Basty bet
Айналаны ластағандарға айыппұл салынады
Тазалық – мәдениеттіліктің өлшемі. Күн сайын туған табиғатымызды бүлдіріп, қоқыс атаулыны тастайтын да, айналып келгенде оны тазалайтын да өзіміз. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір тұрғынның парызы мен міндеті деп білген жөн. Күнделікті өмірде ауыл тұрғындары көшелер мен сай-салаларға алаңсыз тұрмыстық қалдықтарды тастап жататыны да көптеп кездесіп жатады. Қазіргі таңда тұрғындардың табиғат ананың алдындағы жауапсыздығына ауылдық округ әкімдіктері тосқауыл қоюда.
Ауданда 14 ауылдық округ болса, соның ішінде Ақтөбе ауылдық округі қай жағынан болсын өзгелерден оқ бойы озып келе жатқанын мойындауымыз керек. Осы ретте Ақтөбе ауылдық округінде әкімшілік құқық бұзушылыққа тарту жұмысы қолға алынып отырған жайы бар. Бұл жұмыстар ауылдық округ әкімі аппараты тарапынан арнайы ережеге сәйкес жүзеге асырылуда. Ережеде ауылдық округ әкімі Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің баптарына сәйкес округ аумағында жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау және әкімшілік жазалар қолдану қарастырылған.
Мәселен, жақында ауылдық округ әкімшілігі Бәйтерек ауылы Шеп көшесінің тұрғыны Ә.С. есімді азаматқа өзінің жеке қосалқы учаскесінен тыс жерге тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыстар тастағаны, сонымен қатар, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 505-бабы 1-бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Аталған азаматқа әкімшілік тарапынан 50 500 теңге көлемінде айыппұл салынып, өндірілген. Әкімшілік жауапкершілікке тарту барысында ауылдық округ әкімшілігінің мамандары Ә.С. есімді азаматпен түсіндірме жұмыстарын жүргізген екен.
Жақсы істі көрмекке, көпке үлгі бермекке. Бұл – баршамызға үлгі болып, қоршаған ортаға бей-жай қарамайтындығымыздың белгісі.
Айналаны қоқыспен толтырмай, жауапкершікке тартылмай, ең алдымен, санамызға тазалық орнатқанымыз абзал.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»