Basty bet

ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ЖАСАДЫ

Аптаның басында «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова, фракция мүшелері Руслан Сайлаубаев, Күлбақыт Айтқұлова Б.Момышұлы ауылының Рысбек батыр көшесінің бойындағы «Береке», орталық базардағы «Қасым Фарм», «24 сағат», орталық аурухана маңындағы дәріханаларды аралап, дәрі-дәрмектердің бағасына, қолжетімділігіне, қызмет көрсету сапасына қоғамдық бақылау жасады.

Дәріханалардың алдында шілденің бірінші онкүндігінде орын алған ұзын-сонар кезекте тұрған адамдардың қарасы байқалмайды.
Бақылау барысында қоғамдық бақылау тобының мүшелері пандемия салдарынан елдің көп сұранатын «Дексаметазон», «Анаферон», «Эуфиллин», вирусқа қарсы «Ацикловир» т.б. дәрілердің дәріхана сөрелерінде бар екендігіне көз жеткізді.
Алайда, аудан тұрғындарының дәріханаларда аса қажетті дәрі-дәрмектердің жоқ болуына, негізсіз қымбаттауына байланысты шағымдары орынды екені баршамызға белгілі. Осы ретте, тұрғындардың іздеген дәрілерінің тапшылығын айтып, дабыл қағуының себебін бақылау барысында сұрастырғанда, дәріхана иелері бұл дәрілер бүгінде көп сұранысқа ие болғандықтан тез арада сатылып жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, дәріхана иелері дәрі-дәрмекті жеткізуші компаниялар тапсырыс аясында дәрілердің уақтылы жеткізілетіндігін айтты. Бақылау барысында дәрілердің шекті бағалары, яғни ацетилсалицил қышқылының бағасы 65 теңге, парацетамол (ересектерге арналған) 85 теңге екендігі анықталды.
Дәріхана сатушыларына тұрғындардың нысанға санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекпен бір-бірден кіру керектігін түсіндіріп, аталған санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін, дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне, негізсіз қымбаттауына жол бермеу керектігін, ал, тұрғындарға «кассалық чекті» талап ету қажеттілігі түсіндірілді.

айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close