Basty bet
Ата Заң ақиқатқа бас иеді
Қазақстан Республикасының шынайы Конституциясы еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап әзірлене бастады. Ата Заң қабылданардан бұрын бүкілхалықтық талқылаудан өтті.
Біздің Конституциямыз бойынша Қазақстан халқы егемендіктің иесі, республикадағы мемлекетік биліктің жалғыз қайнар көзі болып табылады. Республикада тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де тұрады. Сондықтан саяси ымыраға келу қажет болғандықтан қазақ халқы өз қамын күйттеумен қатар, жас мемлекетіміздің тыныштығын, оны одан әрі нығайтуды ойлауы керек. Құқықтық мемлекет құру, қоғамдық өмірді демократияландыру, жалпыұлттық келісім мен ынтымақ Қазақстан Республикасының әлемдік қауымдастықтың лайықты толық мүшесі болып енуінің басты шарты болып табылады.
Республика азаматының негізгі құқықтарымен қатар міндеттері де 1995 жылдың 30 тамызындағы бүкілхалықтық талқылаудан өтіп қабылданған Конституцияда анық тұжырымдалған. Адам тумысынан өзіне қажетті құқықтар мен бостандықтарға ие. Ал ол өз мемлекетінің азаматтығын алғаннан кейін азаматтық құқықтарға ие болып, тиісті міндеттерді қоса атқаруға тиіс.
Конституцияда адамды қастерлеу, құрметтеу, адамгершілік сезімдеріне үлкен маңыз берілген. Әркімнің өзінің жеке басының бостандығы заң жүзінде қорғалған. Заң бойынша адамның жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Конституция мәртебелі болуы үшін, оның принциптері, қағидалары қоғам, мемлекет, халық өкіметінің туы, қазығы, мәні болуға тиіс.
Заң жақсы жұмыс істеуі үшін, оны бұлжытпай орындау азаматтардың күнделікті дағдысына, үйреншікті әдетіне айналуға тиіс. Әртүрлі амал-айламен заңды айналып өтуге тырысушылық өркениетті елдің мәдениетіне жатпайды. Бізде қылмыс, ұрлық-қарлық, жемқорлық көп. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң бекерден-бекерге шығып отырған жоқ. Бұл қылмыстың дәрежесі қоғамға, мемлекетімізге, едәуір қауіп төндіріп, алға басуымызға бөгет бола бастады.
Заңды қабылдағаннан соң оны мүлтіксіз орындау қажет. Қалың көпшіліктің заңды жаппай мойындауын, іштей түйсініп сезінуін, өз өмірінің басты ережесіне айналдыруын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Жер ананың аялы алақанында аман қалған әрбір от басынан рулы ел тарап, халық қашан да еңсесін көтеріп, ел болып дамып кете беретін. Халқымыздың ата-қоныс қара орманға деген ұрпақтық сүйіспеншілігінің түп-тамыры да дәл осында жатыр. Сондықтан да ата-бабамыз осындай ұлан-ғайыр жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра еткен.
Заң беделге, мансапқа, лауазымға, ақшаға, байлыққа сатылмай, тек ақиқатқа бас иеді. Біз де келешекте осыған жетуіміз керек. Біздің Негізгі Заң дүние жүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі.
Қалан МӘМБЕТАЛИЕВ,
Жамбыл ауданаралық әділет басқармасының
бас маманы.
Қазақстан Заңгерлер
одағының мүшесі