Basty bet
«Музей Батыр есіміне лайық болуы тиіс»
Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің қолданысқа берілгеніне ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Соңғы рет Баукеңнің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеуден өткізіліп, жасанып, жаңаша келбетке ие болған музей арада он жыл өткенде тағы бір жөндеуді қажет етіп тұрған-ды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің тапсырыс беруімен 4,5 млн. теңгеге «Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің ішкі экспозициялық залын әрлеу» жобасының мердігері болып тараздық «М.Баяхметова» жеке кәсіпкерлігі анықталған.
Музейде әрлеу жұмыстары басталып, аяқталуға жақын қалғанда, Ақсай ауылдық округінің бір топ тұрғыны жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына, атап айтқанда экспозициялық залдың қабырғаларын әрлеуге пайдаланылған құрылыс материалына, оның түсіне көңілдері толмайтынын білдіріп, аудандық қоғамдық кеңеске шағым түсірген.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев кеңес мүшелерімен бірге алдымен музейдің төңірегінде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты. Төселген брусчаткалардың кейбірі шытынап, жиегіне қаланған тастар мүжілген екен. Құрылысшы жігіттер шытынаған брусчаткаларды алып тастап, жаңасын төсеп жатыр екен. Ал жиектастар толығымен жаңаланған. Музей ғимаратының алдындағы тепкішектерге жаңа плиталар төселуде.
Музей директоры Қаламқас Берікова кеңес мүшелерін экспозициялық залға қарай бастады. Сейітхан Жұмашев музейдің Батыр есіміне лайық болуы, Баукеңнің экспонаттары қойылатын залдың көз тартарлықтай әсем безендірілуі тиіс екенін ескертті. Мердігер ұйымның өкілі, дизайншы-ұста Ринат Баяхметовтің айтуынша, залдың қабырғалары тұтастай «леонардо» деген әрлеу материалының ашық түсімен көмкерілген, төбесі жаңа дизайнмен жасалған. Ол қала құрылысы кеңесінде мамандар музейлерге осы материалды және «жемчуг» деген түсті ұсынғанын, өткен жылы облыстың 80 жылдық мерейтойы аясында ашылған облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Руханият» орталығының іші осылай безендірілгенін айтты.
Ауыл тұрғыны Толымбек Айдарбеков қабырғалардың түсі жарықпен астасқанда ашық болғанымен, жарық түспегенде сәл күңгірт реңкке айналатынын алға тартты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс бас-аяғы жинақы мұндай тар ғимараттардың іші ашық түспен безіндірілгенде, көз тартарлықтай болатынын еске салса, Баукеңнің немере інісі Бекет Момынқұл әрлеу жобасы алдын ала облыс басшылығына, Баукеңнің келіні Зейнеп апайға ұсынылып, олардан қолдау тапқанын жеткізді.
Р.S. Бүгінде мемлеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан елді мекендерді көркейту шараларына қоғамдық бақылаудың күшейгені, оның барысын тұрғындардың қадағалауы, бадырайып көзге ұрып тұрған кемшіліктерді тиісті орындардың құзырына жеткізіп, жойылуын талап ету, әлбетте, құптарлық жайт. Көптің талабы қолынан келіп тұрғанда, қонышынан басып үйренген небір мердігерді ықтырады, жылдам сабасына түсіріп, есін жидырады. Дейтұрғанмен, маманның талқысынан өтіп, әбден екшелген жобаны қабыл алмаудың қаншалықты қисыны бар?! «Біткен іске сыншы көп» дегендей, маманның сөзіне тоқтамай, оның әрбір ісіне орынды-орынсыз араласа беру де әбестік болмас па екен? Сондықтан кейбір мәселеде маман айтқан уәжге тоқтағанымыз жөн болатын сияқты.