Basty bet
…Әйел бір қолымен әлемді тербетеді
Газетке жас ұрпақтың кәдесіне жарарлық, тағылымды мақала жазуға арқау болатын жанды іздестірдік. Яғни, іздегеніміз – отбасының, әулетінің ғана емес, ауылдың келіндерінің енесі бола білген ана. Әрине, ол кісінің сөзіне ісі сай болса игі. Әйтпесе, мақала жүрекке жетпейді. Ондай жаны ізгі жандар ел ішінде көп, сондықтан ел арасында жүрген жандардан сұрастырдық. Сұрастыра келіп, кейіпкерімізді Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылынан таптық. Бірден телефон нөмірін алып, «ертең үйде болсаңыз, біз сізге арнайы барсақ» деп өтіндік. Әжей қарсы болмады. Ертеңіне түске таман әжейдің үйіне бардық. Барсақ, әже дастарқанын жайнатып жайып күтіп отыр екен. Бір жағынан қатты қысылдық. Бір жағы бұл әжейдің кісіге деген құрметі, көңілінің кеңдігі ғой. Риза болдық. Әжеймен танысып, бірден бұрыннан бір-бірімізді жақсы танитын жандардай әңгімелесіп кеттік. Сонымен бүгінгі мақаламыздың кейіпкері – Қоныскүл Мамекова.
Қоныскүл Жүндібайқызы 1952 жылы Қарабастау ауылында өмірге келген. Әжейдің әке-шешесі қарапайым шаруа болған. Әкесі Фин соғысына қатысыпты. Соғыстан контузия алған екен. Соғыстан кейін колхозда малшы болып еңбек етіпті.
Анасы Ұлмаш Қырықбайқызы 15 құрсақ көтеріпті. Алайда оның алтауы, яғни үш ұл, үш қызы тірі қалыпты.
Қоныскүл әже 1969 жылы Қарабастау ауылындағы Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепті тәмамдап, Тараздағы мәдени-ағарту училищесінде кітапханашылық оқуды сырттай оқиды. 1970-1973 жылдары ауылдық кітапханада кітапханашы болып еңбек жолын бастайды.
1971 жылы тұрмысқа шығады.
-Жолдасым Аманбай Ялыұлы Мойынқұмда байланысшы болып еңбек етті. Екеумізге тағдыр 10 жыл ғана бірге болуды жазыпты. 1981 жылы жолдасым өмірден озды. Ол кезде төрт қызымыз бар еді, кішкентай қызыма аяғым ауыр болатын. Содан бала-шағаммен 1988 жылға дейін Мойынқұмда тұрдым. Кейін балалар өсіп, мектепке бару керек болған соң ауылға әке-шешемнің үйіне көшіп келдік. Әке-шешем «Бес бала-шағамен қайда барасың? Осы үйде сен отыр» деп үйін бізге беріп, ұлдарын бөлек шығарды.
Ауылдағы орталық моншада меңгеруші болып жұмыс істедім. 55 жасымда бала жөнінен зейнетке шықтым. Қыздарды қатарға қосу үшін барлығын істедім. Жұмыс таңдаған жоқпын. Қиын күндердің барлығы артта қалды. Аллаға шүкір, қазір қыздарымның барлығы тұрмыста. Өздерінің кәсіптері бар. Бір-бір отбасының ұйытқысы болып отыр. Қыздарымнан 23 немерем, бес шөберем бар. Қыздарым Ғалия, Әлия, Гүлвира, Майра, Қырмызы бесеуі де өнерлі. Тігін тігу, шаштаразшы, бухгалтерлік, кәсіпкерлікті меңгерген. Ел қатарлы жұмыстарын да істеп, бала-шағаларын да тәрбиелеп, өсіріп отыр,- дейді Қоныскүл Жүндібайқызы. Әжеймен әрі қарай әңгімеміз жас ұрпақ тәрбиесі жайлы өрбіді.
-Бала тәрбиесіндегі ұстанымыңыз. Сіздіңше бүгінде қоғамда адамдардың бойында қандай қасиетттер жоғалып бара жатқан сияқты?
-Бала тәрбиесінде қыздарыма үнемі ешқашан өтірік айтпауды, үлкенді сыйлауды, үлкенге көмектесуді үзбей айтып отырамын.
Бүгінгі қоғамда адамдардың бойынан мейірімділік жоғалып бара жатыр.
-Ауылдың бүгінгі жағдайы қалай?
-Бұрын ауылда жұмыссыз адамдар болмайтын. Ауылдың үлкен-кішісін жұмысқа тартатын. Жастар қой қырқынға, мал төлдетуге жұмысқа шығатын. Қазір жұмыссыздар көп. Ауылда мал асырап, өз кәсібін ашып, жүргізіп отырған жастар да бар. Бірақ көп емес. Ауылда жастарды қалдыру үшін оларға жағдай жасау керек. Жастарға арналған бағдарлама көп. Алайда олардың іс жүзінде орындалу деңгейі төмен.
Ауылымызда Аллаға шүкір жастар арасында төбелесу, ұрлық жасау жағдайлары жоқ. Жаңашыл, мақсатшыл жастар баршылық.
Ауылдық мәдениет үйінің мамандары Салтанат пен Лала түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Мәселен, «Келіндер сыны», «Әжелер сыны» байқаулары өткізілді. Ауылдың әжелері осы іс-шаралардың басы-қасында болып, өзіміздің өмірлік тәжірибемізбен бөлісеміз. Одан басқа құлақ тесу, бесікке салу, абысын тату болса, киіз басу, қызым саған айтам, тағы да басқа тақырыптарда түрлі онлайн іс-шаралар ұйымдастырылды. Осындай жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосатын шаралар ауылдағы ағайынның жүрегінен орын алды.
-Қоныскүл әже енді есіме түскендей, шатаспасам Сіз 2014-2015 жылдары «Әжелер» байқауына қатысып, байқаудан жеңімпаз атанып, облыстық байқауға жолдама алғансыз. Облыстық байқауда да бас жүлдені иеленгенсіз. Ол туралы біз газетте сүйіншілеп мақала жазған болатынбыз. Сол байқауда мен әділқазылар алқасының құрамында едім. Біз Сіздің сөзге шешендігіңізге, тиянақтылығыңызға, өнеріңізге тәнті болған едік. Бұл Сіздің ішкі мәдениетіңіздің жоғарылығын көрсетеді.
Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Басыңыздан талай қиындықты өткізіпсіз. Қиналғанда өзіңізді өзіңіз қалай қамшылайсыз, қалай жолға қоясыз?
-Кітап оқимын. Тарихи кітаптарды көп оқимын. Кітап оқу арқылы өзімді-өзім тәрбиелеймін. Кітап – адамның ең бағалы досы.
Қиналған сәттерімде кітап көмекшім болды. Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», «Күре тамыр», тағы да басқа кітаптарды оқи отырып, өзімді-өзім қолға алдым. Жолдасым қайтыс болған соң өте қиын күндерді, сәттерді бастан өткіздім. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Бірақ бес бірдей перзентім бар. Мен ана ретінде балаларым үшін өмір сүруім керек. Өз-өзімді қамшылап, қолға алуым керек. Содан жиде теріп, нан пісіріп, саттым. Монша жағып, елді түсірдім. Бау-бақша егіп, елге қысқа банка жауып бердім. Қолыма жиденің тікені кіріп, көпке дейін қолым ауырып жүрген кездер де болды. Ешқашан босаңсымадым. Күнде «бүгін не істедім?», «неге үлгермей қалдым?», «ертең неден бастаймын?» деп өзіме есеп беріп, жоспар құрып отырамын. Шешілмейтін шаруа жоқ. Бәрін еңбекпен, сабырмен шешуге болады. Бірақ уақыт керек. Қазір ауылдағы келіндерге барынша ана ретінде ақылымды айтып отырамын. Ондағы мақсатым – олар біздің жіберген қателігімізді қайталамаса екен деген ой. Ауылдың келіндері оны жақсы түсінеді.
Сосын тоқыма тоқимын. Тоқыма адамды сабырлылыққа, төзімділікке, сонымен бірге сұлулыққа тәрбиелейді. Мен бір жолы тоқыған дүниемді екінші рет тоқымаймын. Екінші рет басқаша одан әдемі етіп тоқуға тырысамын. Сосын тазалықты жаным сүйеді. Гүл өсіргенді ұнатамын. Әрбір нәрсені талғаммен істегенді жақсы көрем. Оны ауылдағы келіндерге де үнемі айтып отырамын. Ысырапшылдықты жаным сүймейді. Тамақ пісіргенде де шамалап, дәмді етіп пісіруге үйретемін. Мәселен, бауырсақты пісірерде кішкентай етіп кес деймін. Себебі, үлкен етіп пісірсең, кейбір адамдар бір бауырсақты тауыспайды. Сол себептен кішкентай етіп пісірсең, жегенге де ыңғайлы.
Қазір өкінішке орай, ысырапшылдық өте көп. «Судың да сұрауы бар» деп текке айтылмаған.
Мен үзілген нанды ешқашан тастамаймын. Үзілген жерін кесіп, қайта жинап қоямын. Себебі, ол нан дастарқанға келгенше диқандар қаншама тер төгеді. «Ас атасы – нан» деген. Сүттің ыдысын жуғанда да оны жуып, жуындысын малға, итке беремін. Бұл бір жағы шыбын үймелемейді, яғни тазалық болса, екінші жағы обал. Тоқшылықтың да есебі бар. Сондықтан әр нәрсені талғаммен, үнеммен істеу керек.
-Сіз айтқан қасиеттер әрбір әйел затына керек.
Бүгінгі қоғамда жас отбасылар арасында ажырасу жағдайы көп орын алуда. Бұл мәселеге Сіз не айтар едіңіз?
-Әрбір отбасына сүйіспеншілікпен бірге ынтымақ, мейірім керек. Қазір көптеген жастар «мен осындаймын, көнсең көн, көнбесең, әне» деп менменсініп тұрады. Ол дұрыс емес. Адам өмір бойы жақсыдан үйренуі керек. Жақсы адамдардың сөзін, тірлігін үйренуі қажет. Қатып қалған ештеңе жоқ. Әркім өз өмірінің қожайыны. Барыңды, сол уақытты бағалай білуің керек. Өйткені өмір қамшының сабындай қысқа.
Өмір деген тақтайдай тегіс емес, ой-шұңқыры көп. Сондықтан отау құрған ерлі-зайыпты соның барлығын бірге еңсеруге дайын болуы керек. «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді» деген жақсы сөз бар. «Еркектің басын төрге сүйрейтін де, көрге сүйрейтін де әйел». Сабырлы, кешірімді, ақылды әйел өз отбасының ғана емес, әулетінің, елдің анасы бола алады. Шектен шыққан еркек болмаса, әйеліне иланбайтын еркек болмайды. Бәріне уақыт керек. Ер адам ашуланғанда әйел сабыр сақтауы тиіс. Ашуланып тұрғанда ештеңе шешілмейді. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деген. Қазір көптеген әйелдер менменсініп өзін ерінен жоғары бағалайды. Бұл дұрыс емес. Мал таппайтын еркек болмайды, оны құрап, ұқсататын әйел.
Қоғамда орын алып жатқан көптеген мәселелер қыз балаға, әйелге байланысты. Қыз бала өзін сыйлата білсе, өзгені де сыйлай білсе, яғни ақылымен, нәзіктігімен, ар-ұятымен, қылығымен, тірлігімен, сыйлата білсе, ер азамат та, қоғам да түзеледі. «Әйел бір қолыммен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз осыны меңзейді.
Қысқасы әйелдің сыртқы сұлулығы ішкі сұлулығына сай болуы керек. Адам ешкімге еліктемеуі керек. Әркімнің өзіне тән келбеті болады. Соған сай жарасымды, таза киініп, ішкі жан дүниесін таза ұстай білуі тиіс.
Қызғаныш деген – ауру. Көре алмаушылық – қасірет. Бойыңды осындай лас қасиеттерден аулақ ұстау керек.
Жалпы қазақ әйелі, қазақ қызы туралы жақсы сөздер, жақсы өлеңдер көп. Себебі, қазақ қызы, қазақ әйелі соған лайық болған. Кейбіреулер болмаса қазір де солай. Әрдайым солай болуы керек. Қазақ әйелі не көрмеді?! Баланы дүниеге әкеліп, оны тәрбиелеп, өсірудің өзі қаншама пейнет. Әйелдің тауқыметі шаш етектен. Әйелдің шаруасын тауыққа жем қылып шашсаң, жеп тауси алмайды. Бірақ қазақ әйелі соның барлығын үндеместен, ешкімге міндетсінбей атқарып келеді. Сондықтан әйелді де бағалап, құрметтеу керек. Сонда ғана өмірде әдемі үйлесім болады.
Бірде Батыр атамыз Бауыржан Момышұлынан:
-Бауке, айтыңызшы, жер бетінде ең батыр адам кім?-деп сұрапты.
Сонда Батыр атамыз ойланбастан:
-Жер бетіндегі батыр адам… ол қыз,- депті. Оның мәнісін сұрағанда былай деп жауап беріпті:
– Мен қанша батыр болсам да, бөтен танымайтын елде бір сағат та тұрғым келмей қашамын.
-Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады. Қаймықпастан сол елдің ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді- деген екен.
Жас отбасының шаңырағының шайқалмауына ең бірінші ата-ананың берген тәрбиесінің рөлі зор. Ананың тәрбиесі, сосын ененің тәрбиесі. Енеге жас келінді өз отбасына лайықтап тәрбиелеп алу үшін төрт-бес жыл керек. Келін де өз отбасын жоғары қоюы керек. Отбасы болған соң еңбек етіп тапқан айлығыңа бала-шағаңа ең бірінші тамақ алу керек. «Көрпеңе қарай көсіл» демекші, қанағат керек. Қысқасы, жас отбасылардың тату-тәтті өміріне аналардың үлесі көп.
Бірін-бірі бағалай білуі қажет.
Маскүнемдік, нашақорлықтың құрбаны болып жатқан отбасылар да бар. Тұрақсыздық пен көрсеқызарлықтан ажарысып жатқан отбасылар да бар. Есеппен отау құратындар да көп. Осындай үлкендердің көптеген іс-әрекетінің кесірінен қанашама балалар тірі жетім болып отыр. Бұл қоғамның ең үлкен проблемаларының бірі. Мұнымен қоғам болып күресуіміз керек.
-Қазір отбасында ер азаматтың, әкенің рөлін көтеру туралы пікірлер айтылуда. Бұл мәселе туралы не айтар едіңіз?
-Отбасында әйел балаларды әкесіне ешқашан қарсы қоймай, әкесінің сыртынан балалардың көзінше жаман сөз сөйлемеу керек.
Ер азамат принципшіл болуы керек. Отбасын басқара алатындай мінез, ақыл керек. Оның бәрі қарапайым іс-әрекеттерден басталады. Дастарқан басында бірге отырып ас ішудің өзі үлкен тәрбие. Отбасында ер азаматқа жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр. Отбасына қамқор, үлгі бола білген әкелердің рөлі қашан да жоғары.
Бұрын ауылдарда ауылдағы бар отбасының жағдайын біліп отыратын қариялар болатын. Ауылдың шетіне ауру келсе, көп болып көмектескен. Ауылдағы қыздардың, келіндердің тәрбиесін қадағалап отыратын аналар болған. Қазір де осы ұлттық тәрбиені, үрдісті қолға алуымыз керек. Сөзімізге тоқтата білетіндей қариялық қадір-қасиетіміз болуы қажет.
– Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар…
-Өте орынды айтылған мақал. Адам аузын жақсы сөзге үйретуі керек. Адамның аузынан шыққан әрбір сөзін періштелер аумин деп тұрады дейді. «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» демекші, бір ауыз сөзге көңілің семіріп, медет тұтып, бір ауыз сөзден көңілің су сепкендей басылып, қалып қояды. Бір ауыз сөздің құдіретін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Алайда жақсы сөз кез келген адамнан шықпайды. Жақсы сөз жақсы адамнан шығады.
Кейбір жасы келген адам кінәмшіл, ашуланғыш келеді. Бұл әрине дұрыс емес. Үлкендер, біздер азды-көпті өмір сүрдік. Сондықтан біз жастарға өкпе қалдырмауымыз керек. Дұрыс емес ісін қарғамай, дұрысын айтып, дұрыс тәрбие беруіміз керек. Кейбір үлкен кісілер болмашы нәрсеге бола қарғап жатады. Естіп тұрып жаның түршігеді. Үлкен болып көрсеткен үлгіміз бұл болса, кішілер қайтіп сыйласын. Сондықтан жақсы сөзімізді, жақсы ісімізді бір-бірімізден аямауымыз керек.
– Сыйластықтың сыры неде?
-Адам көп нәрсені тереңінен ойлай бермейді ғой. Әйел ретінде айтар болсам, үйге келген кісіге бір кесе қара шәй берсең де ашық қабағыңмен берудің өзі адамның адамгершілігін, тәрбиесін көрсетеді. Сыйластық осындай қарапайым дүниелерден басталады.
Сыйластық – ата-анаңның, бауырларыңның, отбасыңның, ағайынның, көңіл қимас досыңның көңіліне сызат түсірмеу. Ол үшін ең бастысы ниетің, пейілің түзу болуы керек.
Өмірде кісіге істеген жақсылығың да, жамандығың да алдыңнан шығады. Анамның «ешқашан жоқ деме, бергің келмесе, өзіме керек деп айт» дейтін сөзі үнемі жадымда тұрады.
Сыйлы болу үшін айналаңа сый-құрметіңді өткізе білу керек. «Өзі жақсы кісіге қашанда бір кісілік орын бар» деген.
-Қоныскүл әже, мәнді де мағыналы әңгімеңіз үшін үлкен рақмет! Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ болсын! Ұрпақтарыңыздың қуанышына бөлене беріңіз!
Сұқбаттасқан
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»