Qoǵam
Тұмауға қарсы екпе кімдерге және қалай салынады?
Вакцина дегеніміз – адам мен жануарлар организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препараттар.
Вакцинациялау – адам организміне вакцина немесе арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы белгілі бір жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшін қолданылатын әдіс. Вакцинациялау – жұқпалы ауруларға қарсы қазір медицинаға белгілі ең нәтижелі және экономикалық тиімді қорғаныс.
Тұрғындарды вакцинациялаудан өткізу «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 156 бабында көрсетілгендей «Қазақстан Республикасының аумағында тұратын жеке тұлға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жұқпалы, паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндеттілігі» жүргізіледі.
Балаларға екпе жасау Ұлттық екпе күнтізбесіне, бекітілген Үкімет қаулысына сәйкес, тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарда жүргізіледі. Бұл күнтізбе балаларды полиомелит, туберкулез, қызылша, сіреспе, В вирусты гепатит, гемофиильді инфекция, дифтерияны, эпидемиялық паротит, т.б ауруларға қарсы иммундауды қамтиды.
Адамзат баласы медицина мен ғылым саласы дамыған кезеңге дейін қаншама жұқпалы аурулармен бетпе-бет келіп, салдарынан қаншама адам көз жұмды. Оны тарихымыздан, ата-әжелеріміздің әңгімесінен жақсы білеміз.
Қазіргі уақытта вакцина жүргізудің нәтижесінде А, В вирусты гепатиті, қызамық, қызылша, эпидемиялық паротит аурулары азайды.
Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта жиі-жиі барлық ата-аналар сәбиіне вакцина жүргізуден негізсіз бас тартып жатыр. Бұл жағдайға дәрігерлер алаңдаулы. Себебі, бүгінгі бала ертеңгі ересек адам болған кезінде түрлі инфекциялық ауруларға қорғансыз қалуы мүмкін.
Дәл бүгінгі таңда елімізде балалар мен ересектерге тұмауға қарсы екпе салу жұмыстары жүргізілуде. Тұмауға қарсы екпенің төңірегінде түрлі әңгімелер айтылып, түсініспеушіліктер орын алуда. Балабақша мен мектептерде кейбір ата-аналар «дәрігерлер бізді алдап, коронавирусқа қарсы екпе салмақшы» деген пікірде екендігі де жасырын емес.
Сондықтан аудандық емхананың балалар дәрігері Қазыхан Жамбыл Қазыханұлымен арнайы сұхбаттасқан едік.
-Жамбыл Қазыханұлы, жалпы перзентханада бала туыла салысымен вакцина егіледі. Әрі қарай бала бір жасқа толғанға дейін де бірнеше вакцина егіледі. Бұл вакциналар қандай ауруларға қарсы егіледі?
-Жаңа туылған балаға бірнеше сағаттан кейін вирусты гепатитке қарсы екпе салынады. Одан кейін үш-төрт күннің ішінде туберкулезге қарсы БЦЖ салынады.
Әрі қарай дифтерия, сіреспе, көкжөтел, полиомелит, гемофильді инфекция, қызылша, қызамыққа, т.б. жұқпалы ауруларға қарсы екпелер салынады.
Кез келген екпені салмас бұрын дәрігер баланың денсаулығын мұқият бақылайды. Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ғана салынады. Егер қарсы көрсетілім болса, екпені салу кейінге қалдырылады.
Перзентханада дәрігер баланың ауру тарихына қарайды. Яғни, «анасы жүкті кезде ешқандай асқынулар болған жоқ па, туылу барысында қиындықтар болған жоқ па?» дегендей мәселелерге терең мән беріледі.
-Дәл қазіргі салынып жатқан тұмауға қарсы екпе туралы айтыңызшы. Бұл екпе кімдерге салынады?
-Қазіргі салынып жатқан тұмауға қарсы екпе «ГРИППОЛ плюс» деп аталады. Бұл Ресейде өндірілген. Тұмауға қарсы епке жыл сайын салынып келеді.
Екпені қабылдау адамның өз еркімен жүргізіледі. Ал, балаларға ата-анасының рұқсатымен жүргізіледі.
Ал, «тұмауға қарсы екпе деп коронавирусқа қарсы екпе салып жіберуі мүмкін» деген өте қате пікір. Ешқандай дәрігер өзінің басын қатерге тікпейді.
Жалпы, тұмау да жұқпалы ауру. Тұмау асқынып кетсе, қауіпті. Аталған екпе, тұмаудың алдын алу үшін салынады. Екпе қабылдаған кісі де ауруы мүмкін. Алайда жеңіл әрі тез өтеді.
Қазіргі таңда тұмауға қарсы екпе балабақшадағы балалар мен мектептерде оқушыларға салынуда. Балаларына екпені салуға қарсы болып жатқан ата-аналар көп. Мәселен, бір шағын балабақшада 50 бала болса, оның 12-13-іне ғана салдыруға рұқсат берген. Себебі, әлеуметтік желідегі түрлі қауесеттер қарапайым адамдарды шатастыруда. Салдарынан адамдар дәрігерлерге сенбейді. Адамдарды іштей қорқыныш пен сенімсіздік бойлаған.
Екпе ата-анасы рұқсат берген жағдайда да балаға бірден салынбайды. Бірінші баланың дене қызуы өлшеніп, өкпесін тыңдап, тамағын тексереміз. Егер балада қарсы көрсетілім болса, ол балаға екпе салынбайды.
-Қазір баласына екпе салдыруға қарсы ата-аналар көбейіп бара жатыр деген әңгімелерді жиі естиміз…
-Иә, перзентхананың өзінде жас босанған аналар жолдасымнан сұрайын, ата-енемнен сұрайын деп салдыруға рұқсат бермей жатады. Бала бір жасқа толғанға дейін салынуы тиіс екпелерді салуда да дәл солай. Бұл әрине, дұрыс емес. Кез келген ата-ана баласының денсаулығы үшін дәлелсіз әңгімелерге емес, ғылымға арқа сүйеніп, дұрыс шешім қабылдауы керек.
Ата-анасы баласына екпе салдыруға қарсы болған жағдайда біз мәселені бірден жылы жауып қоя салмай, дәрігерлер баланың ата-анасымен сөйлесіп, екпенің пайдасы жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
-Соңғы жылдары жаңа туылған балалар арасында да түрлі аурулар көбейіп кеткендей. Дәрігер ретінде Сіз бұған не дейсіз?
-Дені сау бала дені сау анадан туылады.
Баланың денсаулығы жақсы болуына анасы да, әкесі де жауапты. Яғни, шаңырақ көтерген жастар сауатты болса игі.
Қыз бала кішкентайынан дұрыс киініп, күтініп жүрсе, ана болғанда да дұрыс тамақтанып, дұрыс киініп жүрсе әрі отбасы жас келінге қамқор болса, бала да дені сау болып туылады.
Ерлі-зайыптылар саламатты өмір салтын ұстанып, отбасын жоспарлай білуі маңызды. Жалпы, ата-ана осы мәселелерді басты назарға алса, баланың да денсаулығы мықты болады.
-Әңгімеңізге рақмет! Халықтың денсаулығы жолындағы еңбектеріңізге абырой тілеймін!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»