Basty bet

Ұлт болашағы бәрінен қымбат

Қазір әлемнің алаң көңіл күй кешіп отырғаны бәрімізге белгілі. Қатерлі індеттен біздің еліміздің зардап шегіп отырғанын жасыра алмаймыз. Әрине, аурудың алдын алу және мұндай қиын жағдайда экономиканы дамытуға баса назар аударылып отыр.
Мұндай күрделі жағдай елді басқарып отырған Президенттің де қабырғасына қатты бататыны белгілі. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы сұхбат беріп, қазіргі күрделі жағдай туралы, елдің алға қойған жоспарлары туралы ой-пікірін білдірді.
Ел Президенті сұхбаттың басында: «Шынында да бұл індет біздің ғана емес, жалпы әлемдегі адамзаттың бет-бейнесін, тұрмыс-тіршілігін өзгертті. Ауыр дерттің алдында дамыған мемлекеттердің өздері дәрменсіз болып отыр. Оған бәріміз куәміз. Озық деп жүрген Еуропа елдері, азуын айға білеген АҚШ, Азия алыптары – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, тағы басқа да елдер тығырыққа тірелгендей. Ал қазір, «біз осы індетпен күресте жеңіліп жатырмыз немесе Үкімет ахуалды бақылаудан шығарып алды» деуге болмайды. Өздеріңізге мәлім, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұқпалы ауруларға арналған үш аурухана жедел салынды. Басқа өңірлердегі ауруханалар керек-жарақпен жабдықталды. Науқастарды емдеуге дәрігерлеріміздің біліктілігі жетеді. Қазір ақ халатты абзал жандар күндіз-түні осы індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр» деп атап өтті.
Президент Қ.Тоқаев қазір әлем елдерінде өршіп тұрған қатерлі індеттен сақтану арқылы, карантин режімін қатаң сақтау арқылы ғана алыс болатынымызды, сонымен қатар, бұл сынақтың өтпелі қиындық екеніне, аты жаман індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін елдің қалай дамитынына, қандай шараларды қабылдау мәселелеріне баса назар аударды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда бұрыннан кең талқыланып келе жатқан ана тілінің мәселесі жөнінде де ой қозғады. Президент: «Қазақ тілінің жағдайы туралы айтқанда, мемлекетіміздің негізін қалаған Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегін атап өтуге тиіспіз. Ол елімізде мемлекет құраушы ұлттың саны едәуір аз болғанына қарамастан Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялады. Сондай аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен Парлемент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады» деді. Сонымен қатар, тіл мәселесінің басқа да тұстарына кеңінен тоқталып, қазақ тілінің мәртебесін жоғарылату жолында қандай шараларды қолға алуымыз керектігін тайға таңба басқандай айтып берді.
Президент сұхбатында одан бөлек, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орнына, ұлттық құндылықтарды сақтау арқылы ғана бәсекеге қабілетті болып, жаңа заманның көшіне ілесетінімізді кеңінен сөз етті. Сондай-ақ, қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгерту жөнінде, еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажеттігі айтылып отыр.
Президент Қ.Тоқаев жастарды еңбекке баулу идеологиясын барынша дамыту, әлеуметтік шиеленіс кезінде зиялы қауым өкілдерінің маңызды рөл атқаратынын баса айтып отыр. Шынында дәл қазір өскелең ұрпақты, әсіресе жастарды тәлім-тәрбие беріп, жол көрсететін қадірлі адамдардың, абыз ақсақалдардың орны бөлек. Олар әрдайым ұлт болып ұйысудың, ел ішіндегі ынтымақ-бірліктің артуына қызмет етулері тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген арнайы сұхбатының соңында ел басқару ісінде қолдау танытып келе жатқан халыққа алғысын білдіріп, ұлт болашағы жолында бірігуге үндей отырып, дәл қазіргі кезеңде қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұрғанын айтты. Шынында сұхбаттың өн бойында ұлт болашағы туралы көбірек айтылды. Өйткені бәріміз үшін ұлт болашағы қымбат.

Кемелбек ДӘУРЕНОВ,
Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close