Basty bet

Тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы

Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны секілді ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Ол щаңның барлық тілдердегі мойындалған атауы – Конституция. Осы орайда еліміз 1995 жылы 30 тамызда өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжаты Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Ата Заңымыз біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.
Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды.
Биыл халқымыз барша әлемге бірлігі мен даналығын көрсетіп, жаңа заманның талаптарына сай келетін Негізгі Заңын бекіткеніне 25 жыл толып отыр. Біздің Тәуелсіздігіміздің кепіліне айналған Конституция – бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бірлестіре үйлестірген, жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың теңдігін тегіне қарамастан бекіткен ұлы құжат.
Конституция күні – мемлекетіміздің ең ұлық мерекелерінің бірі. Жалпыға бірдей міндеттелген Конституция заңдарын Тәуелсіз еліміздің барша азаматы білуі және бағынуы тиіс. Өйткені, заң – мемлекеттің тұғыры. Сондықтан бәрі Конституцияны білсе екен, соны өмірде өз қажеттеріне пайдалана алса екен деп ойлаймын. Ал мерейлі, мерекелі күні барша қазақстандықтарды, Конституция күнімен құттықтаймын!
Жылдан-жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!
Эсмира Мамедова,
аудандық мәслихаттың депутаты.
«Мехрибан»
әзірбайжан этномәдени
бірлестігінің жетекшісі

Таңдаулы материалдар

Close