Basty bet

Жамбылдықтар жерлестеріне көмек қолын созуда

COVID-19 пандемиясымен күресіп жатқан жамбылдықтарға қамқор жерлестері көмек қолын созуда. Мәселен, «Көкжиек-2030» ЖШС басшысы Әбдіқали Бегембетов облыстың медициналық мекемелеріне 10 жаңа оттегі концентратын тарту етті. Басқа да жамбылдықтар, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер дәрі-дәрмектерді сатып алуға өз көмегін беруде.

Оттегі концентраттарының бесеуі Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасына, қалған бесеуі Жуалы, Жамбыл, Талас, Байзақ және Т.Рысқұлов аудандарының орталық ауруханаларына жіберілді. Кәсіпкерлер қазір адамның денсаулығынан маңызды ешнәрсе жоқ екендігін айтады.
– Ауру ешкімді аяп жатқан жоқ. Мұндай жағдайға бәріміз тап болуымыз мүмкін. Кез-келген отбасында ауырып жатқан адамды кездестіруге болады. Өкінішке орай, кейбірі тіпті ажал құшуда. Біз біріге отырып қана бұл ауруды жеңіп, талайды дерттен аман алып қала аламыз, – дейді Ә. Бегембетов.
Оттегі концентраторы – қоршаған ортадан оттегі молекулаларын бөліп шығару, пациентке атмосфералық ауаға қарағанда жоғары концентрацияда беруге арналған аппарат. Он құрылғы жоғары өнімділікті және минутына бес литрге дейін оттегі жеткізуге мүмкіндік бермек. Бір құрылғының құны 500 мың теңгеден асады.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев пен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Олжас Қаржауов әлеуметтік жағдайы нашар және тұрмысы төмен отбасыларға берілетін дәрілердің әмбебап пакеттерін ұсынды.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес біз «Жақсылық жаса, өз халқыңа көмектес!» акциясын бастамақпыз. Оның аясында «Супер-Фарм» ЖШС 700 әмбебап пакетті әзірлейтін болады. Тағы 150 пакетті «Тараз» ӘКК» АҚ дайындайды. Біздің мақсатымыз – мұндай пакеттердің жалпы санын мыңға жеткізу. Қала кәсіпкерлерін акцияға барынша қатысуға шақырамыз. Елімізге бірге көмектесейік! – деді Олжас Қаржауов.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов бұл пакеттердің практикалық мақсаты туралы тоқталды.
– Олар дәрігерлердің талаптарына сәйкес жинақталды. Пакетте антибиотиктер, дене қызуын төмендететін және вирусқа қарсы препараттар, ауырсынуды басатын дәрілер, шприцтер мен системалар, глюкоза мен аспирин қамтылған. Олар тек клиникалық көрсеткіштер бойынша үйде емделіп жатқан адамдарға, яғни ауру жеңіл және орташа ауырлық дәрежесі бар адамдарға беріледі, – деді ол.
Басқарма басшысының орынбасары пакеттердің тікелей мұқтаждарға емес, емханалар арқылы беріліп жатқандығын түсіндірді.
– Дәрі-дәрмектерді дәрігерлік нұсқаусыз қабылдау өте қауіпті. Мысалы, әмбебап пакеттегі глюкоза қант диабеті мен жүрек патологиясы бар адамдар үшін зиянды. Басқа да дәрі-дәрмектерге қарсы көрсеткіштер бар, сондықтан барлық процесті дәрігерлер міндетті түрде бақылайтын болады, – деп атап өтті ол.
Алмас Садубаев кәсіпкерлерге, сондай-ақ «Әмір және Д» ЖШС атқарушы директоры Ләззат Айтқұловаға жеткізушілердің бағасы бойынша дәрі-дәрмектер мен оттегі концентраттарын сатып алуға көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.
– Бұл шараға қатысқандардың барлығына рахмет! Сіздер адамдарға үлкен көмек көрсеттіңіздер, бұл еңбектеріңіз ескерусіз қалмайды, – деді ол.

Жамбыл облысы әкімнің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close