысалы, жылқының тұқымына қарай бөлінуі, өсуіне қарай аталуы, шабыс аттарының түрлері, қысырақтардың жіктелуі, саяқ аттары, жылқы күзеу, жылқының аурулары, ер-тұрман атаулары, ен-таңба салу әдістері, биенің сауылуына қатысты түрлі атаулар, қымыз түрлері, қымызға арналған ыдыстардан бастап, қасиетті жылқы малын қалай баптау, шалма тастау, өздері бәйгеге қосып жүрген жүйріктерінің шығу тегін білу сияқты жұмыстар үзбей жүргізіліп отырды. Жылқы малының қасиетін жақсы түсінген сол кездегі оқушыларының көбі қазір бәйге аттарын ұстап, бүкіл Қазақстанға аттары шығып жүр.
Күміс Пармашқызы – қоғамдық жұмыстарды да белсене атқарған қайраткер, 1980 жылдан бері үзбей 40 жыл әйелдер кеңесінің төрайымы. “Келісіп пішкен тон келте болмас” демекші, адам санасындағы жылт еткен жаңалықты дер кезіңде байқап, оның дұрыс шешімін тауып, іс жүзіне асыру оңай шаруа емес. Сондықтан әйелдер кеңесінің алдына қойған мақсатын көпшілікке шынайы жеткізу үшін көпті көрген қариялар мен ақ жаулықты аналардың жылы сөздері мен құнды пікірлері қажет болды. Сол себепті қарияларды жинап, жастар тәрбиесіне байланысты әртүрлі мәселелер төңірегінде әңгіме өткізіп, қазіргі уақытта ұлттық үрдіс–үлгілеріміз ауыр зардап шегіп отырғандығы туралы көпшілікке түсіндірді. “Ақсақалдар алқасын” құрып, оның жоспарын жасауға атсалысты.
Аудандағы аналар, әйелдер мен қыздар әйелдер кеңесінің назарында болуын қадағалады. Айталық, әйел-аналар отбасын мықты ұстаумен қатар бала тәрбиелеуге, олардың мүддесін қорғауға белсене араласуын ұйымдастырды. Тұрмыста кең етек ала бастаған қолайсыз жайдың бірі – жас отбасылардың ажырасуы еді. Осындай жастарға кеңес мүшелері отбасы сыйластығы мен әулеттік тату-тәтті өмір сүруі әйел-аналарға сын екендігін түсіндірді. Отбасы бірлігін нығайтып, ырыс-берекесін арттыру мақсатында жастарға, әсіресе қыздарға үзбей ақыл-кеңес беріліп тұрды. Аналар жиындарында жалғызбасты келіндердің ата-енелерін құрметтеп, балаларын жақсы тәрбиелегендері атап өтіліп, сыйлықтар ұйымдастырылды.
Нарық заңы екі бүйірден қыспаққа алған шақта “Жуалы” кілем фабрикасымен келісіп, әртүрлі құрал-саймандар мен қажет бұйымдарды әкеліп 50 кісілік қолөнер цехын ашқанын тағы білеміз. Бұл цехта 18 адам кілем тоқып қалғандары пима, қалпақ, сырмақ жасап алаша қоржын тоқылып, киіз басылған. Іс машинасы мен кесте тігіліп, ұлттық үлгідегі киімдер, тұрмысқа қажетті заттар да жасалған. Цех бұйымдары Алматыдағы “Мейрас” дүкені арқылы сатылып, жұмысшыларға табыс көзі болған.
Әйелдер кеңесінің ата дәстүрімізді қайта түлетумен қатар, аналар мен балаларға қамқорлықты жақсарту бағытындағы батыл қадамдары ізгі ниетті көпшіліктің назарын өзіне аударды. Әйелдер кеңесінің жұмысымен танысу мақсатында Совет әйелдері комитетінің төрайымы Алевтина Васильевна Федулова, осы комитеттің қоғамдық-саяси ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Күмісжан Сағындыққызы Өмірбаева келіп, атқарылған шараларды көріп, риза болып қайтқан. Қазақтың әртүрлі ұлттық бұйымдарының айрықша жасалуын өз көздерімен көрген олар меймандар құрметіне қойылған концертті тамашалап, құда түсу, қыз ұзату, бесікке салу, тұсау кесер сияқты дәстүр, салтымыздың бұрыңғы үлгілерімен танысқан еді. Осы жылы Күміс Пармашқызы Алматы қаласында өткен Қазақстан Әйелдерінің III съезіне делегат болды.
1986 жылдың басында өнерлі, данагөй аналардан “Ақ әжелер” ансамблін ұйымдастырған ол, ансамбль бағдарламасында республикамыздың тіл туралы заңының талаптарын мұқият ескерген еді.
Соған орай алуан түрлі ұлттық дәстүріміздің артықшылығын даріптейтін халықтық көне туындылары бағдарламадан беріп орын алды. Мәселен, Неке қияр, Той бастар, Сыңсу, Жар-Жар, Аушадияр, Жоқтау, Бәдік, Жарапазан мен бірге, сәбиге азан шақырып ат қою, бата беру, «Бесік той» мен «Тұсау кесерге» айрықша назар аударылды.
1989 жылы ансамбль мүшелері Мәскеу қаласында өнер көрсетіп, «Адамның жан дүниесі» атты фильмге түсті, халық шығармашылығы байқауының жеңімпазы атанып, бірінші жүлдені иеленіп қайтты. Ансамбль мүшелерінің дауыстары орталық радионың «Алтын қорына» жазылып алынды.
Осыдан кейін-ақ шақырумен ансамбль құрамы Польшада, Қытай, Түркия, Моңғолияда болып, көрермендер ризашылығына бөленді.
1990 жылдың 25-30 наурыз күндері Алматыдағы қазақ циркінде өткізілген «Наурыз Думанда» өнер көрсеткен әжелер ұлттық өнеріміздің ең асылы мен тұнығын, көкірек түкпірінде көзінің қарашығындай сақтап келген әдет-ғұрып, салт-дәстүрді, рәсімдерді өнер тілінде жеткізе білді. Сол жылы Алматыдағы өнер институтында өткен халық әндерін зерттеуші ғалым А.Б.Затаевичтің туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекеде өнер көрсетіп, дүниенің төрт бұрышынан жиылған сазгерлердің ыстық ықыласына бөленді.
Әжелер өнері «Президенттің бір күні», «Әурелең», «Халық дәстүрі», «Балбөбек», «Жыр кесе», «Бақыт құсы», «Қарасай», «Халық өнері», «Наурыз тойы» т.б. фильмдерде көрініс тапты.
1991 жылдың 15-шілдесінде ансамбльдің шеберлігінің өсу деңгейін ескере келе Мәдениет министрлігі өнерлі әжелерге «Халық ансамблі» деген атақ берді. Ансамбль болып ұйымдасқан 35 жыл ішінде әжелер тобы Алматы облысының барлық аудандарын, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының біраз жерлерін аралап бабалар дәстүрін, тіліміз бен дінімізді дәріптеуге шынайы тілектестік таныта білді.
2006 және 2016 жылдары жазда Күміс Пармашқызы әжелер тобын бастап, «Жамбыл шежіре» атты экспедиция құрамында бірнеше облысты аралап, Жамбыл атамыздың 160 және 170 жылдықтарына экскурсия жүргізіп, өнер алмасып қайтқан.
2019 жылдың шілде айында жастарды жиып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қазақстанның тарихи жерлеріне 5 күндік саяхатқа апарып келді.
Күміс Пармашқызы жетекшілік ететін әжелер тобы өнер жолында жастарды тәрбиелеуге көп еңбек сіңіруде. Мәселен 5-6 жыл ансамбль құрамында болып, «Сыңсу» айтқан Жанар Құланбаева бүгінде консерваторияны бітіріп, жолдасы екеуі Астана телеарнасында жұмыс істейді. 10 жасынан «Жарапазан» айтқан Бейбіт Мамытбаев та консерваторияны бітірді, сыбызғы маманы. Ансамбльде «Беташар» орындайтын Ержан Қосбармақов қазір атақты халық әртісі.
Халқымыздың көздің жауын алатын, сәнді ұлттық қолөнерін насихаттаудағы Күміс Пармашқызының еңбегі ерекше. Өзінің іскерлігі, біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған жанның өз қолынан шыққан қазақтың ұлттық бұйымдарын шетелдіктер талай мәрте көзімен көріп, қолымен ұстап тамсанғанын жақсы білеміз. Күміс Пармашқызының қолөнер биігіне жетіп, шеберлік шешімін тапқан жері – қазақтың киіз үйі. Үйдің киізінен бастап, баушуына дейін әшекейлейтін шебердің он саусақ өнерінің тоғысқан жері осы. Киіз үйдің ішкі және сыртқы жабдықтарын жақсы білгенге не жетсін! Киіз үй ішіндегі көркемдік, сәндік түрін байыту жағдайын толықтыратын әртүрлі баулар: жел бау, бас бау, иін бау, аяқ бау, уық бау, уық шалғыш баудан бастап, үйдің ішкі сәнділігі мен әдемілігіне үлкен ажар беретін қоржын, аяққап, сандыққап, қол дорбалар мен жүк жапқыштар, төселетін алаша, текемет, сырмақтар, әртүрлі көрпелер, керегеге ұсталатын тұскиіз, кілемдерді ол кісіден артық білетіндер санаулы-ақ болар!
Астана қаласының ашылуының бір жылдық мереке-тойында Алматы облысының үйін жабдықтап, облыстар арасынан І орын алған еді. Содан бері әжелер тобын бастап қолөнердің сан түрлерін жасаумен айналысады. Мысалы: 2002 жылдың 5-13 маусым аралығында Франция корольдігінің жыл сайын салтанатты түрде аталып өтетін дәстүрлі мерекесіне ТМД елдерінің арасынан Қазақстан арнайы шақырылған-ды. Сол салтанатқа Республика Сыртқы істер министрі Мемлекеттік хатшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен «Хабар» ЖАҚ директорлар кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева бастап барған 50 делегаттың бірі – Күміс апамыз еді. Париж қаласының іргесіндегі “Шантельей” спорт кешенінде тігілген он үйдің бірін жабдықтап, қазақтың алаша, кілем тоқу әдістерімен, ою-өрнек және басқа да өнер түрлерін шетелдіктерге таныстырды. Француздардың таңдайын қақтырып, жоғары баға алған бұйымдары, оны насихаттаудағы біліктілігі үшін Күміс Пармашқызы – «Диана Ермес» атындағы арнайы сыйлыққа ие болып, ел мерейін өсіріп қайтқан болатын.
2005 жылдың сәуір айында ұлттық қолөнерімізбен танысуға «Алхимик» атты төрткүл дүниеге таралған кітаптың авторы, барша әлемге танымал бразилиялық жазушы Пауло Коэльо келді. Әжелер тіккен ақ шаңқан киіз үйге кіріп, ұлттық қолөнер бұйымдарымен танысты, әжелер киген ұлттық киімдерге таңданыспен қарап, суретке түсіп, өзінің жазып жатқан жаңа кітабына сол суреттерді пайдаланатынын мақтанышпен баяндады. Біздің ұлттық тағамдарымыз халқымыздың мәдениетін жарқырата көрсетіп тұрғанына сүйсінді. Тағам демекші, апамыз – ұлттық тағам түрлерін жасаудың да шебері. Жыл сайын облыста өткізілетін «Ақ дастарқан» атты байқауға бірнеше рет қатысқан. Апамыз дайындаған қарынбүрме, өрметөс, әсіп, шұжықтың бірнеше түрлері мен қазы-қарта, майсөк, сүттен жасалатын бірнеше тағам түрлері халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін паш еткендей.
Жасының ұлғайғанына қарамай, апамыз әлі де облыстық, республикалық көрмелерге үзбей қатысады. 2019 жылдың шілде айында зейнеткерлер мен жастар арасында өткен облыстық қолөнер шеберлері көрмесінде II орынға ие болды. Өзінің қолөнерге баулып жатқан жас шеберлерін дайындап апарған бұл көрме «Ұлы дала өнері» деген атпен өткен. Мақсаты – халқымыздың ата-бабадан ұрпаққа жеткен шеберлігін, ұсталығын, ісмерлігін және басқа да қолөнер шеберлері туындыларын халыққа насихаттау еді.
– Біз, қариялар, көппен ілесіп бара жатырмыз. Соңымызда ерген ұрпағымыз. Мақсатымыз – өмір асуынан өту. Сол асуға жету үшін талай соқпақтан сүріндік. Бірақ құламадық. Алға қайта ұмтылдық… Мол тәжірбие жидық… Көпті көрдік. Үйрендік. Ұрпағымызға ұлағат боларлық мұра да жиып, сол мұраны ісімізді жалғастырар жастарға енші етіп қалдырмақпыз, – дейді Күміс апа.
Айтса айтқандай-ақ, ол кісінің ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, қолөнер туындыларын өз қалпында жастарға жеткізуге талпынған ерен еңбегі бар. Белсене атқарған қоғамдық жұмыстары да жоғары бағалануда. Күміс Пармашқызы өзінің білгір, білікті, өнерлі, өрелі еңбегімен осы күнге дейін 100-ден аса марапатты иеленді. Мысалы, «Ерен еңбегі үшін», Тәуелсіздіктің 10, 20, 25 жылдығының, «Алғыс», «Қоғамдық белсенділігі үшін» т.б медальдары мен Елбасы Н.Назарбаевтың 4 рет Алғысхатын, өткен сайлауда Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың Алғысхатын, Мәдениет министрлігінің, облыс әкімшілігінің, «Nur Otan» партиясының Құрмет грамоталарын бірнеше рет алған.
Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері болған асыл апамыз әлі күнге мектептен қол үзбеген ұстаз. Жай қарапайым ұстаз емес, өмір бойы ізденумен, педагогикалық білімнің қыр-сырын жетік білсем деген ниетпен мектептерді аралап, жаңашылдыққа бой ұрып өмір сүріп келеді. Жасының ұлғайғанына қарамай, «Асар» Республикалық партиясымен «Дегдар» гуманитарлық қорының ұйымдастыруымен өткізілген «Ауыл мектебінің ең үздік мұғалімі» байқауының да жеңімпазы атанған. 2005 жылы желтоқсан айында қажылық сапарға барып қайтқан. Бес уақыт намазын қаза қылмай, Алладан дұға тілеп жүрген ақ пейілді әже.
2007 жылы Астанада өткен орталық Ардагерлер кеңесінің 20 жылдығына арналған салтанатты пленумға облыс атынан барған 6 ардагердің біреуі. Сонымен бірге, 2011 жылы сәуір айында алғаш ұйымдастырылған әйелдер съезіне де барып қайтты.
Отағасы Асылбек ата екеуі 60 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, алты бала өсіріп тәрбиеледі. Қазір ата екі жылдан бері қасында жоқ, бірақ апамыз 27 немере мен оншақты шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Гүлзада Тұрлаш,
ҚазҰУ-дың 4-курс студенті