Basty bet
Қателік өзімнен кетті…
Қазақ деген жайбарақат, сөзді жүре тыңдайтын халық екенімізді жасыра алмаймыз. Әйтпесе үкімет елдегі жағдайға байланысты сақтық шараларын қатаң сақтау керек екенін айтудай-ақ айтты.
Мен бүгін 21-ші күн облыстық ауруханада ем қабылдап жатырмын. Бүгін Алла қаласа, шығамын деп үміттеніп отырмын.
Бұл індетпен ауруыма өзім кінәлі болдым. Қателік өзімен кетті.
Құда қайтыс болды, құдағи қайтыс болды. Сол баяғы «ұят болады!» деген түсінікпен құдаларыма көңіл айтуға бардым. Түбінде ауруыма себеп осы жағдайлар болды. Ауырған кездегі жағдайымды айтып жеткізе алмаймын, тіпті есімнен танып қалыппын. Аудандық аурухананың дәрігерлері күніне жедел жәрдеммен үш-төрт рет келіпті. Мен оны да білмеймін.
Жағдайымды байқаған олар жедел шешім қабылдап, мені қаладағы облыстық балалар бөліміне жеткізіпті. Аурухананың неврология бөлімінде жеті күн ес-түссіз жаттым. Сосын өз-өзіме жайлап келген соң, облыстық ауруханаға ауыстырды. Асқа жеті күннен кейін ғана іліктім. Бірінші Алланың сәтін салып, қолдауының , екінші ақ халатты абзал жандардың еңбегінің арқасында аман қалдым.
Менің айтпағым – бұл жай қарайтын ауру емес екен. Сондықтан қымбатты ел-жұртым, жерлестерім! Үкіметтің айтқанын жүре тыңдамайық, сақтық шараларын қатаң сақтайық, тәртіпке бағынайық! Бұл індетті осылай ғана жеңеміз.
Денсаулықтан, отбасыңның, ел-жұрттың амандығынан артық байлық жоқ.
Ауруханада жатып ойыма шын жүректен шыққан мынадай бата оралды:
Қазақтың ақ халатты абзал жандары!
Шырақтарың жанып тұрсын,
Бұлақтарың ағып тұрсын!
Мың бір пәледен,
Жүз бір кесепаттан,
Әлемді шарлаған індеттен,
Қаһарман қазақ ұлтын Алла тағала қағып тұрсын!
Әмин!
Аманжол қажы Дүрәліұлы,
«Ақментей» ҚБ төрағасы.
Ауданның Құрметті азаматы