Basty bet
Журналистерге артылар жүк ауыр
28 маусымдағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдерін құттықтады. Облыс әкімінің аппаратында өткен жиынға аудан басшылары мен ондағы ақпарат құралдарының өкілдері бейнебайланыс арқылы қатысты. Бұл әрине, ел ішінде таралған қауіпті вирусқа байланысты сақтық үшін жасалып отыр.
Бейнебайланыс арқылы өткен жиын барысында облыс басшысы Б.Сапарбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қаламгерлерді төл мерекелерімен құттықтап, БАҚ пен жалпы журналистер қауымының қоғамдағы рөліне тоқталды.
-Құрметті журналистер, сіздерді ең алдымен төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздердің қоғамның дамуына, ел руханияты мен мәдениетіне сіңіріп келе жатқан еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Қалам ұстаған журналистер қауымы ел бірлігі мен ынтымақты, тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосып келеді. Халықтың арасында ынтымақ, бірлік болмаса тұрақтылық та болмайды. Тұрақтылық болмаған жерде ешқашан даму, өркендеу, алға басу болмайды. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы сұхбат беріп, қазіргі күрделі жағдай туралы, мемлекеттік тілдің мәселесіне тоқталып, сонымен бірге, елдің алға қойған жоспарлары туралы ой-пікірін білдірді. Президенттің бұл сұхбаты әсіресе, қалам ұстаған журналистерге үлкен ой салды деген үміттемін.
Әлбетте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатынан туындайтын міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуде қаламгерлер үлкен еңбек сіңіреді деген ойдамын. Сондықтан мұндай күрделі кезеңде етек-жеңімізді жиып, бірлікпен жұмыс істеу бәріміз үшін маңызды.
Сіздерді бұқаралық ақпарат құралдары күнімен құттықтай отырып, ең алдымен мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін,- деді Бердібек Машбекұлы.
Басқосу барысында әулиеаталық қаламгерлердің атынан жазушы, «Жамбыл» журналының Бас редакторы Несіпбек Дәутаев сөз алып, ізгі тілегімен қоса бірқатар мәселелерді де атап өтті. Ол өз сөзінде Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның көзі тірісінде Жуалыдағы тұрған үйін мемлекет қарауына алу керектігін облыс басшысының есіне салды. Одан бөлек, елдік мәселелер туралы тереңнен сөз қозғап, әріптестеріне шығармашылық табыс тіледі.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесімен Жуалы аудандық «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газеті және «Jýaly» газетінің ұжымын аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков құттықтап, сала қызметкерлерін Құрмет грамоталарымен және Алғысхаттармен марапаттады.
Айта кету керек, «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшы-жарнама менеджері Лаура Мұсабекова Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен, тілші Айгүл Аманқұл аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, көлік жүргізуші Руслан Садықов аудан әкімінің Алғысхатымен, дизайнер Нұрсұлтан Орын, корректор Баян Оразбаева аудандық мәслихаттың Алғысхаттарымен марапатталды.
«Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп қазақ көсемсөзінің қаранары болған жерлес жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза жазып қалдырғандай, қашанда, қай қоғамда да журналистерге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Көп ретте қоғамдық пікірдің журналистің газетте басылған мақалаларына байланысты қалыптасатыны белгілі. Журналистерден бөлек, газеттің шығуына, техникалық көркемделуіне, безендірілуіне еңбек сіңіріп келе қызметкерлердің де еңбегін атап өткен жөн. Ендеше, облыс, аудан басшылығынан марапат алған әріптестерімізді құттықтай отырып, жазарларыңыз көбейсін демекпіз.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»