Basty bet
Дайындық – жоспарға сай
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының 2019 жылдың 11 наурызындағы №115 бұйрығына сәйкес меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарында оқу сабақтары 2019 жылдың 25 мамыр күні аяқталды.
2018-2019 оқу жылын ауданның 40 мектебінен 11 206 оқушы аяқтады. Соның ішінде 9 сыныпты 935 оқушы, 11 сыныпты 791 оқушы бітіреді. 9 және 11 сынып бітірушілері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы 1 ақпандағы №53 бұйрығына сәйкес қорытынды аттестаттаудан өткізіледі. 9 сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2019 жылдың 27 мамыр – 6 маусым, ал 11 сынып білім алушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары 2019 жылғы 28 мамыр – 7 маусым аралығында өткізіледі. Бір немесе екі пәннен қанағаттанғысыз баға алған 9 және 11 сыныптардың білім алушылары мектепте тиісті оқу пәндері бойынша емтихан түріндегі қайта қорытынды аттестаттаудан өтуге жіберіледі.
Білім алушыларды қайта қорытынды аттестаттау 2019 жылғы 10-30 маусым аралығында өткізіледі. Бітіру емтихандары аяқталған соң 2019 жылдың 12 маусым күні 9 сынып білім алушыларына негізгі орта білім туралы және 11 сынып білім алушыларына жалпы орта білім туралы аттестат табысталады. Аттестат табыстау рәсімі тек мектеп қабырғасында өткізілуі тиіс.
Білім алушыларды алда үлкен сынақ күтуде, ол – Ұлттық бірыңғай тестілеу. ҰБТ ҚР Білім және ғылым министрінің 30.11.2018 жылғы «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы» №658 бұйрығына сәйкес жылына төрт мәрте өткізіледі. Оның үшеуі ақылы.
2019 жылдың қаңтар, наурыз, тамыз айында ақылы оқуға түсуге мүмкіндік берілсе, маусым айындағы тестілеу негізінде мемлекеттік грантқа оқуға түсуге мүмкіндік бар. Үшінші кезеңге 2019 жылдың сәуір айының 1-і мен 10 мамыр аралығында мектеп бітірушілерден ҰБТ-ге қатысуға өтініштер қабылданды. Нәтижесінде ҰБТ қатысуға 756 (95,6%) білім алушы ниет білдіріп отыр. Бұл маусым айында өткізілетін ҰБТ мемлекеттік грант негізінде оқуға түсуге мүмкіндік береді.
Білім бөлімінен 2018-2019 оқу жылына ҰБТ дайындыққа қадамдық іс-қимыл жоспары құрылған. Жоспарға сәйкес ҰБТ дайындық жұмыстары жүргізілуде. Дайындық жұмыстары барысында өтініш білдірген білім алушылардан сынама тест жұмыстары алынды. Және де алдағы уақытта да сынама тест жұмыстарын алу жоспарлануда.
Мәжит Айжанов,
аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы