Basty bet

Ортақ күш-жігермен

Ақтөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясы Ақтөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің аумағын қамтиды. Оның құрамына бес ауылдың медициналық пункттері кіреді. Олар – Жаңаталап, Ақтөбе, Теріс-Ащыбұлақ, Қызыларық және Алатау медпункттері. Амбулаторияның тіркелімінде тұрған халық саны 4 мың 240 адамды құрайды.

Дәрігерлік амбулаторияға 2013 жылдан бері Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетінің түлегі, жалпы тәжірибелі дәрігер Индира Момынова басшылық етіп келеді.
Екі ауылдық округтен мекеменің диспансерлік есебінде тұратын науқастар саны – 488 адам, соның ішінде қан қысымымен, бронхиалдық астмамен, асқазан-ішек жолдары, қаназдық, қант диабеті, онкологиялық аурулармен ауыратындар бар. Әлеуметтік маңызды ауруларға жататын науқастардың барлығы шұғыл жағдайда тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Одан бөлек, І, ІІ және ІІІ топтағы ересек мүгедектер саны 86, мүмкіндігі шектеулі бала саны 27, жүкті әйелдер – 52, соның ішінде жоғары тәуекел тобында – 16 әйел, ауған соғысының ардагерлері – 4. Әсіресе, бір және бес жасқа дейінгі балалар ерекше бақылауда болады. Босанатын әйелдер денсаулық жағдайына қарай, облыстық және аудандық деңгейдегі перзентханаларға жолданып отырады.
– Бізде жыл сайын халықтың өз денсаулығын тексеру мақсатында скринингтік зерттеулер өткізіледі. Оған қоса аптасына бір мәрте кесте бойынша ауылдарға шығып, медпункттерді аралаймыз. Оған аға дәрігер, акушер, зертханашы және скринингке жауапты медбике қатысады. Аралау кезінде жергілікті жерлердегі медперсоналға нақты және әдістемелік көмек көрсетіліп, проблемалық мәселелерге баса назар аударылады.
Мекемеде жалпы қан, қан-несеп талдауларын жасайтын зертхана, ЭКГ аппараты бар, тұрғындар ол үшін аудан орталығына сабылмайды. Амбулатория «Даму МЕД» медициналық ақпарат жүйесіне қосылған, тұрғындардың электрондық денсаулық паспорттары базаға енгізілген. 1 100 емделуші смартфондарына «Даму МЕД» қолданбасын енгізген. Осы қолданбаны пайдаланып, тұрғындар үйде отырып, дәрігердің кезегіне жазылу, кеңес алу мүмкіндігі бар. Менің қабылдауыма балалар, диспансерлік есепте тұрған науқастар жазылып, келеді,- дейді аға дәрігер Индира Момынова.
Дәрігерлік амбулаторияда бүгінде 15 маман еңбек етеді, соның ішінде екі дәрігер, бір зертханашы, қалғандары орта және кіші буынды медициналық қызметкерлер. Еңбек ұжымының ынтымағы мен бірлігінің, күш-жігерін ортақ мақсатқа біріктіруінің арқасында мекеме алдына қойылған міндеттер мен межелерге қол жеткізіп, халықтың денсаулығын нығайту бағытында еселі еңбек ете береді.

Таңдаулы материалдар

Close