Qoǵam
Еленбей кеткен ер Қасым
(Ұлы Отан соғысында Отан қорғау жолында басын бәйгеге тіккен гвардия аға лейтенанты Қасым Ералыұлының рухына арнаймын)
(Соңы. Басы газетіміздің
№17,25,26,28, 29, 30, 34,36-сандарында)
«Батырлық – тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды».
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.
«Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас»… Аузымен құс тістеген ерен жүйрік ақын, Алаштың ақиық арда ұлдарының бірі Мағжан Жұмабаев әйгілі «Батыр Баян» дастанында осылай жырлағаны белгілі. Ақынның бұл тарихи дастанына қазақтың ханы Абылайдың кемеңгерлігі, Қабанбай, Бөгенбай сынды елін, жерін жаудан қорғап қалған қазақ батырларының ерлігі арқау болғаны аян.
Құрметті оқырман! Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Еленбей кеткен ер Қасым» тақырыбымен аудандық төл басылымымыз «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінде бірнеше дүркін жарияланған ағайынды Байғали мен Нұрғали Ералиевтардың гвардия аға лейтенанты Қасым Ералиевтың Ұлы Отан соғысындағы ерлік даңқы жайында жазылған бұл деректі әңгімесі кім-кімді де бей-жай қалдырмағаны анық. Ежелден батырлық пен ерліктің желісі үзілмеген қасиетті Жуалы жерінің жұртшылығы қан майданда қол бастаған Қасым Ералиев сынды батыр ұлымен 75 жылдан соң кеңінен табысып отырған жайы бар. Әйтпесе, осыдан бірер жыл бұрынырақ Ұлы Отан соғысының батыры Қасым Ералыұлының атына өзі туып-өскен Көлтоған ауылында және Б.Момышұлы ауылында көшелер берілгенімен, хас батырдың ерлік істері туралы басылым беттерінде там-тұмдап қана жазылған еді.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» дейтін болсақ, бұл олқылықтың орны Ұлы Жеңістің 75 жылдығында толтырылып отырғанына біз де қуаныштымыз. Біз мұны – Қасымдай хас батырдың ұрпақтары орындаған қасиетті парыз деп білеміз.
Мағжан ақынның сөзімен айтсақ, елі үшін еңіреген ерлердің есімі белгілі бір себептермен ұмытылып қалғанымен, оны түбінде өзі туып-өскен елі әсте ұмытпақ емес. Гвардия аға лейтенанты Қасым Ералыұлының да ел ұмытпайтын тұлға екеніне бек сенімдіміз…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Тәуелсіздік тұғыры» атты республикалық
жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты.
Шәкен Айманов атындағы республикалық
сыйлықтың иегері
Ағам Байғалидың әңгімесінің жалғасы.
Әкемнің ағасын күнде сағынам деген сөзі мені елжіретіп жіберді. Бажайлап әкемнің жүзіне қарап едім, көзі сағыныш сазына толып тұр екен. Әкемнің бауырмалдығына, мейірімділігіне тәнті болдым. «Әке көрген оқ жонар» деген рас сөз, әкемнен сол көргендерім маған сәл де болса сіңді-ау деп ойлаймын. Әбдәлі әкем тірі болғанда 1970 жылы Жеңістің 25 жылдығында, ары кеткенде 1975 жылы Жеңістің 30 жылдығында тауып алар еді ағасын. Оған әкеміздің білімі де, шамасы да жететін еді.
1965 жылы мектепке 1-класқа бардым. Бастауыш сыныптардан бастап Қасым Қайсеновтың кітаптарын түк қоймай оқитынмын. Ендігі ойым, Қасым Қайсеновпен танысу, ол кісіге Қасым атам туралы айтып, әңгімелесу. Көп жылдардан кейін оның да сәті түсті.
…1972 жылдың жазы. Мен 7 класты (сыныпты) «бес» деген бағамен бітіріп, емтихан тапсырмау құқығына ие болып, 8-сыныпқа көшіп каникулға шықтым. Индира екеумізден басқа 30 оқушы емтихан тапсырып жатқан. Ойда жоқ жерден ауырып ауылдағы ауруханаға түстім. Бақтыкүл әпкей бастап кластастарым біреуі қалмай келіп кетті. Бір палатада 2 майдангер,1 жасы үлкен ақсақал, орта жастағы бір аға бәріміз жатамыз. Ұзын бойлы, шоқша сақалды майдангер танкінің үстіне мініп соғысқанын, Ржев түбіндегі соғысқа қатысқанын айтатын. Ақсақалдың айтатыны, ауыл-арасындағы әңгімелер жасы асып кеткеннен кейін әскерге алмаған. Бұл екі қарияның аты-жөндері есімде қалмапты. Есесіне, галстук тақпаса да интеллигент екендігі, жүріс-тұрысынан, сөзінен, кітап, газет-журнал оқығыштығынан білініп тұратын жасы 50-лердегі Базарбай ағай. Бұл кісімен бірінші күннен әңгімеміз жарасып кетті. Жаңылмасам ол кісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл емес пе?!
Менің кітапқұмарлығымды бірден байқаған тәжірибелі филолог өзіндегі барлық кітап-журналдарды оқи беруге рұқсат етті. Іздегенге сұраған, маған жақсы болып қалды. Фамилиямды білгеннен кейін: -Әбдәлінің баласысың ба?- деп сұрады. Мен -Иә,- деп жауап бердім. Ол кісі менің туған жерім Луначаркада (қазіргі Рысбек батыр) ауылында тұрады екен. Әке-шешемді, апамды, ең бастысы, Қасым атамды өте жақсы білетін боп шықты.
-Байғали балам,- деді ол кісі: -Сенің атаң капитан Қасым Ералиев осы аймақтан шыққан 1-ші офицер. Әлі есімде ол кісі бізге алғашқы әскери дайындықтан сабақ беретін. Ондай сымбатты, көрікті жігіттер өмірде сирек кездеседі. Құдай Қасымға бойды да, ойды да, ақыл мен ерік-жігерді де аямай-ақ берген. Бізді 17-18-дегі бозбалаларды әскердегідей жүгіртеді, мылтық атқызады, әртүрлі жаттығулар жасатады. Өзі турникте «солнце» жасайды. Аттың құлағында ойнайды, шауып бара жатқан аттың үстінен секіріп түсіп, қайтадан қарғып мінеді. Біз оған аузымызды ашып қарап қалатынбыз.
-Болашақ қызыл әскер бәрін де білу керек, бәрін жасай алуы қажет. Шынықсаң, шымыр боласың. Әскери өмірге ең бастысы, төзімділік пен шыдамдылық, қиындықты қайыспай көтере білу және тәртіп қажет,- дейтін Қасым аға.
Соғыс басталысымен сол кездегі лейтенант Қ.Ералиев ең бірінші болып майданға аттанды. Мен 1942 жылы әскерге шақырылдым. Соғыстан аман-есен келгеннен кейін Қасым ағаның соғыстан қайтпағанын естіп, қатты қайғырдым. Әйелім ұл туғанда сенің атаң Қасым Ералиевтың аты өшпесін, сол кісінің құрметі үшін атын «Қасым» деп қойдым деді.
Сенің Қасым атаң жігіттің сұлтаны еді, ондай атаңмен мақтануыңа әбден болады,- деді.
Мен Базарбай ағаның әңгімесінен кейін атамды бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Базарбай ағаның Қасым туралы сондай бір сүйіспеншілікпен айтқан әңгімелері маған майдай жағады. Айта берсе екен, тағы да айтса екен,- деп қалқан құлағымды қалқайтып, елеңдеп тұратын едім. Кейін ол кісінің Қасым деген баласы маған физикадан сабақ берді, Көлтоған ауылында бізбен көрші тұрды. Қасым атамды қайтсем де іздеп табам деген ой сол кезден бастап қалыптаса берді.
…Арада 15 жылдан кейін таптым-ау бар дерегін.
«Кейде маған қайтпай қалған майданнан,
Қайран ерлер ерте үзілген гүлдердей.
Қабір де емес, сонау биік заңғарда,
Аппақ-аппақ құс боп ұшып жүргендей»
«Ер есімі – ел есінде»,- дейді халқымыз.
«Ерлік ескерусіз қалмасын!»,- дейді ер Баукең. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы биылғы жылы 110 жасқа, ал оның рухани інісі Қасым Ералиев 105-ке толар еді. Қасым Қайсенов айтпақшы: «Бауыржанның, Рақымжанның, Қасымдардың соғыстағы әрбір күні ерлікке толы».
Ел басына күн туғанда етігімен қан кешкен Ер Қасымдар мәңгілік ел есінде. Күндей күркіреп өткен соғыста қазақ өрендері өздерінің өрлігін, ерлігін, батыр халықтың батыр ұлдары екенін бар әлемге паш ете білді.
Тәуелсіз Қазақ елінің жастарын Отансүйгіштікке тәрбиелеуде, елін, жерін жаудан қорғауға дайын болуға, батыр аталарымыздың ерлігі мен өмірі үлгі-өнеге деуге әбден болады.
Қан майданда қол бастаған Қасым Ералыұлының мына фәнидегі құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ағып өткен өмір жолы міне, осындай ағайын!
Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
майдангердің немере інісі.
Б.Момышұлы ауылы