Еліміздің тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнамаға сай әр тұрғын 0,10 гектар, яғни ауызекі тілмен айтқанда 10 соттық жер алуға құқылы. Алайда, бұқара халық «жер телімі дұрыс берілмей жатыр», «Кезегіміздің жылжитын түрі жоқ» деп назын білдіруде. «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегендей пәтер сағалап, тіптен бір жерден екіншісіне көшіп жүрген, бір үйде бірнеше отбасының сығылысып тұруы бүгінде ауылдық жерлерде да үйреншікті құбылысқа айналғандай. Себебі, жаңа баспана салынбайды, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімі берілмейді.
Тым алысқа бармай-ақ өзім тұратын Нұрлыкент ауылындағы жағдайды-ақ баяндайын. Мұнда қазір қанша адам жер алу кезегінде тұр? Жер телімін алуға тұрғындар өтінішті қалай береді және нені білуі қажет? Қазіргі таңда қанша тұрғын жер алды? Жер алу мәселесіне қатысты осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Рүстембек Әлімбековтың айтуына қарағанда, соңғы 13 жылда тұрғындарға қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жеке тұрғын үй салуға ешқандай жер телімі берілмеген. Ал, 4566 тұрғыны бар ауыл тұрғындары бір үйде екі, үш отбасыдан сығылысып тұрып жатқаны жасырын емес. Олардың арасында әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар да бар.
Жер телімін алуға кезек 2007 жылдан бері қалыпастырылған. Яғни, сол жылдан бері тұрғын үй салуға жер берілмеген. Округте 315 тұрғын кезекте тұрса, оның 30-ы Түктібай ауылында. 2013-2015 жылдар аралығында мүмкіндік болып, Түктібайдан сегіз тұрғынға жер берілген. Кезекте тұрғандар ішінде көпбалалы аналар, мүгедек азаматтар, жастар, мемлекеттік қызметкерлер, зейнеткерлер бар.
– Өткен 2019 жылы ауданнан қаражат қарастырылып, Нұрлыкент ауылындағы Тихий каналының бойынан 10 гектар жер телімі белгіленген. Жердің сызба жұмыстары дайындалып, өткен жылы облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып, сол жерлерге электр желісі жүргізіліп, жарықтар орнатылған. Келесі кезекте қалған инфрақұрылымдар – жол, ауыз су, газ құбырын жүргізу жұмыстары тұр.
Қазіргі жаңа тәртіп бойынша барлық жер телімі берілген жерлерге инфрақұрылымдар жүргізілуі тиіс. Яғни, газ, жарық, су, жол. Өйткені қазіргі жер талаптары сондай, – дейді Р.Әлімбеков.
Ал өтініш беру туралы айтар болсам, әкімдікте 2016 жылға дейін жер алу өтінішпен қабылданған болатын. Қазір екі түрі бойынша жер алуға болады. Біріншісі, мемлекеттік қызмет көрсету порталы арқылы болса, екіншісі тікелей өтініш беру. Яғни, қағаз жүзінде жергілікті әкімдіккке жеке куәлігінің көшірмесімен өткізеді.
Содан соң әкімдік жинақталған өтініштерді аудандық жер комитетіне береді. Бұл өтініштерді аудандық жер комиссиясы қарастырады. Онда жеті мүше бар, әр саладан алынған. Олар: сәулетші, жеке кәсіпкер, депутаттар, жеке тұлғалар.
Комиссия мүшелері жерге кезекке қою туралы қорытынды жасайды, әкімдікке хат береді. Содан кейін тұрғын кезекке қойылады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін тоқсан сайын кезектегілердің тізімі аудан әкімінің ресми сайтына салынып отырады. Бұл кезекті ешкім өзгерте алмайды. Өйткені ол сайтта тұр.
– Жуалы ауданы әкімінің сайтына кірген адам жер кезегіне өтініш берген азаматтар өз кезектерін көріп отыруына болады. Кезекті «көп балалымын», «мүгедекпін» деп ешкім өзгерте алмайды. Тек қана жер телімі ашылып, инфрақұрылымдардың барлығы жүргізіліп болған соң, аудан, округ әкімдігіндегі комиссиялар қорытынды жасайды. Ішінде кім «соғыс ардагері», «жалғыз басты ана», «мүгедек» соның бәрін комиссия қарайды. Кейде бізге хабарласып, «Мен Астанада тұрамын, жерге өтініш берсем бола ма?» деп сұрап жатады. Әрине, бәріне рұқсат. Өйткені Қазақстанның кез келген азаматы, кез келген жерден өтініш бере алады.
2019 жылдын екінші жартысынан бастап, жер кезекгіне тұру мемлекеттік қызмет көрсету стандартына кіреді. Құжаттар тізімі қысқарды. Жеке куәлік, өтініш болса болды. Біздің қабылдау уақытымыз 15 минуттың ішінде, мәлімет беру, аудандық комиссиядан қорытынды келеді, біз соны өтініш иесіне қағаз жүзінде хабарлаймыз, – дейді бас маман.
Ескеретін бір жайт, заң бойынша азамат мемлекеттен жерді тек бір рет тегін ала алады екен. «Мәселе, бір адамның 15 соттық жері бар, тағы қасында қосымша 3 сотық жер артылып тұр. Біз ол жерді тұрғын үйге бере алмаймыз. Өйткені, ол заңға сәйкес келмейді. Ол үшін 13 соттықтан артық болуы керек немесе кемі 10 соттық. Ал үш сотыққа қосалқы шаруашылық жүргізе алмайды. Яғни, ол кісілер үш соттықты қосып алуға өтініш береді, біз оны аудандық комиссияға жібереміз. Рұқсат берсе, құжаттамасын бәрін рәсімдеп келеді. Жаңағы үш соттық жерді олар мемлекет тарапынан сатып алады» дей келе Рүстембек Әлімбеков қосымша ресімделетін жер телімінің әр соттығы 20 мың теңгеден екенін де айта кетті.
Арай ДӘРМЕНТАЕВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика
факультетінің ІІІ курс студенті